Руханият • 06 Мамыр, 2020

Батырын ұлықтау – ұрпақ парызы

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде армия қатарына 1 млн 366 мыңдай қазақстандық аттанды деген дерек бар. Алайда оқ бораған майданнан қайтып оралмағаны қаншама. Туған жердің топырағы бұйырмай, сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің бірі – Қалманбет Әуелбеков.

Батырын  ұлықтау – ұрпақ  парызы

Қалманбет атаның есімі бел­гілі майдангер ретінде Жамбыл облысына қарасты Қордай ауда­нының Жаңатұрмыс ауылындағы жұрт­шылықтың жадында сақталған. Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауын­гер туралы осы уақытқа дейін жарияланған деректер көп емес. Отағасынан айырылған, бір ғасырдай ғұмыр кешіп, дү­ниеден өткен Күлсін әженің ұр­пақ­тарына қалдырған өшпес өсие­тіне сүйенсек, Қалманбет Әуел­беков 1936 жылы Мәскеу қа­ласынан оқудан оралып, ауыл ішінде көшбасшылыққа жақын, белсенді азаматтардың қатарында болған. Нақты айтқанда, Молотов атындағы колхозды (қазіргі Жаңа­тұрмыс ауылы) құруға атсалысқан әрі оның төрағасы болған.

Талай жыл ауылға еңбегі сің­ген Қалманбет Әуелбеков 40 жас­тан асқан шағында 1942 жы­лы майданға аттанады. Соңғы рет солдаттан «Белоруссия жерін­де­міз» деген ғана хат келеді. Көңіл көй­легі кірлемеген Күлсін әжеміз сонда да үкілеген үміт сәулесін сөндірмей, әр күнін жақсылыққа жорып, отағасының оралуын күтеді. Неге десеңіздер, майдангер туралы ешқандай «қара қағаз» келмеген еді...

Тағдырдың жазғанына амал бар ма?.. «Тірі адам тіршілігін жа­сайды» дегендей, жауынгердің жары, Әуелбек келіні Күлсін Бай­тұрғанқызы ақ жаулығымен көз жасын жасырып жүргенімен, ол үшін іштегі мұң-қайғы, же­сір қалуы, жолдасына деген сар­қылмас сағыныш, бәрі-бәрі су сепкендей бірден басылмады. Қал­ған ғұмырын өмірінің мәні бол­ған, артында қалған Оңласын, Гүлжахан, Ермек атты бала-шағасына әке орнына әке болып, жетімсіретпей, қайын жұртының қолдауы арқылы бағып-қақты. Отбасы тәрбиесінен бөлек, Күлсін әжеміз соғыс жылдары тылда да еңбек етті.

...Өмір-өзеннің ағысымен Күл­сін әжеміз бір ғасырлық ғұмыр кешті. Тіршілігінің соңғы сәтіне дейін есінде арқа сүйер ер азамат ретінде сақталған жарына «бір уыс топырақ салсам, Құран ба­ғыштасам...» деген орындалмас арман-тілекпен осыдан он жыл бұрын дүниеден озды.

Өсиет-өнегелері өзгеге үлгі болар Қалманбет пен Күлсіннен тараған, жоғарыда есімдері аталған екі ұл, бір қыздың арқасында Әуел­бековтер әулетінің ошағы өш­кен емес. Бүгінде тамыры те­реңге жайылған отбасының  ұр­пағы Отан үшін от кешкен май­дан­гер аталарын мақтан етеді. Жеңіс күні қарсаңында туған жер – Жаңатұрмыста бас қосып, аруақ разы болсын деген ниетпен ата-әжелерін дәстүрлі түрде жыл сайын еске алады. Бұл әрине, ұлағатты ұрпақтың парызы екені анық.

Әже өсиеті – кейінгі буын­ға аманат. Иә, осындай жауап­кершілікті сезінген, Қалманбет атасының жатқан жерін іздеуді мақ­сат еткен, үлкен немерелерінің бірі – Қаскелең қаласының тұр­ғыны Оңгелді Әуелбеков. 2010 жылы Германияға арнайы іс­сапармен барып, қайтар жолда Белоруссия еліне соғуды жөн санады. Өйткені осы елде бұ­ған дейін қаһарман Қалманбет Әуел­бековтің жерленгені туралы нақты ақпарат анықталған еді. Ол деректе: «Соғыс солдаты ІІ дәрежелі Суворов орденді 80-ші гвардиялық Умань дивизиясы құрамында Отан үшін от кешкен. 1943 жылы Гармань деревнясын азат ету жолындағы шайқаста көз жұмды. Сөйтіп қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Денесі Беларусь Республикасы, Витебск облысы, Дубровна қаласындағы бауырластар зираттарына қайта жерленген» деген тың дүниелер белгілі болған. Осылайша, Оңгелді Оңласынұлы атасының қабірін тауып (ол кісінің аты-жөні суретте әдейі ұлғайтылып көрсетілді), рухына тағзым етіп қайтады.

Міне, біз білмейтін белгісіз батыр­­лардың тізімінде Қалманбет Әуелбеков те бар. Ер есімі ел жа­дын­да сақталу керек деген ниетпен оқыр­ман назарына майдангер туралы жазғанымызды ұсынуды жөн санадық. Тарих тағылымы кейінгі ұрпақ­тың санасында сілкініс тудырса, біздің өткеніміз өшпейтіні анық.

 

Дидар МУХАМАДИЕВ

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы