Руханият • 05 Мамыр, 2020

Дамыған ел болуымыздың кепілі

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық құндылықтарымызды сақ­тай отырып, санамызды жаң­ғырту, жадымызды дамыту – дүниежүзілік өркениет кеңістігінде жойылып кетпеудің шарты. Осы тұрғыда 2017 жылғы 12 сәуірде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы шық­қаны белгілі.

Дамыған ел болуымыздың кепілі

Рухани санаға соны серпін әкелген бағ­дарламалық мақала аясында елеулі істер атқарылып, нақты жобалар жүзеге асты. Бұл бағдарламада таяу жылдардағы міндеттерді саралап көрсеткен кезде жазуымызды біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керектігін, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 оқулық жобасын қолға алу қажеттігін, отаншылдықтың кіндік қаның тамған жерге деген сүйіспеншіліктен бас­талатынына байланысты «Туған жер» бағдарламасын бастау орындылығын, бүгінгі замандастарымыздың жетістік­терінің тарихына назар аудару мақсаты­мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жоба­сын жүзеге асыру жөн болатынын айтқаны бұл саладағы нақты істерге түрткі болды.

Жалпы, халықтың рухани жаңғыруы – мәңгілік жүретін үдеріс. Бүгінгі күні бағдарламаның 6 бағыты бойынша 13 ар­найы жоба іске асырылып жатыр. Ұлт­тық құндылықтарды жүйелеп, салт-дәстүрімізді, руханиятымызды жаңғырту мақсатында атқарылған игі істер мол.

Бүгінде өмірдің салты өзгереді. Өмір­дің салты өзгерсе, адамның қалпы да өзгеруі керек. Бұл арада далалық дара да дана дәстүрлерге берік, соның арқасында небір қиындықтарды еңсеріп келген халқымыз дәстүршілдік пен кертарт­палықтың аражігін айыра білгені абзал болар еді дейміз. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Озығынан үйренген, тозығынан жиренген жұрт қана мына жаһандық жанталаста жеңіп шыға алады. Жедел жүріп жатқан жаһанданудың арқасында бізге өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі беріліп отыр.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәрбие беру процесінде оларға тарихи білім беру негізгі міндет болып есептелді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрыңғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды», деп жазды. Тарихи білімі бар азаматтың мәдениетті, білімді, жан-жақты адам болып өсетіндігі белгілі. Өз халқының тарихын білген жас өскін елін сүйген, халқының қамын ойлаған, жерінің жаңаруы, гүлденуі жолында күрескер болып қалыптасады.

Елбасының аталған мақаладағы ең басты көңіл бөлген мәселесі – тарихи сананы жаңғырту. Тұңғыш Президент оны бірнеше ірі жобалар арқылы дамыту қажет деп санайды. Ол жобаларды төмендегіше көрсетіп берген: «Архив – 2025»; «Ұлы даланың ұлы есімдері»; «Түркі әлемінің генезисі»; «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі»; «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы»; «Тарихтың, кино өнері мен телевизиядағы көрінісі».

Бұл аталған жобалар біздің еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан 2003 жылы жарияланған «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Жалпыға бірдей тарихи білімге қол жеткізу мен рухани жаңғыру – тығыз бай­ланыстағы өзара кіріктірілген құн­ды­лықтар. Олар қазақстандық пат­рио­тизм­ді қалыптастыруға зор әсер етуі­мен қатар  ұлттық қауіпсіздігіміздің, бәсе­кеге қабі­ле­т­тілігіміздің нығаюына үлкен үлес қосады.

Қазір уақытты бос өткізуге, бейғам­дыққа салынып, еркінсуге тіпті де болмайды. Бүгінгі жағдай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап айтқандай, «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» екенін тағы да атап өтті. Сайып келгенде, қабылданған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүйелі түрде жүзеге асыру, қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің жолы.

 

Самат ЕСҚАЛИЕВ,

Astana IT University профессоры