Руханият • 06 Мамыр, 2020

Тылдағы тынымсыз еңбектің үлгісі – Бибінұр Ахметқызы

881 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде онлайн форматта майдан және тыл ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылып отыр. Сондай тағылымы мол кездесулердің біріне – Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің «Хан Тәңірі» шаңырағында ел басына төнген қиыншылықты көзімен көрген тыл ардагері, қайсар ана Бибінұр Ахметқызы қосылып, оған ақпараттық технологиялардың арқасында қашықтан қатысудың сәті түсті.

Тылдағы тынымсыз еңбектің үлгісі – Бибінұр Ахметқызы

Бибінұр Ахметқызы қазақтың бұлбұлы атанған жезтаңдай әнші, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың әпкесі. Ардагердің немересі Томирис Сағындық Халықаралық мектептің 7 сыныбында білім алады.

«Қайран біздің аналар арды ойлаған» деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, соғыс жылдарында  ер-азаматтың қайратын қажет ететін «қара жұмыста» бой жазбастан еңбек етіп, азаматтарды жоқтатпаған қайсар аналарымыздың таптырмас үлгісі – Бибінұр Ахметқызы сұрапыл соғыс жылдары жайында сыр шертті.

– Соғыс басталған тұста мен небарі 12-13 жастың шамасында едім. Балалығымыз қара халықтың басына төнген қиыншылықпен басталды. Жиырма бес жасында шиеттей бала-шағамен жесір қалған анам, сол ауыртпалықты жалғыз өзі көтерді. Жоқшылығы мен аштығы қатар келген заманның бейнетін жастықпен көтердік. Еңбек ортасына ерте араластық. Сіңлім Бибігүл ағаш өңдейтін зауытқа жұмысқа тұрды. Жарамсыз қалдықтарды жинап, үйге әкелетінбіз. Бар ойымыз отын етіп жағып, бауырларымызбен бірге жылыну ғой. Әскери госпитальдің жұмысына да араласқан шағымыз болды. Мен жауынгерлерге хат жазуға көмектессем, сіңлім Бибігүл ән салып беретін. Сол уақытта Бибігүлді «Катюша» деп те атап кеткен. Сол күндерді ой елегінен өткізсем, қуанышы аз болған екен ғой», – деп күрсінеді қарт ана.

9

Бибінұр Ахметқызының әңгімесін зейін қойып тыңдаған оқушылар, қаршадайынан соғыс даласын көрген қарт әжейдің жабырқаулы көңілін байқаса керек, әңгіменің барысын өзге арнаға бұрып, жеңісті жақындатқан барша ардагерлерге алғыстарын білдірді.

– Болашақ ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған ардагерлеріміздің есімі біздей өскелең ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталады. Ерліктеріңіз әлі талай ұрпаққа аңыз болып айтылып жүрері сөзсіз. Ерліктеріңізді құрметтеу, есімдеріңізді ұлықтау – бізге тапсырылған үлкен аманат, – деді оқушылар бірауыздан.

– Бүгінгідей қиын-қыстау уақытқа қарамастан, балалардың біздерді естерінен шығармай, ғаламтор арқылы жүздесуге, тілдесуге шақырғаны қатты қуантты. Оқушылардың жарқын жүздері мен мөлдіреген көздерін көріп, бейбіт күннің қуанышы арта беруін тілеймін», – деп кейіпкеріміз ағынан жарылды.

9

Онлайн кездесудің соңында балалар тыл ардагері Бибінұр Ахметқызымен халық әні «Құсни-Қорланды» орындады. Күміс көмей дауыс әпкелі-сіңлілі Бибінұр мен Бибігүл аналарымыздың бойына дарыған, қанына сіңген асыл қасиет деген ойға қалдық.