Сондай ерекше жағдайдың бірі 5-6 жастағы бала кезімде орын алғаны есіме түсіп отыр. Бұл сонау алпысыншы жылдардың бас кезі еді. Кеңестік кезеңде балалар немістер мен кеңестіктер болып екіге жарылып «соғысып» ойнағанды жақсы көретін бұған сол кездегі қызыл идеологияның әсері, ешкімнен жеңілмейтін кеңес армиясын мадақтаған фильмдер де әсер еткені кәміл. Бұл соғыс ойыны ауыл шетіндегі мал қамайтын Г әрпі пішіндес ұзын баз-қораның ішінде жүргізілді. Мезгіл жаздың бел ортасы. Күн өте ыстық. Көлеңке қуып барған жеріміз баз болды. Ойынның шарты мен тәртібі бойынша «тұтқынға» түсіп қалдым. Содан соң қарсы жақтастар аяқ-қолымды бағанаға мұқият байлап тастады. Жауап алып жатыр, сыр беретін емеспін. Сөйтіп тұрғанда қораның өртеніп жатқанын көрдік. Оны көріп шошып кеткен бала-достарым мені босатуды ескерместен баздың ашық тұрған терезесінен секіріп шығып кетті. Өйткені біз келгенде оның есігі кілттеулі тұрған-ды. Қораның ішіне ауыл тұрғындары жылқыларын қамап кеткен екен. Жануарлар шыңғырып, кісінеп ерсілі-қарсылы шапқылап жүр өрт күшейе түсті. Қораның төбесі шөп пен ағаштан жабылған-ды. Бұл өте тез жанып өртенетін материалдар. Сатырлап жанып жатыр. Баздың іші көк түтінге толып кетті. Бір кезде қораның ішіне көрші тұратын Қадиша шешеміздің айқай салып кіріп келе жатқанын байқадым. Мені көріп: байғұс бала-ай деп жүріп аяқ-қолымды шешіп, далаға сүйретіп алып шықты.
Ол кісі мал қораның өртеніп жанып жатқанын көріп, қамап кеткен жылқыларын айдап шығуға келгенін кейін білдім. Алайда бұл ойын орындай алмады. Есік ашылса да жануарлар әрі соқтығып, бері соқтығып, шыңғырып жанып кетті. Өйткені сатырлап жатқан төбе опырылып, төменге құлаған-ды. Сірә, Г пішіндес баз жануарлардың соры болған секілді. Бұрылуды білмейді, тек тіке шауып қабырғаға соқтығады. Ойыннан өрт шығады деген осы болды. Бұл өрт неден пайда болды, 5-6 жастағы бала-достарымнан ба, жоқ, әлде күннің өте ыстығынан пайда болған ұшқын шоқ па? Бұл жағдай әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып қойды.
Өмірдің сыни сәттері мен аяқ астынан қауіп-қатерге кезіктірер кездері де аз емес. Бүгін соның бір мысалы жөнінде айтып отырмын. Бір өкініштісі оны ешкім алдын-ала болжап біле алмайды. Тек татар дәм-тұз таусылмасын деңіз. Дәм таусылса көлденең жағдайдан да, хақ деп есептелген өлімнен де ешкімнің қашып, құтыла алмасы анық. Міне, бала кезімде орын алған оқиғаның бірі осындай еді.