Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Білім басқармасы: ҰБТ форматы өзгермейді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түлектер тестті 11-сынып бағдарламасының төртінші тоқсанындағы сұрақтарсыз тапсырады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Білім басқармасы: ҰБТ форматы өзгермейді

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) бұрынғы форматта қалады. Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысуға онлайн-өтінімдері 1 сәуірден 10 мамырға дейін қабылданады, деп хабарлады бүгін брифингте қалалық білім басқармасының бастығы Шолпан Қадырова. «Биыл түлектер ҰБТ-ны 11-сынып бағдарламасының төртінші тоқсанындағы сұрақтарсыз, яғни 5-сыныптан 11-ші сыныптың үш тоқсанына дейінгі сұрақтар бойынша тапсырады», – деді Ш.Қадырова. Оның айтуынша, қашықтан оқытуды сәтті өткізу мақсатында студенттер мен оқытушылар үшін компьютерлер мен интернетке қол жетімділік мониторингі жүргізілген.

«Мәселе мектеп балансында тұрған 7118 компьютерді (6500 оқушы, 618 мұғалім) уақытша пайдалануға беру арқылы шешілді. Сонымен қатар 2613 ноутбук және интернетке қосылған 5200 флэш-карта сатып алынды. Жалпы, компьютерлік техниканың қол жетімділігі 100%», – деді Ш.Қадырова.

Сонымен бірге, Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, биыл 9 және 11 сыныптар үшін қорытынды аттестаттау болмайды. Ал қорытынды бағалар жылдық нәтиже бойынша қойылады.

«Аптасына екі немесе одан да көп сағаттан тұратын пәндер бойынша (БЖБ) жиынтық бағалаудың уақыты – 4-11 мамыр, аптасына бір сағаттан жүктелетін академиялық пәндер бойынша сабақ кестесі – 11-15 мамыр. Тоқсан сайынғы жиынтық бағалау (ТЖБ) бір рет – 18-22 мамырда өткізіледі. БЖБ уақыты – 20 минут, ТЖБ уақыты – 40 минут. 1-4 сынып оқушылары үшін БЖБ және ТЖБ өткізу уақыты шектелмейді», – деп атап өтті Ш.Қадырова.

БЖБ және ТЖБ мөлшері бір күндегі үш жиынтық жұмыс көлемінен аспайды. Сонымен қатар өнер, өзін-өзі тану, музыка, дене тәрбиесі, бизнес және кәсіпкерлік негіздері, графика және дизайн, әлеуметтік зерттеулер, дінтану сияқты пәндерде БЖБ және ТЖБ болмайды. Мұғалім білім беру платформаларына (Күнделік.kz, BilimLand және т.б.) жиынтық жұмыстың оқу тапсырмаларын жүктеп, оқушыларға жиынтық жұмысты аяқтауға әртүрлі байланыс құралдарын ұсына отырып БЖБ және ТЖБ жүргізе алады. Оқушыларға, ата-аналарға немесе баланың заңды өкілдеріне Күнделік.kz платформасында кез-келген қол жетімді байланыс құралдары (электронды пошта, чат, Telegram және т.б.) арқылы түсініктеме немесе айдар түрінде кері байланыс ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар