Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Қызылорда: Ауыл тұрғындары жерлестеріне баспана алып берді

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылының тұрғындары үйі өртеніп кеткен жерлестеріне жаңа баспана сатып алып берді.

Қызылорда: Ауыл тұрғындары жерлестеріне баспана алып берді

Төменарықтағы өрт оқиғасы осыдан 3 күн бұрын болған. Өрт сөндірушілер электр жүйесінің тұйықталуынан басталған жалынды сөндіргенмен үй жарамсыз күйге түскен болатын. Баспанадағы барлық мүлік пен құжаттар да жанып кеткен.

Осы үйдің тұрғыны Мырзабек Жиенбаевтың сыныптас достары және ауылдастары екі күннің ішінде алыс-жақындағы ағайыннан 4 млн теңгеден аса қаржы жинапты. Оған елді мекендегі жаңа үйлердің бірі сатып алынды. Қаржының қалғаны отбасының өзге қажеттілігіне жаратылады.

Бұл игілікті іске ауыл әкімі Нұркен Қошқарбеков, аудандық мәслихат депутаты Нарымбет Көлжанов және өзге де белсенді азаматтар ұйытқы болды.