Қоғам • 05 Мамыр, 2020

COVID-19: жел сөз бен шын сөз

462 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде жалған ақпарат дүниені дүрліктірген қауіпті індеттен де қауіпті болып, инфекциядан да жылдам тарап тұр. Әр ел бұл жағдайға өзінше шара қабылдап, жалған ақпарат таратқандарды әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартып жатыр. Мұндай деректер бізде де тіркелді. Соның ішінде қатардағы мұғалімдер мен оқушылар да бар. Бұдан бөлек таласқа түскен екіұшты танымдық материал­дар да қарапайым халықты шатастырды. Жаңа қатермен бетпе-бет келген және пандемиядан тәжірибесіз қоғамға қалай көмектесуге болады? COVID-19-дың аңызы, иә ақиқаты қайсы екенін қалай ажыратамыз? Осы сұрақтарға халықаралық білімі мен шетелдік тәжірибесі бар жас ғалымдарымыз, сала мамандары жауап берді.

COVID-19: жел сөз бен шын сөз

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, «EQ»

Қолдан жасалды ма?

Бұл – аңыз. Өйткені оның әзірге анықталған нақты фактісі жоқ. Осын­дай ойымен бөліскен Стэнфорд универ­ситетінің биология бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған ғалым, молекулярлық, клеткалық биология және эмбриология бағытын зерттеуші биолог Нұрлыбек Мүрсәлі «Коронавирус HIV (human immunodeficiency viruses – адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясының гені екен, яғни қолдан жасалыпты» деген пікірлер болды. Тіпті осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялағысы да келді. Бірақ онда ғылыми фактілер мен нақты дәлел болмады. Мен осы саладағы ғалым ретінде COVID-19-дың генетикалық инженерия арқылы қолдан жасалмағанын айта аламын», деді.

Ал COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов қазір жаңа вирусқа қатысты жай ақпарат түгілі ғы­лыми зерттеулердің саны да күрт арт­қанын айтады. «Аталған тақырып өте өзекті болып тұрғандықтан, оны ғы­лыми басылымдар «құшағын ашып» қабылдайды. Сол ғылыми мақалалардың өзінде әлі күңгірт, атүсті қаралған дү­ние­лер бар. Сондықтан қандай да бір қорытындыға келмес бұрын, дәл осы көзқарасқа пікір білдіру үшін аздап күту керек. Мұндайда әрине, Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу институтына вирусты таратушы сүтқоректі жарғанаттарға арнайы зерттеу жүргізуге жағдай жасалуы қажет. Дегенмен, бір нәрсе анық: биологиялық қару қолдан жасаған ғалымдардың бақылауынан шы­ғып кете алмайды, COVID-19-ды бүкіл әлем ғалымдары қазір басқара алмай отыр. Вакцинасы да вирус жайлаған жағ­дайдың артынша табыла салған жоқ. Демек, бұл биологиялық қару емес», дейді ол.

Қ.Табынов пандемия деген ұғымның өзін дұрыс түсінуге шақырады. Про­фессордың пайымдауынша, пандемия – жаңа вирустың пайда болып, әлемге таралуы. SARS 2002-2003 жылдары шығып, 8 мың адамға жұқты. Кейін жоғалды дедік, бірақ қайда кетті? Вирус өзінің өмір сүруін жалғастыру үшін бір популияциядан екіншісіне өтеді. Ал осы процесс кезінде вирус мін­детті түрде биологиялық, генетикалық тұр­ғыдан өзгереді. Сондықтан ғалым қоғам арасындағы  «Коронавирус SARS-тың немесе жоғарыдағы басқа да инфекцияның гені, түрі, көшірмесі» деген ұғымның қате және COVID-19-дың жаңа вирус екенін айтады.

Виргиния штатындағы Джордж Мейсон қоғамдық зерттеу универ­ситетінің микробиология және жұқпалы аурулар бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған вирусолог Юрий Кимнің пікірінше, «Коронавирус қолдан жасалған» деген пікір қоғамның пандемиямен күресуіне кері әсер етті. «Коро­навирустың (түрлері көп) биоинформатик мамандарының қатысуымен осы мәселеге арнайы зерттеу де жүргізілді. Мамандар сол зерттеудің нәтижесінде COVID-19-дың эволюциялық жолмен бірте-бір­те дамып, қазіргі деңгейге жеткенін анық­тады. Вирустың генети­калық инженериясы, яғни ойлап табылған вирустар енгі­зілетін жүйе бар. Ал аталған жүйеден COVID-19-дың ізі де табылмады. Сол себепті жоғарыдағы көзқарас – миф», деді Ю.Ким.

 

Қоғамдағы күйзеліс

Осы көзқарастың бел­гілі бір деңгейде өз ақиқаты бар. Себебі әлем дәл осындай аяқасты өзгеріске дайын болмады. Оны көзбен де көріп отырмыз. Ғалымдар мұндай мәселенің, яғни күйзелістің болу себебін ғылыми пайым тұрғысынан бағамдайды.

Н.Мүрсәлі адамзат көптен бері пан­демия проблемасымен бетпе-бет келмегендіктен, оларға инфекцияның адам шошытарлық қаупі де жаңалық болып отырғанын айтады. «Қарапайым халық қазіргідей мәліметтерді естімеген соң білмеуі мүмкін. Және жаңа вирус оларға едәуір жаңалық болып тұр. Бірақ біз – биолог-ғалымдар вирустарды күн сайын қолданамыз. Вирус барлық жерде бар, әрбір қиқымның ішінде жүр. АҚШ-та оқып жүргенімде, әр студент «Virus discovery» деген пәннен жыл соңында бір вирус түрін табатын. Негізі вирустардың ішіндегі осы COVID-19 секілді қауіпті түрлерінің сирек кездесетініне қуану керек. Сонымен қатар халықты, қоғамды SARS-тың (Severe acute respiratory syndrome – Ауыр жедел респираторлық синдром) сүтқоректілер ішінде жарғанат­та кездесетіні анықталғанымен хабардар ет­кім келеді», дейді ол.

Қоғамның бір тобы психологиялық күйзеліске жаңа ақпараттарды қабылдай алмай, шошынғаннан түссе, екінші жар­тысы салғырттық танытқандықтан тап болады екен. Себебі олар күресу ісі­не белсенді қатыспайды, талаптарды сақтамайды. Мұнымен қоймай, елді алаңдатқан тақырыпта өздігінше «аңыздар» ойлап тауып, таратады. Осы ретте вирусолог Ю.Ким ғалымдар көз жеткізген бір мәліметке тоқталды:

– Коронавирус инфекциясының қаупін 1 адамның кем дегенде 5 адамға жұқтыратынымен өлшеуге болады. Одан кейін жаңағы 5 адам әрқайсысы тағы 5 адамға жұқтырады. Сонда 5-тен 25-ке, 25-тен 125-ке көбейеді. Қазір қоғамда кей адамдар COVID-19-дың қауіптілігін басқа да ауру түрлерімен салыстырып жүр. Салыстырудың нәтижесімен кең таралып тұрған инфекцияның қаупін сейілткісі келеді. Бірақ бүгінде АҚШ-тағы COVID-19-дан күн сайын өлген науқас саны қатерлі ісіктен қайтыс болатын адам санынан артып отыр, – деді ғалым.

 

Маска инфекциядан қорғайды

АҚШ-тағы Питтсбург универ­си­тетінің «Эпидемиология» мамандығы бойынша магистрі, Астана ұлттық зерт­ханасының гигиенист-эпидемиологы Айым Қайырлықызы қоғам мүшелерінің қазіргідей масканы тағуы қауіпті күшей­тетінін айтады. Өйткені олар масканы мүлде тақпайды немесе дұрыс тақпайды.

– Қазір «Маска қауіпті індеттен қорғай ма, жоқ па?» деген сұраққа тартысты жауап толастамай тұр. Мың рет қайталап айтуға бармын, маска керек! Оны тағуға тиіспіз және дұрыстап, санитарлық талаптарды сақтап қолдануымыз қажет. Адамдардың маскаға деген салғырттығы керісінше қауіпті күшейтеді, – деді эпидемиолог.

Ал Англиядағы Ноттингем универ­ситетінде генетик мамандығының бакалавриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев университетінің докторантурасын бітірген ғалым, Cellular Therapeutics компаниясының негізін қалаушы, биолог Болат Сұлтанқұлов маскаға деген көзқарас науқас адамның қоғамға деген жауапкершілік сезімімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Биологтың пікірінше, әсіресе ауру белгі­лері бар адамдар міндетті түрде маска тағу керек. Себебі маска науқастың вирус­ты сау адамға таратуына тосқауыл бо­лады.

Бәріміз білетіндей, COVID-19 инфекциясы тыныс алу жолдарын зақымдайды және өкпені «жейді». Сондықтан вирус науқас адамнан сау адамға сөйлескенде, құшақ­тасқанда, қол алысқанда, түш­кір­генде, түкірігі шашырағанда жұғады. Тыныс алу жолдары арқылы тарала­тын­дықтан, мұрын мен ауызды қорғау қажет.

 

Карантиннен кейін әлем өзгереді

Бұл – ақиқат. Өз кезегінде ғалым-биолог Нұрлыбек Мүр­сәлі де осы ойды толықтырады: «Иә, коронавирустан кейін әлем мүлде басқаша болады. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Оның бір үлгісін қазір АҚШ-тан анық көруге болады. Сонымен қоса ғылымға деген көзқарас та өзгереді. Жалпы, ХХІ ғасыр – биология ғасыры. Ғылымның көп саласы зерттелді, тек биология бағыты қалды. Сондықтан Қазақстан алдағы дамыту стратегиясын осы салаға бұру керек. Өйткені қазірдің өзінде тест-жүйемен айналысып отырған әріптестерім Қы­тайдан әкелінген тесттердің тек 30 пайыз­ жағдайда жұмыс істейтінін айтып отыр. Бұл біздің қауіпсіздігімізге нұқсан кел­генін аңғартады. Еліміз осындай өзге­рістерге дайын болуы қажет. Бұл үшін био­логиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, қауіпті алдын ала болжай алатын және қатер төнгенде шұғыл шаруа атқара алатын арнайы инфрақұрылым болуы керек. Өйткені биологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздік деген сөз.

– Карантинге келсек, мамандар бекіт­кен кеңес пен талапты сақтау қажет. Себебі қол жуу секілді қағидалар қара­пайым  болғанымен, оның тиімді әре­кет екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Сондықтан сақтау қажет. Олай бол­мағанда карантин тек қана ұзартыла береді. Қазақстанда карантиннің бітуі әр облыста әртүрлі болады. Бұл сол аймақтағы вирустың таралу қарқынына бай­ланысты, – дейді А.Қайырлықызы. 

Ал Б.Сұлтанқұлов карантин алынса да вирус бізбен бірге қалатынын, сондықтан санитарлық талаптарды мұқият сақтауды карантиннен кейін де әдетке айналдыру қажеттігін айтады.

 

Мемлекет жалғыз жеңе алмайды

Осы ойды жеткізген профессор Қ.Табынов:

– Бұл ретте COVID-19-ға қатысты бір аңыз­ды айта кетейін. Қоғам арасында «Ғалымдар вакцинаны әзірлеуге кірісті. Екпе биыл дайын болады» деген пікір тарады. Өкінішке қарай, шындыққа сай келмейді. Бізде бұл жұмысты 2-3 жылда толық атқару мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бо­йынша, қазір әлемде COVID-19-ға қарсы 76 кандидаттық вакцина әзірленіп жатыр. Бірақ әзірге бәрі – кандидат.  Отандық ға­лымдар өз кезегінде 3 жыл ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинаның нақты үлгісін әзірлеуді, соңғы 3 жылда кли­никалық сынаққа жібреуді жоспарлап отыр. Әрі қарай ойлап тапқан вакцинаны өн­діру үшін қаржы іздеуге көшеді. Біз – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары вакцинаны өндіріске енгізу үдерісін жеделдететін жолды білеміз, оның жүйелі стратегиясын дайындап та қойдық. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ғалымдар екпені жоспарланған уақыттан бұрын әзірледі делік, алайда оны бізде өндіретін зауыт жоқ. Екпе жүргізудің негіз­гі талабы бойынша халықтың кем дегенде 70 пайызына вакцина салы­нуы керек. Миллиондаған адамға жететін өнімді өндіру ісін қаржыландыру Үкі­меттің қолынан келмейді, мемлекет мұ­ны кәсіпкерліктің көмегінсіз жалғыз атқара алмайды. Сондықтан да Forbes журналының тізіміндегі кәсіпкерлерге әрдайым «Зауыт салыңыздаршы» деп айтып жүрмін. Өйткені мұндай ірі өндіріс жеке секторда жүзеге асуы керек. Қазір әлем­де фармацевтикалық компаниялар қан­шама кіріс әкеліп, табыс тауып отыр, – дейді.

Б.Сұлтанқұлов пандемия барлық топтағы, таптағы, деңгейдегі адамдар­ды біріктіргенін жеткізді. Оның ойынша, отандық ғалымдардың интеллектуалдық әлеуеті екпені табуға, өндіріске енгізуге толығымен жетеді. Қазіргідей тест-жүйені сырттан сатып алмау үшін ірі кәсіпкерлер, сауда ойын-сауық орталықтары, казинолар, клубтар салуды тоқтата тұру керек. Мемлекет бастапқы инвестицияны салып, екпені ойлап табуға қадам жасап отыр. Одан кейінгісі – кәсіпкер қауымның қолында. Бұл – әлемдік тәжірибе. 

Айта кетейік, ғалымдар арасындағы еркін де кәсіби талқылау Жас ғалымдар альянсы (YRA) ұйымдастырған «Ғылым­тану» жобасы аясында өтті.

Талқылауды жүргізгендер

Ақнұр БАЙБАТЫРОВА,

Жас ғалымдар альянсының құрылтайшысы,

Бейбіт ӘБДІКЕНОВ,

Жас ғалымдар альянсының құрылтайшысы әрі вице-төрағасы.

Материалды дайындаған

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»