Қоғам • 05 Мамыр, 2020

Қадіріңе жетерміз бе, Қара жер...

351 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Анам да болған Қара жер, панам да болған, Қара жер!» депті баба­­ларымыз. Тіршілік атаулы­ның иесі де, киесі де Қара жер деп білген олар бұл сөзді Жарату­шының өзіне балап айтқандай, тіршіліктің көзі ғана емес, өзі деп біліп қайрылғандай. Бәлкім, есте жоқ ескі кездерде Қара жер, Көк аспанды ұлы қамқоршы тіршілік иесі деп біледі. Сондықтан да біз осынау киелі тіркестегі екі сөзді бірге жазып отырмыз. Тіпті көне тас, қола дәуірлері дейміз бе, скифтер, ғұндар, сарматтар, мас­са­геттер кезеңдері дейміз бе, әй­теуір талай-талай мемлекеттер, им­пе­риялар дәуірлеген, талай-талай тарихтың теперішін көріп, Жер бетінен жоғала жаздаған, алай­да майысса да сынбай, осынау Ұлы далада малын бағып, оған қоса жанын бағып жүрсе де әлем өркениетінен қалыспай өз мә­дениетін, ғажайып салт-дәс­түрін, өмір сүрудің өзіндік ерек­шелі­гін қалыптастырған біз­дің баба­ларымыз емес пе еді.

Қадіріңе жетерміз бе, Қара жер...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Бұл мақаланы жазуға түрткі болып, қолыма қалам алуға себеп­ші болған дәл қазіргі сәттегі елі­міздегі ішкі әлеуметтік жағдайдың күрде­леніп кетуі еді. Оның бас­ты қозғаушы күші әлемдік мұ­най бағасының құлдырауы. «Жы­ғылған үстіне жұдырық» дегендей, «СОVID-19» атты дерттің бү­кіл Жер шарының біраз бөлігін шар­пи бастауы келіп қосылды.

Ел болып жұмыла күрессек, бұл пәлекеттен де құтылармыз. Он­сыз да теңселіп тұрған теңгеміз құл­дырап барып, АҚШ-тың бір дол­лары 440-450 теңгеге те­ңес­ті. Қабылданған төтенше жағ­дайға байланысты үрей биле­ген жұрт дүкендердегі азық-түлік­тің қымбаттай бастағанына қара­май, жаппай қор жинауға кіріс­ті. Барлық дүрбелең атаулы жұқ­палы вирустың (коронавирус) зобалаңына үстіміздегі жылдың наурыз айының басында Вена қаласында өткен мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен ұйымға кірмейтін мемлекеттердің тиісті министрліктерінің кеңейтілген отырысындағы қырғиқабақтың кесірі келіп қосылды. Сол отырыс­та ең көп мұнай өндіруші Сауд Арабиясы мен Ресейдің ұстаным­дары ортақ мәмілеге келе алмай қара алтын өндіру төңірегінде дүр­белең тудырған. Эр-Рияд жағ­дайға орай мұнай өндіруді төмен­детуді ұсынса, Мәскеу қаса­рысып, бұл ұсыныстан бас тар­тып, мұнай өндіру қар­қы­­­нын төмендетпейтінін мәлім­деді. Оның үстіне, коронавирус келіп киліккен елдердің мұнай өнім­дерін пайдалануды төмен­дету­­леріне тура келді. Өн­ді­ріл­­ген мұнай көп, тұтынушы аз. Осы­дан келіп, жыл басындағы бір бар­­реліне берілетін баға екі есе­­дей құлдырап, 30 доллар­дан тө­мен деңгейге жетіп жы­ғыл­ды. Мұнай ғана емес, металдар ба­ға­сы да төмендеп кетті. Айта­лық, мы­рыштың құны – 16%-ға, мыс – 12%-ға, темір – 4%-ға, фер­­роқорытпалар – 1,2%-ға төмендепті. Мұнай бастаған Жер астынан өндіріп жат­қан кеніміздің құны құлды­раған соң олар өздерімен бірге он­сыз да бағасы түсіп, бағы жан­бай тұрған теңгемізді де сүй­рей жөнелді. Тәуелсіздік алған соң көп кешікпей (1993 жыл­дың 15 қарашасы) айналымға шық­қан ұлттық валютамыз – тең­ге­­міз­дің парқы қазіргіден 100 есе­­ден астам құнды екені еске түскенде ішіңе мұз жұтқандай күйге түсесің. Неліктен солай бол­ды? Оны тереңдете талдап түсін­діру біздің міндетіміз емес, оған экономикалық біліміміз де, қабі­летіміз де жете бермейді.

Осы жылдың ақпан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырза­ға­лиев мырза баяндамасында елі­міз­де 8 мыңнан астам кен орны тір­кел­генін, соның ішінде 317 кө­мір­сутек (мұнай, газ, конденсат), 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 мыңнан астам кең та­рал­ған пайдалы қазбалар, 4 мың­­ға жуық жерасты сулары кен орын­­дары барын айтты. Бәре­кел­ді! Мұндай байлық көп ел­дер­­дің түсіне де кірмесі анық. Жыл он екі айдың он бір айында бір үйлі жанның бала-шағасын ағарғаннан тарықтырмайтын сүтті сиыр сияқты республика халқын молшылыққа батырып қоятын игілік емес пе бұл. Осы кен орындары арамыздан өзге жұрттың өкілдері болса да та­лай-талай миллиардерлерді «Форбс­қа» тіркеттірді емес пе?! «Мақ­тансаң мақтан, қазағым», «Елі­м­де бар ерінге тиеді» деп үй­рен­генбіз... Ең өкініштісі – осы­нау байлықтарымызды «тау­ды бұзып, тасты үгітіп» қопара, қо­та­ра аламыз деп жүргенде оның да түбі көріне бастапты. Тағы да жоғарыда айтқан министр мыр­за геологиялық барлау жұ­­мы­­сын қазірден бастап қол­­ға алу қа­жеттігін, өйткені көп­­теген кен орын­дарының түбі көрі­­ніп, сар­қы­ла бастағанын, 2021-2025 жыл­ға арналған жаңа бағдар­ламаны іске асыру үшін көмір­сутегін барлауды іске асы­ру­ға 680 млрд теңге, қатты пай­далы кен орындарын іздеуге 100 млрд теңге инвес­тиция тарту керек екенін айтты.

«Алтынды тауым Алтайым» деп мақ­танышпен айтып жүрген Шығыс Қазақстан облысындағы Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный кен орындары 2025-2040 жылдары жабылуы мүмкін екен. Шемонайха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов сынды моноқалалардың маңындағы қор­ғасын-мырыш кендері толық игеріліпті. Кен орындарының, елді мекендерінің атауларының өзі айтып тұрғандай олар, негізінен кеңестік кезеңде табылып, жана­шы­мастықпен оңайын алып, қиы­­нын қалдырып игерілген бай­лық Кеңес өкіметінің, дәлірегі Ресей­дің игілігі болатын. Тіпті бұл кент­тердің жұмысшылары да Қазақ­станда тұратындарын мойын­да­майтынын көріп едік. Енді қазір қалдық болса да олардың иесі өзіміз екенін сезініп, барын ұқып­тылықпен кәдеге асыру қажет болар. Иә, министрдің ай­тысына қарағанда, әлі де Жер-Ана­ның әр түкпірге тыққан қат­тысы, сұйығы бар, қазынасын қалай да іздеп табу керек екен.

Іздеген, тапқан жақсы-ау. Ең жаманы, инвестициясын құй­ған шетжұрттық алпауыттар тапқан­дарынан қомақты үлес алар. Оған үйрендік қой. Сонда деймін-ау, өмір, әсіресе ұрпа­ғы­мыздың тір­шілігі бірер ғасыр­мен шектеле ме? Бұл – «Ерте­ңім пұл болмаса, күл болсын, бүгінгі нәпақамды ертеңге қалдыр­ма­йын» деген пиғыл емес пе!

Осындайда жарты ғасырға жуық уақыт бұрынғы болған бір әңгіме жиі-жиі ойыма орала береді...

Сонау 1974 жылы журналис­тік сапармен Вьетнам Демо­кратиялық Республикасында болғаным бар. Америкамен қан­құйлы соғысты жеңіспен аяқтаса да аласапыран ауыртпалықтан кейін жарасын жалап жазатын сырттандай күй кешіп жатқан кезі болатын. Бәрібір жұрттың аш-жалаңаш жүрсе де әндерін айтып, көңілді жүргендерінің куәсі бол­дық. Иә, олар папоротниктің ұлпа­сын сорып, бір-екі қалақ суға піс­кен күрішті қорек қылса да өте бақытты еді. Себебі, олар қаһар­­­ман­дықпен өз тәуелсіз­дік­те­рін қорғап қалған еді. ВДР Ком­партиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшысы Лю Ки-Ки деген азамат бізді қабылдағанда айтқан әңгіме еді, ойға дүркін-дүркін орала беретін...

«Біздің жерімізде де қазба байлық жетерлік. Кен атаулының атасы деп білетін алтынымыз тіпті мол. Француз отаршылары шамалары келгенше алтынымызды молдап өндіріп әкетуге тырысып-ақ бақты. Тауыса алмады. Ақыры қуылып тынды. Америка агрессорларының бір мақсаты сол алтында болатын. Олар да бұл ойларын орындай алмады. Қазір алтын өндіретін кен орындары шегендеулі. Халқымыз қанша қиыншылық көрсе де оған тиіспейді. Кезінде біздің ең жақын, жанашыр еліміз Лиевенсо да (Кеңес елін вьетнамдықтар солай атайды) алтын өндіруге қол ұшын бермек болғанда да біздің үкімет келісімін бермепті. Себебі ұлт көсемі Хо Ши Миннің: «Жер астының алтыны – келешек ұрпақтың еншісі. Қандай жағдай болса да оған тиісуге болмайды» деген өсиетін бұза алмапты. Бәлкім әлі де бұл өсиетті бір­­неше ғасыр бойы бұзбайтын бо­ла­р­мыз. Вьетнамдықтар жер үст­і­­нің байлығымен-ақ аштан өліп, көш­тен қалмайды» деп еді хатшы....

Ал біз әрі кетсе осы ғасырдың ішінде-ақ заманақыр болатындай, соған дейін Қаражердің мәйегін сығып алып үлгерейік деп жүргендейміз. Өзіміз елімізде өткен ЭКСПО-ның алды-артында жиі қайталаған Күннің, желдің, судың қуатын молдап пайдала­натын «жасыл экономикаға» көбірек күш салсақ қанеки. Бұлар­дың «кені» бізде жетерлік қой. Бүгінгі әр азамат, барша жұрт, тіпті мемлекет ұрпақтың, алдағы ғасырларда осы жерді мекен ететін ұрпақты ұмытуға хақы жоқ екенін білуі керек.

Тіпті күні кешегі өзіміз көбіне күс­­таналай беретін кеңестік ке­зең­нің тұсында да еліміздің кең­­шар­лар мен ұжымшарлары өрі­сін төрт түлікке толтырғаны, егіс­­тігі мен бау-бақшасында ас­ты­ғы мен жеміс-жидегін жай­қалт­­қаны өті­рік емес қой. Рас, ол өнді­ріл­ген байлықтардың игілігін не­гі­зі­нен Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) сынды Ресей қала­­лары­ның көргені де рас. Қазір ұят бол­ғанда, ет өнімдерімен өзі­мізді толық қам­тамасыз ете алмай шет елдерден етті де им­­­порт­тап отырмыз. Ол ғана емес, өткен жылы құс етінің 49, ірім­­­шік пен сүзбенің, шұжықтың 39 па­­йызын шеттен тасыппыз. Біз мал өнімдерін ғана айтып отыр­­мыз. Себебі, ет жетпейді, ет пен сүт өнімдерін беретін мал жет­пейді. Қазір ет өңдейтін кәсіп­­орын­дар 45 пайыз қуатында ғана жұ­мыс істейді екен. Соңғы 7 жыл­­да елімізде 70 тауарлы сүт фе­р­­­масы ашылыпты, алайда сүт өнім­­дерінен жылына 52 мың тон­на қыш­қыл сүт өнімдері, 49 мың тон­на ірімшік, сүзбе және құр­ғақ сүтті сырттан тасиды екен­біз?

Шүкір, өзі­міз­дің қаладағы, даладағы жұр­ты­мызды тойындыра алардай сиыр, қой, жылқы дегендей мал басы­ның әр түлігі миллиондап саналады екен. Ең өкініштісі, қазақтың суы мөлдір, шөбі шүйгін даласында жайылған малдың етінің ерекше дәмді екенін жақындағы өзбек ағайындарды қойғанда, алыста жатқан арабтар да біліп алғандары сонша, құнын келістіре төлеп, малды тірідей алып кететін болыпты. Сатушы кім қымбат баға беріп жатса, малын соған береді. Бұл на­рық­тың бұлжымас тәртібі, оған еш­кім қой дей алмайды. Өткен бір жылдың ішінде шет елдерге 156 мың бас ірі қара, 246 мың қой сатылыпты. Әрине, бұл үрдіс сатушы шаруа үшін пайдалы сау­да, ал малын өйтіп сата алмай, ірі қала­лардың базарларына әр ауылдан машинамен тасымалдайтын делдалдарға болымсыз бағаға сататындар қаншама.

Бұл мақаланы жазуға, тіпті айта-айта көп қайталанған жер мәсе­лесін қозғауға итермелеп, қолға қалам алдырған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталайық.

Біріншіден, туған жер, біз ме­кен­­деп отырған Ұлы дала – қазақ елінің Отаны. Оның қаді­ріне жетіп, қасиетін кие тұта ал­май жүрміз дегенді айту. Қой­науын жаны ашымастықпен қопа­рып, қазынасын өзіміз ғана алып қоймай, шет жұрттарға да мыр­за­лық танытып, шүлен тарат­қан­дай үлестіргенді азайтайық. Хо атай­дың (ВДР-дің көсемі Хо Ши Мин) «Ұрпақты ұмытпайық» деген ұлағаты бізге де айтқан өсиеттей.

Екіншіден, рас, заман талабына сай, технологияның дамыған бүгінгідей кезеңінде қуат көзінің көп қажет болатыны түсінікті. Сондықтан «жасыл экономикаға» түсер салмақты арттыра түссек» деген ой келеді.

Үшіншіден, арзан мұнайды құбырмен айдай бермей, бензин, керосин, солярка сияқты жанар-жағар майларды, бидайымызды эшелондап өткізбей, ұндай, кес­пе, вермишель сияқты жартылай даяр өнім түрінде сатайық, малымызды тірідей сатқанды азайтып, ет, одан жасалар шұжық, сүрі, қазы-қарта түрінде өткізейік. Бұл мыңдаған жұмыс орнының ашылуына себепші болмақ.

Төртіншіден, жер үстіндегі ризықты молайту басты парыз деп ойлаймын. Адамзатты ғасырлар бойы асырап келген осы жер үстінің байлығы емес пе. Неше жыл бойы «Жер сатылмасын!» деп халқымыздың ұрандатқаны тегін емес.

Бесіншіден, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық­қа ал­ғашқы Жолдауында өз­і­міз­­дің қайсыбір пысықай лати­фун­­дис­тердің миллиондаған жерді жекешелендіріп алып, не егістікке, не жайылымдыққа бермей ұстап отырғандарын сы­нап еді. Бұл әңгіменің соңы да сиыр­құйымшақтанып бара жат­қандай. Тіпті ауылдардың айналасын иемденген қожайындар тұрғындардың бір-екі сиыр, бес-алты қой-ешкісін жайылымға шығартпай отырған фактілер туралы жиі оқып, телехабарлардан жиі көріп жүрміз. Сондықтан, ауыл шаруашылығына қарасты жерлер тек қана мемлекеттің меншігі болуы керек. Қолынан іс келетін малшылар мен егін­шілерге белгілі бір уақытқа жалға немесе кепілдікке берілсе, тиімді болар еді деп ойлаймыз.

Алтыншыдан, қазір шаруасын ғылыми негізде ұйымдастырып отырған фермерлер өте аз. Шағын ауылдардан шыққан мал иелері әрі кетсе жүздің арғы-бергі жағын­да сиыр, бірер үйір жылқы, екі-үш жүздің төңірегінде қой-ешкі өсіріп, оған жалдайтын малшы іздеп әуреге түседі. Әр ауыл немесе бірнеше ауыл осынау ірілі-ұсақты мал иелерінің басын қосып, кооператив ұйым­дастырудың тиімділігін тәжі­рибе көрсетті. Сүт, ет өнім­дерін шығаратын, орта­лықтандырған кәсіпорындары өздерінде болса, екі ортада жүріп, «мал» тапқыш делдалдардан да құтылар еді. Бірлесіп егіншілерін, пішенші, жем-шөп даярлайтын бригадаларын құрып, оларды ауылшаруа­шылық техникаларымен қам­тамасыз етіп отырса, бүкіл кооператив бір басшы­ға бағын­дырылса және әркімге қажетті субсидиялық көмек көрсеткенше іріленген шаруашылыққа қажетіне қарай беріп отыру жеңілдер еді. Ірілен­діріл­ген шаруашылық болса мал тұқымын асылдандыруды да қолға алар еді. «Өзімдікі деген ба­сын ұстайды» дегендей, ен­дігі меншік иелері кооператив ие­­лері болмақ. Табыс әркімнің үле­сі­не (қосқан малының санына) қарай және еңбегіне қарай бөлін­­бек. Бұл агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту үшін үнемі миллиардтап қаржыландырып отыратын «ҚазАгроның» жұмысын да жеңілдетер еді.

Бабаларымызды бауыры­нан өргізіп, асырап-сақтап келген, өзімізді һәм ұрпағымызды да болашаққа қамсыз-мұңсыз жеткізетін иеміз де, киеміз де болған Қара жеріміздің қадіріне жете алмай жүргенімізді мойын­дайықшы, ағайын. Қарағанды қаласының айналасындағы жасанды тау-террикондарды, Шығыс Қазақстанның Риддер, Зырьян, Шемонайха сияқты қалаларының шахталарынан шығарылған төбе-үйінділерді, тіпті еліміздің әр түкпірінде қиыр­шық тас өндіріп, жер тәніне жазылмастай жарақат салып кеткен ашық карьерлер жүрек сыздатады. Осыларды көргенде Жер-бесігімізге әлі жанашырлықтан гөрі жаныашымастық пиғылдан арыла алмай жүргендейміз.

Техниканың әбден дамыған заманында олардың «азығы» мұнай­ды, темір тектілерді өндіру­ді доғарайық деуден аулақ­пын, тек Жерді асыға-аптыға тонау­ды азайтайық, «эконо­мика­мы­здың драйвері» деп өзіміз жиі қай­талайтын ауыл шаруа­шылы­ғына, былайша айтқанда, жер үстінің байлығына көбірек күш салып, Қара жердің қадірін кетірмейік дейтін ой еді айтпағымыз.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Соңғы жаңалықтар