Экономика • 05 Мамыр, 2020

Кәсіпкер әйелдер көшін бастаған

421 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауылда да өмір бар. Өмір болғанда қандай! Қиындығы, қы­зы­ғы, қызуы мол, қайнаған өмір. Ауылда тұрып та биз­­нес­ті өрістетуге, қызметте өсуге болады. Міне, мұны нақты істе дәлелдеумен жүрген қыз-келіншектеріміз қатарының жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Каменка ауылына келін болып түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткен кәсіпкер келіншек, қоғам белсендісі Эльмира Мырзагелдиева осынау шоғырдан ойып орын алған.

Кәсіпкер әйелдер көшін бастаған

Түптің түбінде тағдырының түбегейлі өзгеретіні, ауыл адамдарымен етене тірлік кешетіні Таразда туып-өсіп, сондағы №47 орта мектепті тәмамдаған қала қызының ойы түгілі түсіне де кірмеген. Алайда ол өзі келін болып түскен әулетке тез сіңісіп кетті. Бүгінде қазақы салт-дәстүрге бір кісідей жетік, ауыл-аймаққа сыйлы келін, екі баланың қамқор анасы, туған елінің нағыз патриоты, іскер әйел. Ауылда тіккен туын биікте желбіретіп келеді. Бұл ауылда туғанмен, қалаға кетуге бүйрегі бұрып тұратын қайсыбір қаракөздеріміз үшін үлгі-өнеге әрі олардың намыс-жігерін жанитын ерлікпен пара-пар іс демей көріңіз.

Оның қазір де ауылдан ір­ге­­сін қозғалтқысы жоқ. «Ауыл – қазақтың алтын тамы­ры ғой. Оның гүлденіп, көр­кеюі­­не хал-қадерімізше үлес қоса беретін боламын», дейді Э.Мырзагелдиева ағынан жарылып. Тәуелсіздікке қол жет­кіз­гелі бері елімізде шағын және орта кәсіпкерлік ісін дамы­туға айрықша қолдау көр­­­­сетіліп келеді. Міне, осы мемлекеттік қол­дау­­лар­дың бақуаттылыққа бас­­тай­­­ты­нын жақсы ұғынған Эль­­ми­ра Әленқызы бизнесін 2000 жы­лы күйеуі Ғабиден екеуі үй ауласына қазақы үй тігіп, қы­мыз­хана ашудан бас­тап­ты. Бұ­лар­дың әдемі бап­тал­ған бал қы­мы­зынан кімдер дәм татпады десеңізші! Биені сауып, қы­мыз­ды бабына келтіретін де Эль­мираның өзі. Бертінде ол жекеменшік тамақ­тандыру ор­нын ашты. Э.Мыр­загел­дие­ва­ның үлкен жолдың бойын­да ор­н­аласқан «Диана» дәм­­ха­нас­ы келушілеріне мін­сіз қыз­мет көрсетуде. Мұн­да бес-алты ауыл азаматы жұ­мыс­пен қам­тылып отыр. К­әсіп­кер келін­шек аудан орта­лы­ғын­дағы үлкен бір мейрам­хананың әкімшісі қызметін қоса атқарады.

Ол аудан мен облыс көле­мін­де өткізіліп жататын қоғам­дық және қайырымдылық іс-шара­лардың барлығына дер­лік бел­сенді атсалысады. Сон­дай-ақ өзінің кәсіби һәм сая­си білімі мен біліктілігін ұда­йы же­тілдіріп отыруды да әсте ұмыт­пайды. 2015 жы­лы Назар­­баев Университетте «Жо­ғары менеджменттік басшы­лық» бағ­д­арламасы бойынша бі­лім алып, ЕҚЫҰ-ның семи­нар-тренингінде, команда құру және көшбасшылық ету, «Даму-Бизнес», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-Бастау» бағдарламалары аясында арнайы курстарда біліктілігін жетілдірген.

Бүгінде өңірді көгалдан­дыру жұмыстарына, сондай-ақ «жасыл экономиканың» дамуына өзіндік үлесін қосуда. 2015 жылдан бері «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі аудандық филиалы­­ның төрағасы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі басқармасының, Nur Оtаn партиясының мү­шесі, «Атамекен» ҰКП кә­сіп­­кер­лердің құқығын қорғау ко­мис­сиясы жұмыс тобы­ның мүшесі ретінде ауқым­ды жұмыстарды жүзеге асы­ру­мен келеді. Оның айтуын­ша, елдің дамуы мен эконо­ми­ка­сын­дағы жаң­ғырулар­ға, жал­пы халықтың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға атсалысу­мен қатар, экономикалық ерік­ті­­­лік­ті қамтамасыз ету аса м­а­­ңыз­ды. Бұл – адамдардың та­бы­сы мен тұрмыс сапасын көте­руге және жақсартуға мүм­кіндік беретін үдеріс. Бақыт­ты да ба­қуатты әйел – табысты мем­лекет атануы­мыздың да кепілі.

2018 жылы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» жобасының екінші кезе­ңі жүзеге асырылғаны бел­гілі. Сарапшылар тобы атап өт­кен­дей, жобаға қатысушылар же­ңім­паз атанбаса да, өз сала­сы­ның кәсіби шебері әрі елі­міз­дің айтулы азаматы болып қала бермек. Эльмира Әлен­қызы – осынау жобаға қа­ты­су­шылардың бірі. Ол үшін өткен жылдар өзге де же­тіс­тік­терімен есте қалды. Атап айтқанда, Астанада өт­кен ал­ғашқы Ауыл әйелдерінің форумында үздік жетекші ре­тін­де «Атамекен» ҰКП Іскер әйел­дер кеңесі­нің төрағасы Ләззат Рамазанова­ның қолынан Алғыс хат алға­ны, сірә, естен кетер ме?! Об­лыс орталығында алғаш ұйым­дастырылған Халық­ара­лық әйелдер кәсіпкерлігі форумына қатысу мәртебесіне де ие болды. Мұның барлығы қарапайым ғана ауыл әйелінің зиялы қауым өкілі, бизнесвумен ретінде қалыптасып, әріптестерін нәтижелі еңбек пен жаппай кәсіпкерлікке, бе­ре­келі іске жұмылдыру жолын­да жүзеге асырған ілкімді жұ­мыс­тарының жемісі екені анық.

Э.Мырзагелдиева жетек­ші­лік ететін аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері ауданда ашылған «Дулат баба» кесенесі аумағын абаттан­­­ды­ру мақсатында 50 түп жеміс аға­шының көшетін отырғыз­ды. Сон­­дай-ақ республика­лық «Мек­­тепке жол» акциясы ая­­сы­н­да тұрмысы төмен бірқатар от­басы балаларының ке­­рек-жа­ра­ғын түгендеп, мек­т­еп фор­масын алып беруге көмек көрсеткен. «Кәсіпкерлік нәзік жандылар үшін де жат емес. Қазірдің өзінде ауданда оннан астам іскер әйел бар. Олар не­гізінен сауда, қоғамдық тамақ­тандыру, мейрамхана бизнесі, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Біз негізі­нен ауыл әйелдерінің жеке кәсі­бін ашуы үшін кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренуіне ықпал етеміз. Шеберлік сыныптарын да ұйымдастырамыз. Бір жылдың өзінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша арнайы оқыған 16 әйел өздері­­нің бизнес-жос­парын сәтті қор­­ғап, тиісінше жеңіл­детіл­ген несие алып, жеке кәсіп бас­т­а­ды. Ал­дағы уақытта да қатары­мыз то­лыға бермек», дейді Эльмира.

Жалпы, өмір, тіршілік, кәсіп­­кер­­лік – аналарға да ауыр міндеттер жүктеуде. Э.Мыр­загел­диева үшін де тағ­дыр сы­нағы аз болмапты. Осы­дан он жылдай бұрын ойда жоқ­та ота­ғасынан, есейіп қал­ған тұң­ғыш ұлынан айырылу оған ауыр соққы болып тиді. Же­ке­меншік иеліктеріндегі жиыр­ма бес жылқының бір күн­де қолды болып кетуі де қы­м­ыз­хана бизнесіне едәуір шығын келтірді. Алайда мұның бар­лығы қайсар келіншекті мойы­та алмады. Өзіне, еңбегі­не сен­ген еңбекқор жан жасымай, қа­сарыса ілгері ұмтылу­мен ке­леді. Үлкен әулеттің бас иесі де өзі. Бүгінде ұлы Жал­ғас Ал­матыда, қызы Диана ТарМУ-да білімдерін жетіл­діру­­­де. Диана да анасы секілді қай­­­сар, қиындыққа шыдамды, мақ­саткер тұлға болып қалып­тасып, өмір майданында шар бо­лат­тай шыңдалудан өтуді ой­ла­ған­ болар, аталған оқу орнының әскери кафедрасын­да қосымша оқуды таңдаған екен. Эльмира күні ертең ұлы – әке, қызы – ана орнын басып, ауыл шаруашылығы әлеуетін арт­тыруға өзіндік үлестерін қоса­тынына нық сенімді.

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

Жамбыл облысы,

Т.Рысқұлов ауданы

 

Соңғы жаңалықтар