Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Нұр-Сұлтанда ШОБ өкілдері көлік қозғалысына өтінімді онлайн береді

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы шағын және орта бизнес өкілдері үшін Нұр-Сұлтан қаласында автокөлік қозғалысына рұқсат алу қызметін автоматтандырды. Бұл қызмет Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне кіретін шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолжетімді.

Нұр-Сұлтанда ШОБ өкілдері көлік қозғалысына өтінімді онлайн береді

«Өтінімді msb.iqala.kz порталына компьютер немесе ноутбук арқылы ғана бере аласыз. Заңды тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасы қажет. Сондай-ақ мынадай минималды мәліметтер жиынтығы қажет: ұйымның бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН), жүргізушінің / жолаушының ЖСН-ы, автокөліктің тіркеу нөмірі, байланыс телефоны мен электронды пошта және қозғалыс мақсаты», – делінген хабарламада.

Портал арқылы бір компания үш өтінімге дейін бере алады. Олардың әрқайсында төрт автокөліктен көп емес және әр автокөліке он қызметкерге дейін мәлімет беруге болады.

Өтініштер қалалық жедел штабта қаралып, «Сергек» жүйесіне жіберіледі. «Сергек» жүйесінен өңдеуге қатысты рұқсат алғаннан кейін өтініш берушінің электронды поштасына өтінішті қарау нәтижелері туралы хабарлама жіберіледі.

«iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету және автоматтандыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда iqala.kz порталында Нұр-Сұлтан қаласының түрлі ұйымдарының жеке және заңды тұлғаларына арналған 129 қызмет түрі қолжетімді.