Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Ажырасу азайсын деп...

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында бұдан екі жыл бұрын «Анаға тағзым» атты арнайы орталық құрылып, сәні мен сәулеті келіскен сыңғырлаған су жаңа ғимаратқа орналасты.

Ажырасу азайсын деп...

Сол уақыттан бері өңірлер арасында баламасы жоқ әлеуметтік құрылым аналар мен қыз-келіншектерге қатысты толғағы жеткен мәселелерді шешу мен рет­теуге үлес қосып келеді. Таяуда мұн­­да тағы бір жағымды жаңалық болды. Яғни аталған ғимарат жанынан «Ба­қытты отбасы» орталығы ашылып қыз­мет көрсете бастады.

– Мұны бұған дейін жұмыс істеп келген отбасын сақтау кабинетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің басты көрінісі деп бағалауға болады. Мақсат – отбасы құндылығын дәріптеуге кеңінен жол ашу, – дейді бұл жөнінде Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Жаңадан ашылған орталықта кәсіби медиаторлар және заңгерлер мен психологтер тұрғындарға тиісті көмек беруге бір кісідей жұмылған. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін бірлесіп іздестіру жолдары да қарастырылған. Бұл үшін өңірдегі мемлекеттік органдар басшылары мен мәслихат депутаттарының тұр­ғындарды тұрақты қабылдау тәртіптері белгіленген.

Отбасының шайқалмауы, ата-ана­лардың ұл-қыздарына үлгі-өнеге көрсете білуі отбасы мүшелері ара­сындағы татулық пен түсіністік, өзара жан жылуы бақытты отбасы атануға апаратын жолдың басы. Әйтсе де өмірде шыны аяқ сылдырлап қалатын жайттар да кездеседі. Түкке тұрмайтын кикілжіңге бола ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері де орын алып жүргені мәлім. Бақытты отбасы осы мәселелерге байланысты жүргізілетін жұмыстардың жүректерге мейлінше жақын болуын мақсат тұтып отыр. Аталған орталықта қызмет етіп жүрген кәсіби медиатор, өмірден көргені мен көңілге түйгені мол жан Бибігүл Әбдішүкірқызы бұл бағыттағы түйткілдер мен бетпе-бет келіп жүргендері жөнінде былайша әңгімелеп берді.

 – Біз Ақтөбе қалалық сотына ажы­ра­суға өтініш берген ерлі-зайып­ты­лар­мен ашық әңгіме жүргіземіз. Екеуінің орта­сына түсу өте нәзік әрі сары майдан қыл суырғандай күрделі мәселе екені мәлім. Соған қарамастан олармен ортақ тіл табысуға ұмтылып келеміз. Оның нәтижесі жаман емес. Ажырасуға арыз бергендердің үштен екісі қайтадан татуласып, ортақ мәмілеге келгені бәріміз үшін қуаныш.

Тағы бір айтары, ажырасуға бел буған жас отбасылардың алпыс па­йызы ата-енесімен бірге тұрғысы кел­мей­тін­дер екен. Сондай-ақ жиырма пайыз келіншектер мен әйелдер тұрмыстары мен табыстары тәуір бола тұрса да өзде­ріне ер-азаматпен құқымыз тең деп олар­ға көкірек көрсетуді әдетке айналдырыпты.

 

АҚТӨБЕ