Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі 700-ден аса іс-шара өткізді

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин басталғаннан бері кеңсе ұйымдастырған іс-шараларға 300 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі 700-ден аса іс-шара өткізді

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өзінің үш жылдық жұмысын қорытындылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада іске асырылып жатқан барлық іс-шаралардың негізін жеке тұлғаның дамуы, ұлттық бірегейлік пен халықаралық ұстаным, мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан алты басты қағида: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, білім культі, сананың ашықтығы құрайды.

2017-2020 жылдары 3 миллионнан астам адамды қамтитын 718 іс-шара өткізілді (онлайн оқыту, мастер класстар). Елбасының бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттары бойынша жұмысты үйлестіру мақсатында елордада халықты кеңінен тартуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыратын «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылды.

2019 жылы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің базасында «Рухани жаңғыру» білім беру орталығы құрылды. Онда бағдарламаның негізгі бағыттары бойынша қазақстандық профессорлар мен қоғам қайраткерлері тегін дәрістер өткізеді.

Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында 2018 жылдың 3 қаңтарынан бастап сарапшылық кеңес бекітілді. Оған шығармашылық және ғылыми интеллигенция, жоғары оқу орындары, саяси партиялар, қоғам қайраткерлері өкілдерінен 33 сарапшы қатысады.

27 сәуірде Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Нұрлан Күнтуовпен онлайн-сұхбат өткізді. Кездесу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2020 жылға арналған жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар үш жыл ішіндегі жұмыс нәтижелері және карантин кезінде жүргізілетін жұмыстар айтылды.

Айта кету керек, карантин басталғаннан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырған онлайн іс-шараларға 300 мыңнан астам адам қатысты.

2017 жылдың 12 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрді. Бүгінгі таңда жобалық кеңсе бағдарламалық мақаланың 6 негізгі бағыты бойынша 13 арнайы жобаны іске асыруда.