Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Алматыға Оңтүстік Кореядан кезекті гуманитарлық көмек келді

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы әкімдігіне гуманитарлық көмек аясында оңтүстік кореялық компаниялар тарапынан жеке қорғаныс құралдары жеткізілді.

Алматыға Оңтүстік Кореядан кезекті гуманитарлық көмек келді

Оңтүстік Корея ізгілікті көмек көрсету шеңберінде коронавирустық инфекциямен күрес мақсатында Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасына және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне 1125 бірлік жеке қорғаныс құралдарын тапсырды. Гуманитарлық көмектің жалпы құны 45 мың АҚШ долларын құрайды.

Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев, қаланың Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ корей компаниясының өкілдері – «MPK Clinic» компаниясының бас директоры Ким Хён Джин, «Shinhan Bank Kazakhstan» басқарма төрағасы Ким Хенг Ван, «Рахат» АҚ басқарама төрағасының орынбасары Пак Гин Ен, «SK E&C» компаниясы жобасының жетекшісі Джун Хун Ким қатысты.

1

Сонымен, «MPK Clinic» корей компаниясының қолдауымен 1125 дәрігер мен медицина қызметкерлеріне жеке қорғану құралдары ұсынылды. «Shinhan Bank» – құны 20 мың АҚШ доллары болатын 500 бірлік жеке қорғаныс құралдарын, «Lotte Rakhat» – құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын 500 бірлік жеке қорғаныс құралдарын ұсынса, «SK E&C» компаниясы құны 5 мың АҚШ доллары болатын 125 бірлік жеке қорғаныс құралдарын табыстады.

5

Бұл жеке қорғану құралдары инфекциялық госпитальдардың медицина қызметкерлеріне бөлініп берілетін болады.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус пандемиясы кезінде көрсеткен қолдауы үшін оңтүстіккореялық компаниялардың өкілдеріне алғысын білдірді.

1

«Қазіргі таңда бүкіл әлем жаһандық пандемиямен бетпе-бет келіп отырған осынау сын шақта бәрімізге де әрбір қолдау маңызды. Осылай бас біріктіріп, ниет тоғыстырып еңбек еткенде ғана қауіпті індеттің бетін қайтарамыз», – деді Т.Әбілдаев. – Бүгінде Алматы қаласында коронавирус бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында эпидемияға қарсы және емдеу-алдын алатын кешенді шаралар қабылдануда. Қаланың Жедел штабының басшылығымен атқарылып жатқан алдағы іс-әрекеттер ахуалдың біртіндеп тұрақтануына, инфекция жұқтырғандар көрсеткішінің төмендеуіне әкелетініне сенеміз».

Гуманитарлық көмек көрсетуге Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі қолдау көрсетті.

– Сыртқы істер министрлігі Кореядағы біздің елшілігіміз арқылы Қазақстандағы корей компаниялары консорциумына гуманитарлық көмек көрсетті. Консорциум үш компаниядан тұрады. Гуманитарлық көмек жеке қорғаныс құралдары түрінде 40 қораппен келді. Бұл бірінші партия емес. Бұған дейін «MPK Clinic» корей компаниясынан Алматының медициналық мекемелеріне ПЦР- тесттер жеткізілген еді,  – деді СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов.

4

Өз кезегінде корей компанияларының өкілдері эпидемиологиялық жағдайдың тез арада тұрақтануына тілек білдірді.

– Коронавируспен күресу үшін Алматы қаласы мен Қазақстанның барлық дәрігері бірігіп, күш-жігерлерін бірге жұмсауы тиіс. Қазір бүкіл әлемдегі және Қазақстандағы жағдай қиын, сондықтан біз осы мәселені бірге еңсере алатынымызға сенгім келеді. Коронавируспен күреске бөлінген бұл құралдар айтарлық көмегін береді деп үміттенемін, – деді «Shinhan Bank Kazakhstan» Басқарма төрағасы Ким Хенг Ван.

«Біздің компания басқа әріптестермен бірлесіп медицина қызметкерлеріне қорғаныс киімдерін беруді шешті. Қаладағы жағдайдың тұрақталуын тілейміз», – деді «Рахат» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Пак Гин Ен.

«Қазақстан коронавируспен бетпе-бет келгенде біз де шет қалмай, өз тарапымыздан көмек көрсеткіміз келді. Аталған індетті жеңіп, қала мен алматылықтардың бұрынғы қалыпты өміріне оралуын тілеймін. Мен Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас жалғасын тауып, Қазақстанға инвестиция құятын корей компанияларының да көп болғанын қалаймын», – деп атап өтті «SK E&C» өкілі Джун Хун Ким.

4