Өнер • 07 Мамыр, 2020

Майдангерлер галереясы

564 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылда тұратын суретшінің оң жамбасына келетін тақырып – Ұлы Жеңіс. Ол туған ауылындағы 64 ардагердің пор­тре­тін салып шыққан.

Майдангерлер галереясы

Тоғызыншы сынып оқып жүр­ген кезінде ауылға аты аңыз­ға айналған батыр ағасы Рақымжан Қошқарбаев келген. Қызылсая ауылының еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін Рейхстагтың төбесіне қызыл ту қадаған хас батырмен кез­де­суге жиналған. Рақымжан аға барынша қарапайым, сыпайы екен. Кеудесін соғып, мен сөйткенмін деп мақтанған да жоқ. Жанға жағымды, самал желдей ескен, тыңдаған жан­ның жанын еріксіз баурайтын қо­ңыр үнімен майдан туралы баян­даған. Өзінен гөрі өзгені көп айтты. Қаруластарының ерлігіне сүйсінді.

Міне, сол сәттен бастап бо­лашақ суретшінің майдан тақы­рыбындағы суреттері салына бастады десе де болғандай. Ал­ғашқы суреті «Рейхстаг» деп атал­ды. Құзғындардың ұясының қау­сай қираған сәті. Төрткүл дү­ние тағатсыздана тосқан Жеңіс­тің атойлаған көрінісі. Содан бастап бір әдемі қиял алға қарай жетеледі де отырды. Тұла бойларынан парасат лебі, өрлік пен батырлықтың сорабы айқын аңғарылып тұратын жампоз жауынгерлердің мәңгі өлмес асыл бейнесі кейінгі ұрпақты дәл сондай биік мұраттарға жетелесе, ғанибет емес пе?!

Арқалық қаласындағы пе­да­гогикалық институттың көр­кемсурет факультетін бітіріп, жо­ғары оқу орны басшыларының та­лабы мен талантынан үміт кү­тіп, институтта оқытушы бо­­лып қалдырған кезінде де бая­­ғы шоқ жұлдыздай шағын ауылда көкірегінде тұтанған мақ­сат-мұраттың маздаған оты қо­ламтаның шоғындай қыз­ды­рып, шабыттың шырайын ­шалқыта түскен. Сөйтіп, Қызыл­сая ауылынан қан майданға ат­танып, ел қорғаған ерлердің бей­несін бірінен соң бірін сала бастады.

4

– Ол кезде ауылда ардагерлер көп еді. Бәлкім жүзге жуық болар. Соғыс зардабын тартқандар да аз емес. Сыңар аяқ, молақ қол. Бірақ, бәрінің мәні Жеңіс деген жалғыз ауыз сөзге сыйып тұр, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Исенов, – алпысқа жуығын сал­дым. Туған ауылымыздағы мек­тептегі мұражайға тарту еттім. Қазір көпшілігін ағайын-туыс­тары ат-түйедей қалап алып кетіпті.

Міне, кенептегі суретте Мол­даш Тілегенов ақсақалдың бей­несі. Екінші дүниежүзілік соғыста қайтпас қайсар ерлік көр­сеткен майдангер. Кейінгі ұр­паққа жадырай қараған жү­зінен адамгершілік пен па­ра­саттылықтың табы есіп тұр.

Ибрагим салған суреттер кө­рермен көңілінен шық­қа­ны анық. Әсіресе майдан тақы­ры­бындағы суреттері арқы­лы ауыл­дас майдангерлердің тұтас галереясын жасап шықты. Мына бір сурет Малкен Айтпаевтікі. «Қызыл Жұлдыз» орденінің ие­гері атанған майдангер соғыстан оралған соң ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Ал, мынау жауынгер Қайыркен Сәдуақасов. Бұл кісі де «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері.    

Қылқалам шебері мына бір суретті сала бастағанына жиыр­ма жыл уақыт өткен. Кенеп бетінде бір жасар ұлының алақан таңбасы бейнеленген. Ал қасындағы екінші суретте баласының 20 жастағы қолтаңбасы. Осылайша бір картинада 20 жыл уақыт қам­тылған. Бұл сурет бейбіт өмір хақында. Азат, егеменді елдің өсу-өркендеуі, кемелденуі мен қалыптасуы рет-ретімен өрілмек.

Қылқалам шеберінің қо­лы­нан 3 мыңнан астам туынды шығыпты. Негізінен портреттер мен натюрморттар. Барлығы майлы бояумен салынған. Өнер туындыларының географиясы Қазақстан, Марокко, Испания, Грекия, Германия, Мальта, Корея, АҚШ тәрізді елдерді қам­тыған. Алда әлі көптеген жаңа ой бар. Жасампаз елдің жарқын болашағы, мәңгілік елдің мұраты төңірегіндегі қиялдан гөрі нақты өмірге жақын тақырыптар.