Қазақстан • 05 Мамыр, 2020

Министр 3 облыс аумағындағы жолдардың құрылыс барысын тексерді

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2020 жылы автожолдардың 2600 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр. Мұндай міндетті Министрліктің алдына Үкімет басшысы қойған болатын. Бүгінгі таңда жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары еліміздің әр өңірінде қарқын алған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 3 облыс аумағындағы  жолдардағы жұмыс барысымен танысып қайтты.  Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министр 3 облыс аумағындағы жолдардың құрылыс барысын тексерді

Бірінші кезекте Министр «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы учаскелеріне барды. Жол Алакөл курорттық аймағы маңында жататындықтан, еліміздің туристік кластерін дамытуда үлкен маңызға ие. Биыл автожолда толықтай қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр. Жол 1-ші және 2-ші техникалық санаттарға сәйкестендірілмек.   

Өңірге келетін туристер санын арттыруға септігін тигізетін тағы да бір жоба – Қытай шекарасына дейін апаратын «Үшарал – Достық» тасжолын қайта жаңарту жобасы. Жұмыстар аяқталған соң туристер саны ғана емес, автокөліктерімен жүк тасымалының көлемі артады. Биыл жолдың 60 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, облыс үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын жобалардың бірі – «Қалбатау – Майқапшағай» жолын қайта жаңарту жобасы. Тасжолдың 415 шақырымында қозғалыс биыл  ашылады. Бұл елдімекендер арасындағы барыс-келісті арттырып, Қазақстанның шығысынан Қытайға қарай қосымша транзиттік дәліз ашады. Үшінші техникалық санаттағы жол екі жолағы бар екінші санаттағы жолға айналады.  

Алматы облысында Министр «Алтын Орда» базары маңындағы «Алматы – Бішкек» автожолының 16-19 шақырымдарын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқын алған. Қала маңындағы елдімекендерден Алматыға келетін көлік санының көптігіне байланысты жолдың өткізу қабілеттілігі төмен болатын. 2020 жылы бұл жолда қозғалыс ашылғаннан кейін мәселе толықтай шешімін таппақ.

Мұнымен қоса, министр Бейбіт Атамқұлов бастаған топ «Алматы – Бішкек» жолының 18+700 «Асыл Арман» тұрғын үй кешені учаскесіндегі жұмыстарды  тексерді. Бүгінгі таңда мұнда жол өтпесінің негізін жайластыру жұмыстары және Шамалған станциясының бұрма жолы арқылы өтетін «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» (42 – 49 шақырымы) тасжолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жол учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Эстакада І техникалық санатқа сай болады.

Министр сондай-ақ, қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан Жамбыл және Алматы облыстарындағы «Ұзынағаш – Отар» жолының учаскелеріне барып қайтты. Жыл соңына дейін жолдың 56 шақырымында қозғалыс ашылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, министрлік басшысы «Қордай» өткізу бекетін қайта жаңарту жұмыстары барысымен танысты. Қазір екі елдің азаматтары «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бекеттері арқылы шекарадан өткізілуде. Жаңартылған өткізу бекеті жыл соңында пайдалануға беріледі. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң «Қордай» бекеті тәулігіне 50 мың адамды өткізе алады.    

Өңірде «Меркі–Бурылбайтал», «Күрті–Бурылбайтал» және «Балқаш- Бурылбайтал» сияқты тағы бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.  Бүгінгі таңда нысандарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жоба еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстырып, олардың транзиттік және туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. «Меркі – Бурылбайтал» жолының 262 шақырымында қозғалыс биыл ашылуы тиіс. «Күрті – Бурылбайтал» және «Балқаш–Бурылбайтал» жолдарында қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң Алматыдан Балқашқа дейін 4-5 сағаттың ішінде жетуге болады.  

 

Соңғы жаңалықтар