Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

ТЖ жарияланғаннан бері елордалық 154 тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азаматтардың қауіпсіздігі үшін карантин кезеңінде елордалық жұмыспен қамту орталығының барлық мемлекеттік қызметтері eGov.kz порталы, call-орталық, электронды пошта және ұялы байланыс құралдары арқылы онлайн режимде көрсетіледі деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

ТЖ жарияланғаннан бері елордалық 154 тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды

Елорда билігі қала тұрғындарын жұмысқа орнатастыру бойынша кешенді шаралар қабылдады.

Жұмыс іздеп жүрген азаматтар онлайн-кеңес ала алады. Сall-орталық нөмірлері орталықтың www.cz.astana.kz ресми сайтында қол жетімді. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар «жастар тәжірибесі», «әлеуметтік жұмыс орны», «қоғамдық жұмыстар» бағдарламаларына қатысуды ұсынады.

Сонымен қатар, жұмыс берушілермен «Электронды еңбек биржасы» интернет-порталында, жеке кабинет арқылы бос жұмыс орындарын жинау және бос жұмыс орындарын толтыру бойынша белсенді жұмыс жүруде. ЭЕБ «Жұмыс» www.enbek.kz порталы үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. Ол үшін тіркеліп, өзіңіздің жеке кабинетіңізді құрып, түйіндемеңізді орналастыруыңыз керек.

ТЖ енгізілген сәттен бастап 335 азаматқа жұмысқа орналастыру бойынша шаралар көрсетілді. Оның ішінде 154 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесінен өтуге 29 адам жіберілді (жыл басынан бері 194), 143 адам «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасына қатысты (жыл басынан бері 995), «Әлеуметтік жұмыс» орындарына 9 адам жұмысқа орналастырылды (жыл басынан бері 61 адам). 2020 жылдың басынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант бөлу жөніндегі Комиссиямен 59 грант мақұлданып, оның 47-сі берілді.