Қазақстан • 07 Мамыр, 2020

Әскери әуе инженерлері алғы сапта

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің қорғаныс күшін нығайтуда әскери оқу орындары жеткіліксіз болды. Осы кезеңде мемлекеттің қорғаныс саласын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін зениттік-зымыранды, радиотехникалық әскерлер,  байланыс және автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орындарына қажеттілік туындады.

Әскери әуе инженерлері алғы сапта

1994 жылы Ақтөбедегі жоғарғы азаматтық авиация училищеде ұшқыш-техниктерді дайындайтын Әскери әуе күштерінің әскери факультеті ашылғаны белгілі. Алайда еліміздің әуе қорғаныс күштерін бір ғана оқу орнымен күшейту жеткіліксіз болды. Нәтижесінде Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың атсалысуымен Орталық Азия аумағындағы офицер-инженерлерді дайындайтын тұңғыш әрі бірден-бір оқу орны ретінде Азаматтық авиация академиясы әскери факультетінен бөлініп шығып,  2001 жылы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты  құрылды.

Бүгінде заманауи жарақталған, жаттығу кешендерімен жабдықталған аудиториялар мен зертханаларда офицер-радиоинженерлер 5 мамандық бойынша білім алуда. Әскери бөлімдерде дәріс беретін ұстаздардың ішінде 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты және 2 PhD докторы бар. Магистр академиялық дәрежесіне 110 маман ие болса, қырықтан атсам маман еліміздің және шет мемлекеттердің адъюнктурасы мен магистратурасында білім алуда. Ал институт құрылғаннан бергі аралықтағы 18 жылда 2000-ға жуық лейтенант еліміздің  әуе қорғаныс күштері және өзге де әскери құрылымдарының қатарына қызметке кетті.  

4

Институтта Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің ұйымы аясындағы әскери шарттарға сәйкес Қырғызстан Республикасының да әскери мамандары дайындалады.  Курсанттар теориялық білімді меңгергеннен кейін әскери байланыс техникаларында, радиолокациялық бекеттерде тәжірибелерін шыңдау мүмкіндігіне ие.  

2

Институт курсанттары мен офицерлер құрамының оқу тәжірибе алаңдарындағы жетістіктерін «Сарышаған» мемлекеттік сынақ алаңы және «Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығулары барысынан, сондай-ақ  Отар 40-әскери базасында өткізілген оқу-жаттығулар барысынан көруге болады. Мемлекет көлемінде өткізілетін жауынгерлік және әскери парадтарда  да салтанатпен сап түзейтін  курсанттар Ресейдің Воронеж, Смоленск, Санкт-Петербург, Ярослав, Кострома қалаларында өткен ғылыми олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Болашақ офицерлер, сержанттар және курсанттар спорттың әр түрінен Дания, Швеция, Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Эквадор, Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал 10 спорт шеберінің институт қабырғасынан шыққаны қуантады.  

1

Курсанттар патриоттық шаралардың да белсенді қатысушысы.  «Патриот» ғылыми-дебаттық клубы, «Бес Қару» әскери-патриоттық клубы және «Барыс» әскери-психологиялық клубтары құрылып, қалалық және республикалық деңгейлерде өнер көрсетіп жүр. 2011 жылдан «Байланыс жігіттері» және «Престиж» көңілді тапқырлар клубы  жұмыс істесе, жайдарман курсанттар Ұлттық Лигада үздіктер сапында жүр. Жеке құрам әскери және жауынгерлік парадтарға қатысып, саптық дайындығы жағынан үздіктер қатарынан табылуда. Институттың жеке құрамы Алматы қаласында өткізілген 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиада барысында құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтау шараларына қатысты.

Курсанттар институт базасында 2017 жылдан бастап өтетін ТМД қатысушы мемлекеттердің жоғарғы білім беру ұйымдары курсанттарының математика пәнінен халықаралық олимпиадасының, сондай-ақ  «КADEX» Халықаралық қару-жарақ көрмесінің тұрақты қатысушысы.

Еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде институттың 500-ге жуық әскери қызметшілерінен жасақталған бөлімшелерінде жалпы көлемі 5 млн шаршы метрден астам 4000-нан аса нысандар, оның ішінде  63 мектеп,  48 балабақша, балалар алаңқайлары, аялдамалар, емханалар және терминал нысандары зарарсыздандырылды.

Әскери институттың жеке құрамы әртүрлі қоғамдық және қайырымдылық іс-шараларға атсалысуда. Төтенше жағдай кезінде республикалық #Bizbirgemiz акциясы аясында әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері 15 ҰОС ардагері және 5 аз қамтылған отбасына қолдау көрсетті.  Cонымен қатар қарттар үйі мен жетімдер үйіне барып қолғабыс ету, мерекелік шаралар ұйымдастыру, көгалдандыру, қоқыстан тазарту жұмыстарына белсене қатысып келеді.

 275