Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Ақмола: Мүмкіндігі шектеулі адамдар мемлекет қамқорлығында

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін шешуге байланысты өңірдің «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» 2 мыңға жуық нысан кірген. Бұл 2012 жылдан бері атқарылып келе жатқан шаруа.

Ақмола: Мүмкіндігі шектеулі адамдар мемлекет қамқорлығында

Мүгедектердің орталықтандырылған қорының мәліметі бойынша, Ақмола облысында барлық топтағы 29 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оларды қажетті құрылғылар және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен биыл 467 миллион теңге бөлінген. «Инватакси» қызметіне 49,7 миллион теңге қарастырылған. Алайда, ең басты мәселенің бірі – кедергісіз орта қалыптастыру.

–Жоспар бойынша әлеуметтік маңызы зор 1672 нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Оның 222-сі қаладағы нысан. Олардың барлығы бүгінде қолжетімді. Кіреберістен бастап, ішкі бөлмелеріне дейін бұл нысандарда барлық жағдай жасалуы тиіс. Санитарлық бөлмелеріне дейін болуы қажет. Соңғы жылдары бұған қосымша 335 нысан қосылды. Сөйтіп, 2 мың нысан мүгедектер үшін қолжетімді болуы тиіс. Алайда, қазірде олардың сапасына үлкен мән берілуде,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алтын Ақбарова.

Соңғы жылдары облыс бойынша көптеген нысандар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы үшін пандустар орнатты. Алайда, олардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан, «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» енген нысандар жыл сайын қайта түзетулер енгізуге мәжбүр. Оның алдын алу үшін заңнамалық база мықты болуы қажет.

–Бүгінгі күнге дейін не жасалды десек, әлеуметтік қызмет көрсетудің бірыңғай республикалық порталы құрылып, іске қосылады. Соның арқасында әр азамат өзіне қажет қызметке тапсырыс бере алады. Әзірге 20-25 қызмет түрлері қолжетімді. Мүгедектерді қорғау туралы заңына бірқатар түзетулер енгізілмек. Бұл үрдіске мүмкіндігі шектеулі азаматтар да белсенді қатысуы керек деп санаймын,–дейді «Шанс» мүгедектер қоғамының төрағасы Василий Шиманский.

Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларына республикалық бюджеттен 928, ал, облыстық қазынадан 467 миллион теңге бөлінген болатын. Мүгедектер арбасы мен қажетті құрылғылар, санаторлық-курорттық емделу мен протездеуге республикалық бюджеттен қосымша 461 миллион теңге қарастырылып отыр.

Осылайша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлық мәселелері тұрақты назарда болып отыр. Бұл да ізгі қоғамның ізетті шарапаты.