Суретте: Ақжан Машанов тапқан Әбу Насыр әл-Фарабидің өз замандасы салған суреті
Сондықтан заманында түркі ғылымы мен мәдениетінің өте жоғары болғанын, кемеңгер ғұламаның осындай терең білімді араб елдерінде емес, өз елімізде – Отырарда алғанын баса көрсету маңызды деп ойлаймыз.
Осы жерде ғұлама ғалымның мына сөзі түсінген адамға нақты бағдар десе болады: Бір кісі Әбу Насыр әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?», деп сауал қойыпты. Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!», деп жауап берген екен.
Осы тамаша сипаттаудағы «Ұрық – Түрік нәсілі» десек, Әбу Насыр әл-Фараби «Білім алған бақ» – Ұлы Отырар кітапханасы. Осы бақтан өсіп шыққан ғұламалардың қазіргі біз білетіндерінің саны 33 болды, кейбір дерек 410 болған дейді, тіпті мыңнан асады деп жүргендер бар. Бағдат халифінің сарайында негізгі уәзірлер қызметін атқарған бізге аты белгісіз отырарлық кеңесшілерді, 32 діннің негізін білген Арыстан баб сияқты өз жерімізде қызмет атқарып, бірақ моңғол шапқыншылығынан кейін ұмытылғандарын ескерсек, Отырардан шыққан ғұламалардың өте көп болғанын, Орта ғасырларда Отырарда ғылымның өте жоғары деңгейде болғанын байқаймыз.
Қазіргі жастар кітаптан гөрі ғаламторға көбірек жүгінетінін ескерсек, ондағы «Уикипедияда», «Википедияда» жазылған деректер сын көтермейді.
Әсіресе қазақша Уикипедияда жазылған деректерді түсіну мүмкін емес. Онда «12-16 жасында білім іздеп Бағдатқа кетті» деген еуроцентристік бағыттағы жалған дерек те, өзбек ғалымдары жазған «Орта Азияның Таш, Бұхара, Самарқанд қалаларында оқып, Бағдатқа халиф Мұхтадирдің тұсында келді» деген және басқа деректер араластырылып, түсініксіз баяндалған.
Ал орысша Википедияда «Отырар кітапханасын әл-Фараби жинақтады» деген сияқты күлкілі мәлімет беріліпті. Ондағы ойлары Отырарға білім арабтардан келді дегенді көрсеткісі келетін сияқты.
Осындай өрескелдіктерді ескере келіп, қазіргі белгілі мәліметтерге сүйене отырып, Отырардан шыққан ұлы ғұлама бабамыздың өмірбаянын жаздық.
Фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанов ағамыз да өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде «...әл-Фарабидің ғылыми өмірбаяны әлі жазылған жоқ» деп көрсетеді. «Әл-Фарабидің өмірбаяны барлық мәдениетті елдердің энциклопедиясында бар. Ол қазақша энциклопедияға да енді. Біз сол өмірбаянды қаз қалпында көшіруді пайдасыз көрдік. Сонымен қатар ол кісінің кейінгі кезде мирастары зерттелумен қатар бұрынғы түсініктердің ескіргені бар, көп жаңалық бар, көп түзету қажет», деп жазады.
Ақжан ағамыз бұл сөздерді өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жариялады. Одан бері біздің тарихымызға қатысты қаншама жаңалық ашылды. Ертеде түріктердің өркениеті өте жоғары болғаны, тек еуропалықтар ғана емес, еуропалықтарға ғылымды үйретті деп жүрген арабтардан да түрік өркениеті әлдеқайда жоғары болғаны қазір мойындалған шындық.
Ал біз әлі күнге пайдаланып жүрген әл-Фараби бабамыздың өмірбаяны «түріктер өркениетте артта болды» деген еуроцентристік көзқараспен әдейі бұрмаланып жазылған жалған өмірбаян.
Сондықтан ұлы ғұламаның мына біз ұсынған өмірбаяны ғалымдардың талқылауына ұсынылып, ғаламтордағы деректер түзетілсе деген ұсынысымыз бар.
Әбу Насыр әл-Фарабиді кім деп білеміз?
1) Ол – араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы.
2) Ол – араб ғалымдары мойындаған Шығыс философиясының атасы.
3) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым.
4) Ол – замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.
5) Ол – математика саласында көптеген жаңалық ашқан, астрономия, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған құнды еңбектер жазған ғалым.
6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.
7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орталық Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.
8) Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір ғалымдар Бірінші ұстаз деп атайды.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орталық Азияда алған.
Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны
Қолда бар деректер бойынша ұлы ғұлама 850 жылы Отырар өлкесіндегі Оқсыз шаһарында дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед әскер қолбасшысы болатын. Атасының аты Тархан, бабасы Ұзлақ түрік текті әулеттен еді. Оған азан шақырып Мұхаммед деп ат қойды.
Мұхаммед жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өсті. Сонымен қатар түріктердің «әрбір еразамат – жауынгер» деген өмір салты бойынша әрі әкесі Мұхаммедтің тәрбиесімен әскери өнерге де жаттықты. «Ер қаруы – бес қаруды» жақсы меңгерді, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін.
Оқсыз қаласына жақын, дарияның қарсы бетінде жатқан Отырар қаласы ол кезде ғылым-білімі, өркениеті жоғары дамыған, әлемге әйгілі кітапханасы дүниенің түкпір-түкпірінен ғұлама, даналар жиналатын орталық болатын. Ұлы Жібек жолы бойымен әрі-бері өтіп жатқан сауда керуендерінің арқасында қаланың табысы артып, халқының тұрмысы бақуатты болатын. Қалада қаншама керуен сарайлар, базарлар, қолөнер шеберханаларымен қатар, оқу орындары да жоғары білімді ұстаздарымен аты шыққан ғылым ордасы еді. Отырар оқу орындарынан білім алғандар көптеген елдің орталықтарында қызмет етті. Сондай отырарлық мамандар Бағдат халифінің сарайында да үлкен қызметтер (уәзірлік) атқаратын.
Осы Отырардың оқу орнын тауысқан дарынды жас Мұхаммедті қадилік қызметке тағайындайды.
«Әбу Насырдың қадилік билігінің әділдігі сонша, кесіміне мойынсұнбайтын кісі болған емес. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді. ...Ол Алла тағаланың рақымы түскір кемеліне келген пәлсапашы, мейірімді имам, мұсылман құқығының нағыз білгірі ретінде танылды». Бірде «Жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезінде әлгі кітаптарды оқи келе оған беріліп кеткені сондай, өзінің қадилік қызметін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқиға оның тағдырына шешуші әсер етті, соның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды (Парсы ғылымы Деххуда «Ғибрат-нама»).
Білімқұмар Мұхаммедтің ендігі өмірі Отырардың ұлы кітапханасында жалғасты. Осында көптеген ғұламамен танысып, білімін дамыта берді.
Жан-жақтан осы кітапханаға жиналатын ғұламалардың арқасында көптеген тілді үйренді. Осында түрлі ғылым ұстаздарынан дәріс алып, ғылымның әртүрлі саласын меңгерді. Ол кезде Отырарда философия, астрономия, математика, жаратылыстану, музыка, медицина және т.б. ғылымдар өте жоғары деңгейде дамыған болатын.
Әл-Фараби бала кезінен-ақ музыкалық аспаптарда ойнап, өлең айтатын. Отырар тұрғындарының (қаңлылардың) музыкалық қабілеті ертеректен әлемге әйгілі еді. Отырар кітапханасында музыка саласында түркі тілінде терең жазылған еңбектер болатын. Бала Мұхаммедтің музыкаға деген құмарлығы оны осы кітапханадағы музыка жайлы терең жазылған кітаптарды толық оқып шығуға итермеледі. Ол музыканың теориялық жағын терең игерді және ол білімін іс жүзінде пайдаланып, ән салып, музыкалық аспаптарда шебер ойнауды үйренді.
Жас дарын сол сияқты жаратылыстану ғылымдары саласын да терең оқып игерді. Медицина, математика, астрономия, физика салаларында да оқып, үйреніп, білімділігімен көзге түсті.
Ол арабшаға аударылған Аристотельдің «Метафизикасымен» танысып, оған түсіндірме жазды. Осы сияқты трактаттары ғалымдардың жақсы бағасын алып, аты кеңге таныла бастады.
Осы кезде жарты әлемді билеген араб халифатының әр жерінде бүліктер шығып «қарматтар», «ізгілікті бауырлар» және т.б. ұйымдар құрылып, ислам бірлігіне қауіп төндіре бастайды. Осындай қозғалыстар Саманилер билеген Орталық Азияда да орын ала бастаса керек.
«Ол кезде Орталық Азия мен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағлим әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды. Әл-Фарабидің сол кітабы талай ғалымдардың көзін ашса керек.
Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз», деп өкінішпен жазады А.Машанов ағамыз.
2009 жылы шыққан «Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттар» кітабында мынадай дерек келтіріпті. «Түрік тіліндегі жұмыстарында ...А.Абнан ХV ғ. Мулла Лутфидің «Кашф әз-Зунун» кітабына сүйеніп, Фараби өз отаны – Түркістанда жүргенде Семанид Мансур ибн Нұхтың өтінішімен «Әт-Тағлим әс-Сани» (екінші тәлім) еңбегін жазғанын айтады. Фарабидің Аристотельден кейінгі «Мұғалли әс-Сәни», яғни (екінші ұстаз) атануы дәл осы жағдаймен байланыстырылады. «Әт-Тағлим әс-Сани» кітабы Исфаһанның «Сиуан әл-Хикма» кітапханасында сақталған. Ибн Сина философия мәселелерін осы кітаптан оқыған. Осындай мәліметтер ертеректегі түрік (ХII ғ). Ташкупри заде Ахмед Афандидің жұмысында да кездеседі».
Фарабитанушы Әнел Әзімхан: «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления) («Китаб аль-Шифа») әл-Фарабидің осы «Екінші ілім» деген энциклопедиялық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы», дейді.
«Әл-Фараби мұсылман ойшылы. Демек, оның ұстазы да осы жолда болуы түсінікті.
Мұсылман әлемінде теңдесі жоқ қасиетті кітап бар, ол – Пайғамбарға Алла тағаладан түскен Құран Кәрім. Ендігі жерде бұл кітап мұсылмандар және өзгелер арасында насихатталуы парыз. Насихатшы – пайғамбар, демек ол – ұстаз. Мұсылмандар үшін бірінші ұстаз – Пайғамбар.
Құранды ғылыми түсінікке салып, насихаттаушы, сол мақсатта сапалы ойлау тәсілін жасаушы (пәлсапа) – әл-Фараби, демек ол мұсылман әлеміндегі Екінші ұстаз.
Сонымен сөзді жинақтай айтқанда, әл-Фараби ғұлама, данышпан, ойшыл, хакім, ғалым, бірақ философ емес және де оның бірінші ұстазы Аристотель де емес, Құран түскен Мұхаммед пайғамбар», деп жазады академик Ғарифолла Есім.
Немістің атақты шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушісі: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды» дейді.
Әл-Фараби бабамыз Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болған. Бір ұлының аты – Насыр болғанын білеміз. Содан бастап Әбу Насыр атанады.
Бұл кезде Отырар ғұламаларының атағы кеңге тарап, Отырар – Фарабтан шыққан ғалымдар араб халифатының түкпір-түкпірінде қызмет атқаратын. Сондай Отырардан шыққан ғұламалардың біразы Бағдат халифінде уәзірлік қызметтер атқаратын. Сол уәзірлер арқылы «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр ғұламаның атағы Бағдат халифіне де жеткен сияқты. Ислам әлеміне атағы кең тараған «Екінші ұстазды» Бағдатқа шақыртқан. Ислам әлемінің әкімшілік әрі рухани орталығы Бағдат бұл кезде халифаттың түкпір-түкпірінен ғалымдарды жинаған ғылым ордасы болатын.
«Оның халық арасында үлкен беделі бар екендігін білген араб патшасы кеңесші етіп алғысы келеді. Содан ол әл-Фарабиге сыйлық ретінде теріге ораған алтын жіберіп, өзінің халифатына шақырады. Патша да қара жаяу емес, ақылды, өмірге деген көзқарасы терең адам екен. Оның «әл-Фарабимен сөйлесіп, ақылдасып отырсам» деген ойы болыпты», деп жазады академик Жабайхан Әбділдин.
Осылайша әл-Фараби бабамыз ислам әлемінің орталығы әрі халифаттағы ең үлкен ғылым ордасы орналасқан Бағдатқа аттаныпты.
М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары «Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір деректерде ол Бағдатқа Халиф әл-Мұхтадирдің тұсында (908-932 жылдар аралығы) келгені туралы айтылады», деп жазады.
Осы сапары кезінде әл-Фараби бабамыз Соғд қаласында самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адаммен танысып, ол жасаған шаһруд аспабында ойнауды игереді. Ол туралы былай дейді: «...араб империясында кеңінен таралған аспап – «шаһруд». Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 жылы (918-919 ж.ж.) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді.
Соғд қаласының шығысы мен батысында орналасқан ел тұрғындарының ешқайсысына «шаһруд» аспабы жат болмай, Месопотамияға дейін жетеді».
...Фарабидің Бағдатқа келген уақыты шамамен 920 жылдарға сәйкес келеді. Бағдат халифі Жафар әл-Мұхтадир шыққан тегі түрік, данышпан ойшыл Әбу Насыр Мұхаммедті «өзінің досы» деп атады.
Замандастарының қалдырған дерегі бойынша: «Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түркі киім киіп жүреді екен. Ол мықты, күшті және ержүрек болған. Жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін», деседі.
Бағдатқа келген алғашқы кезде әл-Фараби өзін ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан.
Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды».
Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша «әл-Фараби бір күйді орындаса арабтарды жылатып, екінші күйді орындағанда арабтарды күлдіреді екен дейді. Былайша айтқанда, музыкасымен адамдардың көңіл күйін жаулап алады», дейді.
Бір мәліметтер әл-Фарабидің 70 тіл білгендігін айтады. Ұлы ғұлама өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Ұлы ғұламаның жазып қалдырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Абу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хайам сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Немістің белгілі тарихшы ғалымы Ф.Даннеман өзінің «Табиғаттану тарихы» атты еңбегінде Еуропаға кең тараған астрономия-астрология ғылымы, алхимия салалары тікелей әл-Фарабиден алынғаны жайлы жазған.
«...Ыстанбұл университетінің профессоры Ахмед Аташтың тізімінде әл-Фарабидің математикалық еңбегі Упсала университетінің кітапханасында сақтаулы деген мәлімет бар болатын. ...Біз дереу Упсалаға хат жазып, сыйлық жіберіп, өзіміздің қолданып келген әдісімізді істедік. Бірнеше айдан соң микрофильм келіп те қалды, ол тез арада кітап та болып шықты.
Математика ғылымының тарихында бұл бір үлкен жаңалық болды. Бұрын басқа адамдардікі деп жүрген көп теоремалар, қағидалар әл-Фарабидікі болып шықты», дейді А.Машани.
Әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңалығы Еуропа ғылымына XVII ғасырда ғана мәлім болған. Және ең негізгісі ұлы ғұлама бұл еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп қолданылатын тіл болатын.
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ
(Жалғасы бар)