Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ
Қайырлы атамекеніміз Алаш жұртына алмағайып әр дәуірде тұрақтаған басқа атаның балалары да ең алдымен осы ынтымақ қасиетін қастерлеу керегін таныды. Әртүрлі халықтың бір шаңырақ астына жиналуы олардың бір-біріне деген ілтипаты мен ізгілігін оятты. Бір-бірін бауырына тарту арқылы олар ортақ мүддеге жұмылды, бірлесіп елдіктің еңселі туын көтерді.
Адам баласының арасындағы таныстықтың туыстыққа айналуы Алаш ішінде бұлжымас дәстүр саналады.
Бүгінде егемен еліміздің ен байтақ шекарасында бас құраған бірнеше ұлттың бір шаңырақ астына жиналуының мәні де осынау дәстүр сабақтастығын еске түсіреді. Болашақ мәңгі елді мақсат тұтқан бұл мұрат бізге сонау бағзыдан үн қатқан бітік тастардың бетіндегі киелі жазулармен жетті.
Кеше бізді көк түрік туының астына тұтастырып, берекелі бірліктің байрағын көтерткен де осынау ырысты ынтымақ болатын.
Тарлан тарихқа көз жүгіртіп, сонау көшпелі тайпалардың көне жазбаларынан жеткен жәдігерлерге үңілсек, табғаштар айдап салған тоғыз оғызды Тоғыла жазығында тас талқан еткен Тоныкөк қағанның: «Кімде-кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Өтүкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз», деген сөзі жадымызда жаңғырып сала береді.
Біздің бұл бейбіт күндегі бірлікті бағдар еткен игі қадамымыздың түп-тамыры осынау көне тарихтың көмбесіне барып тіреледі.
Үш жүздің басын қосқан атақты Абылай ханның оң тізесін басқан Бұқар абыздың «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұл үйректей болыңыз» деп топтанып ұшқан адал құстың өзінен татулық белгісін көретінін ойлаңыз. Тозған қазды топтанған қарға алатынын меңзеп, тәмсілін «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз», деп түйеді.
Қазақтың құтты қонысында татулық бесігін тербеткен жүздеген ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігіне осынау тәлімгер тарихтың алтын беттері куә.
Бізді біріктірген – жекелеген тағдырлардың тоғысы. Қазақтың кеңпейіл құшағы мен ырысы ортаймаған көпшіл несібесі бізді бір шаңырақ астына жинады. Бізді басқа ұлттармен біріктірген – ауыр қасіреттер мен салтанатты оқиғалар шежіресі.
Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы – Алашты пана тұтқан басқа ұлт өкілдерін ғана емес, адамзатты әлдилеген бейбітшілік бесігін көз алдыңызға әкеледі.
Бүгінде әлемді әбігерге салған дауасыз дерттің қыспағына түскен кезде де еліміздің осы берік ынтымағы өз нәтижесін көрсетті.
Мемлекет басшысының мінберден айтылған «Біз біргеміз!» деген сөзі қалың бұқараны қатерлі апаттан арашалап тұр.
Ұлы кемеңгер, хакім Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», деген сөзі адамзатқа ортақ құндылықтың қайнарын көрсетеді.
Иә, біз ежелден біргеміз!
Біздің ақыл-парасатымыз, пейіл-ниетіміз бірге!