Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында ірі жобалардың жоқтығы негізгі мәселелердің бірі

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы үшін жұмыс орындарын тез арада құру, азаматтарды қайта даярлау жүйесін жолға қою және «Бастау Бизнес» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Бұл мақсаттарға қол жеткізуге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы арқылы қол жеткізілмек. Облыстық әкімдікте өткен жиында  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков оның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Жамбыл облысында ірі жобалардың жоқтығы негізгі мәселелердің бірі

Осы жылы өңірде осындай белсенді шаралармен 58,6 мың адам қамтылады. Ал, оны жүзеге асыруға 85,3 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде жалпы 52,4 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 22,6 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында 9,7 мың адам жұмысқа орналасқан болса, Сарысу, Қордай, Жуалы және Байзақ аудандары мен Тараз қаласында жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру деңгейі облыстық орта көрсеткіштен төмен болып отыр. Ал, Мойынқұм, Шу және Талас аудандарының жұмыс берушілері зейнетақы қорына өздерінің қызметкерлерінің жарнасын аударуға асығар емес. Сонымен қатар, бүгінде кәсіптік қайта даярлау аясында 171 жамбылдық оқытудан өтуде екен. Ал, ағымдағы жылғы 18 мамырдан бастап олардың саны 1350 адамға артады. Сондай-ақ, 232 адам 912,1 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізген. Жиында аграрлық-несиелік корпорацияның жергілікті филиалының жұмысын жандандыру қажеттілігі де айтылды. Мұнда бүгінге дейін несиелік қаржының 1,7 пайызы ғана игерілген. Өз сөзінде Жорабек Баубеков гранттарды беру мерзімінің екінші жартыжылдыққа ысырылып отырғанына да алаңдаушылық білдірді. Сондықтан да қала және аудан әкімдеріне қаржылық жоспарларын жедел әзірлеп, гранттарды мамыр және маусым айларында беруді бастаулары қажеттігін де жеткізді. Бүгінде «Жол картасы» бойынша инженерлік және көлік инфрақұрылымын салуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға және елді мекендерді абаттандыруға 61,2 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде 19,6 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта барлық лоттар бойынша конкурстар өткізіліп, Қордай ауданында 552 жоба бойынша жұмыстар басталған. Алайда, кездесіп отырған бірқатар кедергілер жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтты. Оның айтуынша, ірі жобалардың жоқтығы және жобалық-сметалық құжаттаманың баяу дайындалатыны өзекті мәселе. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев «Әкімдер мен басқарма басшылары әр жобаның сапасын қадағалап, жұмыс орындарын құрып, құрылысты уақытында аяқтаулары керек», деп тапсырды.

Ал, тәртіпті сақтау мәселесі туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Алмас Мәдиев хабарлады. Ол 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік және басқа да органдарға 5444 бірлік кіріс құжаттары келіп түскенін жеткізді. Оның ішінде 3 225 бақылауға алынып, 2 043 құжат орындалған. Әлі 1182 құжат қарастырылуда. Облыс әкімі тарапынан 808 хаттамалық тапсырма берілсе, оның 596-сы басқармаларға және 212-сі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне қатысты. Коронавирус індетінің таралуына байланысты олардың 15-і кейінге қалдырылған болса, 14-і орындалмаған. Аудан әкімдері 44 тапсырманы орындай алмаған. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев берілген тапсырманы орындамаған немесе мерзімінен кешіктіргендерге қатаң шаралар қолдану қажеттігін айта келе, Ұлы Жеңіс мерекесінде қарт майдангерлерді құттықтауға байланысты ұйымдастыру шараларына көңіл бөлді.

 

Жамбыл облысы