
Қызылорда қаласында мектеп оқушылары облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полиция бөлімшесінің ұйымдастыруымен ЗК-169/1 уақытша ұстау абақтысына экскурсияда болып қайтты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат, жастар мен жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады» дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Манарбек Есжанов. Оның айтуынша, осындай профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстар біршама азайған. Бүгінгі өткізіліп шарада балалар қылмыскерлер ұсталатын абақтыны көргенде қылмыс жасаудың жат қылық екенін ұғынатын болады, дейді мамандар.
«Нақты мәліметтерге сүйенер болсақ, 2013 жылдың 8 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар -2,9 пайызға (102-ден 99-ға) азайған. Қылмысқа қатысқан кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында оқушылар саны -48,6 пайызға (107-ден 55-ке) төмендеді», - делінген хабарламада.
Есепті мерзімде ішкі істер органдарына құқық бұзған 2601 жасөспірім жеткізіліп, олардың 191-і қаңғыбастықпен айналысқаны үшін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылса, 29-ы алкоголь ішімдігін ішіп, қоғамдық орындарда жүргені үшін ұсталды. Облыс көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алуда мүдделі органдармен бірлесе отырып «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жазғы демалыс» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Іс-шаралар барысында прокуратура, білім, балалардың құқығын қорғау басқармалармен және Нұр Отан жастар қанаты өкілдерімен бірлесіп, ойын-сауық орындарында және магазиндерге рейдтер ұйымдастырылды.
Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 34 кәсіпкерге кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатқан 32 сатушыға, алкоголь өнімдерін сатқан 33 сатушыға әкімшілік шаралар көрілді.
Қазіргі таңда облыс көлемінде ішкі істер органдарында 347 кәмелетке толмаған, 301 қолайсыз отбасы есепте тұрады. Оларды үнемі тұрғылықты мекен-жайларынан тексеріліп, профилактикалық әңгімелер жүргізілуде.
Құрыш Нұрымбет.