Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Алматыда жастарды барынша жұмыспен қамтуға назар аударылып отыр

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарлағанымыздай, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде өткен онлайн-брифингте Алматы қалалық әл-ауқат Басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы Жұмыспен қамту жол картасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөніндегі бірқатар мәселелерге тоқталды.

Алматыда жастарды барынша жұмыспен қамтуға назар аударылып отыр

«Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет қаулысымен «Жұмыспен қамту жол картасы» қабылданғаны белгілі. Бүгінде Алматы қаласында Жұмыспен қамту жол картасы аясында 214 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда конкурстың процедуралар жүріп жатыр. Оның ішінде келесі жұмыс түрлері мен нысандар бойынша, яғни, әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту; тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту; инженерлік көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру сияқты жобаларға жолданатын болады» – деді Д.Әлкебайұлы.

Спикердің айтуынша, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында жұмыссыз жастарды қамтуға басымдық берілмек, яғни Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдамалы жұмысшылардың кемінде 50%-ы жастар болатын 26 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жұмыспен қамтудың жол картасы аяқталғаннан кейін жаңа нысандар салу арқылы 2045 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру нәтижесінде 47 жаңа нысан, оның ішінде 31 әлеуметтік нысан салынады.

Спикер сондай-ақ, өтініш беру үшін (өтініш берушілер мен жұмыс берушілерге) Жұмыспен қамту орталығының сайты (cz-almaty.kz) жұмыс істейтінін, онда қабылданған шаралар туралы толық ақпарат бар екенін, тіпті, өтініш беруге арналған сілтеме де көрсетілгенін айтып өтті.

Жол картасы аясында жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін 6408 адамнан түйіндеме қабылданды, оның ішінде 708 адам – құрылыс алаңдарында жұмыс істеуге өтініш берген.

Барлығы 12 жоба тіркелді, 468 жұмыс орны ашылды, тіркелген жұмыссыздардың ішінде 38 адам жұмысқа орналастырылды.