Әлем • 03 Мамыр, 2020

Әлем халықтары тілін тазалап жатыр

655 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірер айдан бері қазақтың тілі бөтен тілмен былғанса, айыппұл салу қажеттілігі біздің елде де көтеріліп жатыр. Бұған да шүкір  дейміз. Ендігі тілек, тиісті орындар осы мәселе заңдастырылар кезде қалғып кетпеуін тілейік. Себебі алыс-жақын көршілеріміздің бәрі ана тілін тазалауға әлдеқашан кірісіп кеткен.

Әлем халықтары тілін тазалап жатыр

Осыдан бірер жыл бұрын  Ресей зиялылары «тіліміз бөтен сөзбен былғанып бара жатыр» деп билігіне наз айтып, «орыс сөздерін шет тіліндегі сөздермен алмастырып жазатын жазушыларды, мұғалімдерді және журналистерді жазалайтын, болмаса оларға айыппұл салатын жаңа заң қабылдайық» деп үндеу тастаған болатын.

Ресейдің Мемлекеттік думасының орыс зиялыларының айтқанына құлақ түргені белгілі болды.

Думаның Мәдениет және тіл комитеті мемлекеттік, қоғамдық орындарда орыс тілін бұзып сөйлейтіндердің, орыс тіліне шет тілін араластыра сөйлейтіндердің Заңмен жазалау туралы Заңмен бекітетінін айтып жатыр.  Бұл шешімге құлақ аспағандарға 2 мыңнан 50 мың рубльге дейін айыппұл салынады.

Мұндай шешім қабылдауға ниет танытқандардың алғашқысы да, соңғысы да біз емеспіз. Француздар осыдан жеті жыл бұрын ана тілінде ағылшындық бояудың басым болып бара жатқанына алаңдап, бұған заңмен шектеу қойды. РФ билігі өкілдері әлемнің барлық тілдерін құрметтейтінін, Пушкин мен Толстой сөйлеген Ұлы орыс тіліне деген құрмететерінің шексіз екенін айтып жатыр. Сондықтан ресейліктер қасиетті тілінің еөз алдарында шұбарланып, құрдымға кетуіне жол бере алмаймыз деген ниетіне әлем түсіністікпен қарап отыр.  

Көрші ел бұл шешімді орындауда эволюциялық жолды таңдап алған тәрізді.   Және дайындықпен келді бұл шешімге. Себебі осыдан бес-алты жыл бұрын Ресей жеріндегі еңбек мигранттарынан орыс тілінен емтихан алу туралы шешімді заңдастырды. Жобаға сәйкес, мигрант орыс тілін білу деңгейін дәлелдеу үшін 1991 жылға дейінгі кезеңде алған орта немесе арнайы білімі жайлы аттестатын, жоғары оқу орнын тәмамдағаны жайлы дипломын көрсетуі тиіс. Егер осы екеуінің ешбірі де болмаса, орыс тілі бойынша мемлекеттік сынақтан өткені жайлы сертификат ұсынуы керек.

Жыл басында Өзбекстанда шетелде жұмыс істегісі келетін мигранттарды алдын –ала дайындауы курстары ашылғанын жазғанбыз. Мысалы, барып жұмыс істегісі келетін мигрант орыс тілін, Қытайға барып жұмыс істегісі келетіндер қытай тілінің әліппесімен елінде танысуы керек.  

Көрші елге қарап көш түзеген аса жақсы қасиет емес. Бірақ көкейге қонатынын қаперге ала жүрген жақсы. Себебі Әзімбай Ғали осыған дейін журналистермен кездескен кезде Қазақстандағы мигранттар орыс тілді аудиторияның қатарын толықтыратынын, бұл ана тіліміздің қолданыс аясын одан сайын шектейтінін айтқан. Қазақстанда орыс тілді аудиторияның ана тілімізге қысым жасауы қауіптің басы.

Осы ретте Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін мигранттарды қазақ тілінде сөйлеуге міндеттейтін бапты бізде де қолданатын кез келген сияқты. Абайшаласақ, «Бөтен тілмен былғанса сөз арасы, ол адамның білімсіз бейшарасы»  екенін қазақ үкіметіне ұғынатын кез келіп жетті...

Карантиннен оқшауланған әлем тек туған еліңде ғана, туған шаңырағыңда ғана тыныстай алатыныңды көрсетті. Әлем халқы демін де ана тілімен тыныстауға бет алып жатыр. Қамсыз жүрген біз ғана...  

Соңғы жаңалықтар