Ресеймен шекаралас аймақта қазақстандық шекарашылар жылқыларды заңсыз айдап өтудің жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ-ның баспасөз қызметі.
Ресеймен шекаралас аймақта қазақстандық шекарашылар жылқыларды заңсыз айдап өтудің жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ-ның баспасөз қызметі.
Бұдан бір күн бұрын шекара отрядына Ресей Федерациясындағы әріптестерден 100 бас жылқының ұрланғандығы туралы ақпарат келіп түскен-ді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік шекарадан 40 шақырым жерде орналасқан Новопесчаное (РФ) елді мекені маңында белгісіз адамдар бақташылардың қол-аяғын байлап, бой тасалағандығы белгілі болатын.
Алдын-ала деректер бойынша, жылқы ұрлаушылардың мақсаты ірі қараны Қазақстан Республикасының аумағына айдап өту болған.
Қазақстан мен Ресей шекара ведомстволары арасындағы өзара ынтымақтастық келісімі негізінде оқиға болған аумаққа Павлодар шекара отрядының «Жетісу», «Арлан» заставаларының үш бірдей шекара наряды жіберілді.
Іздестіру шаралары барысында тосқауылдар қойылып, Екатеринославка, Галицкое, Сосновка секілді елді мекендерде қазақстандық шекарашылар қызметтік иттердің көмегімен жұмыс істеді.
Көп ұзамай нәтижесі де көрінді – 80-ге жуық жылқы мемлекеттік шекарадан 50-60 шақырым жердегі Сосновка (Қазақстан) елдімекенінің маңайынан табылды, оларды құрамында «Жетісу» шекара заставасының бастығы аға лейтенант Азамат Сайранбаев, аға техник Аманкелді Найманов, ефрейтор Жәнібек Сыздықовтан құралған топ анықтады.
Қазіргі уақытта, жылқыларды заңды иелеріне қайтару мақсатында ресейлік әріптестермен кездесу шарасын өткізу жоспарлануда.