Қоғам • 30 Сәуір, 2020

«Азаматтарға арналған үкімет» ұжымы сын сағаттарда ауызбіршілігін көрсетіп отыр

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықтың төзімі мен сабырын сынаған күндерде бірлігін де, тірлігін де көрсетіп, бір үйдің баласындай жұмыс істеп жатқан ұйымдар бар. Елімізде талай саланың жылдар бойы іркілмеген жұмысы төтенше жағдай кезінде толас тапқанда, тынымсыз халыққа онлайн режимде ауызбіршілікпен қызмет көрсетіп жатқан мекеменің бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы ұжымы болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» ұжымы сын сағаттарда ауызбіршілігін көрсетіп отыр

Ұжымда жұмыс істейтін қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, дүңген, неміс, кәріс ұлтының өкілдері жұмылып, тату-тәтті  еңбек етіп отыр. «Береке бастауы бірлік, ұжымдағы тату тірлік» қағидасын ұстанған филиал мамандары, қазіргі қиын кезеңде де бір-біріне қолдау білдіріп, қиындықты бірлесе еңсеруге күш салуда. Карантин кезінде қашықтықтан, бір-бірінен оқшау жұмыс істегенімен, тілегі мен ниеті бір екендігін бейнетаспаға жазып жеткізіп жатады.

Мәселен, Әуезов аудандық фронт-офисінің маманы, І топтағы мүгедек, орыс ұлтының өкілі Лариса Козина: «Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан өз халқының шынайы достығын қамтамасыз етіп келеді. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етіп отыр. Мен де осынау Отанымның бір бөлшегі ретінде өз орнымды тауып,еңбек етіп жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Қолдау көрсетіп отырған ұжымыма алғыс білдіремін» десе, Жетісу фронт-офисінде еңбек ететін түрік ұлтының өкілі Бешли оглы Тюркан Мамедқызы да еліне, ұжымына деген алғыс сезімін былай жеткізеді.

«Ең бастысы елімізде – ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын басталуына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатыр. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысып жатқанымызға қуанамын. Бұл орайда өзім еңбек ететін ұжымымды ерекше мақтан тұтатынымды, барлық жағдайда бірге екендігімізді жеткізгім келеді», – дейді.

Ал филиалдың фронт-офистерінің бірінде еңбек ететін ұйғыр ұлтының өкілі Назугум Шардинова: «Республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бірлік мерекесімен құттықтаймын! Ең бастысы, ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай», – дейді. 

Жетісу аудандық фронт-офисінде еңбек ететін дүңген ұлтының өкілі Марина Рахымбаева, Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы достыққа сызат түспесе екен деп тілеймін дейді. «Біз бір Отанда өмір сүріп, бір жердің суын ішіп, ауасын бірге жұтып жүргендіктен – тағдырымыз бір бауырлармыз. Қазіргідей ауыр күндер, біздердің бір-бірімізге деген достық сезімімізді одан әрі жақындастыра түсуде. Мен ұжымдастарыма «Біз бәріміз біргеміз!» дей отырып, жүрекжарды лебізін жеткізеді.

3

Бостандық фронт-офисінде көп жылдан бері еңбек ететін украин қызы Ирина Кухарская да Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, өз сезімін былайша жеткізеді: «Қазіргі уақытта Қазақстан бүкіл әлем сияқты күрделі кезеңді бастан кешуде. Бірлігі жарасқан көпұлтты Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсереміз! Өйткені біз біргеміз!»

«Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл халқымыз, бұл қиындықты да еңсерері сөзсіз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осындай ел басына  күн туған сын сағаттарда бірлігін де, тірлігін де көрсетіп отыр», – дейді Алматы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.