Сіздерді Пасха мейрамымен шын жүректен құттықтаймын, делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Бұл – махаббат пен мейірім, түсіністік пен кешірім тәрізді адами асыл қасиеттерді паш ететін жарқын мереке.
Көп ұлттың және әрқилы конфессияның өкілдері мекен еткен Қазақстанда дінаралық өзара сыйластықтың игі дәстүрлері орнықты. Бұл біздің халқымыздың кеңпейілділігі мен кемеңгерлігінің арқасында, сонымен бірге мемлекетіміздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, түрлі діни конфессиялар мен мемлекеттер арасындағы жемісті үнқатысуды қолдауға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде мүмкін болды.
Бүгінде елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнап отыр. Біз болашаққа батыл көз тігіп, гүлдену мен өркендеу үстіндегі жасампаз Қазақстанды құрудамыз. Бізде мешіттер мен шіркеулер, костелдер мен синагогалар қатар бой көтеруде. Елордамыз әлемдік діндердің диалогы өтетін танымал орталыққа айналды. Жақында Астанада Орталық Азиядағы ең ірі кафедралды собор ашылды. Оның ашылу салтанатына өзінің Қазақстанға жасаған бірінші сапары барысында Мәскеу және күллі Ресей Патриархы Кирилл келіп қатысты.
Бұл күн біздің әр шаңырағымызға жарқын үміт пен шынайы шаттық әкеледі, делінген одан әрі Елбасы құттықтауында. Бұл тек туған-туысқа ғана емес, қайырым мен көмекке мұқтаж жанның баршасына қамқорлық көрсетіп, мейір-шапағат төгетін мезгіл. Ендеше бір-бірімізге мейірімді де қайырымды болайық! Әрқайсымыздың жүрегіміздегі, отбасымыздағы, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасындағы бейбітшілік пен келісімді одан әрі де нығайта түсейік!
Баршаңызға, қымбатты менің отандастарым, бақыт пен денсаулық, игілік пен береке тілеймін, деп аяқтайды Мемлекет басшысы өзінің құттықтауын.