Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

«Атам Киізбай 43 жасында соғысқа өзі сұранып, оралмаған»

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің бетіндегі бүкіл халықты құлдық құрсауында ұстап, билігін жүргізгісі келген фашизм ашқан екінші Дүниежүзілік соғыстың желбірген Жеңіспен аяқталғанына биыл 75 жыл толды. Сол сұм соғыстың жалыны әлемдегі 60-тан астам елді шарпып, 40 мемлекеттің жерінде қантөгісті соғыс оты өзінің қасіретті ізін қалдырды. Ел басына күн туғанда, бүкіл халық бір кісідей жұмылып, қасиетті Отанды зұлым жау тырнағынан қорғап қалу жолында тынымсыз еңбек етті, сүйем жер үшін қасарыса қан төкті. Сол майданда ерлерше соғысқан қазақстандықтар өз алдына бір төбе. Олардың қатарында менің майдангер атам Киізбай Оспанов та бар.

«Атам Киізбай 43 жасында соғысқа өзі сұранып, оралмаған»

«Атам Киізбай Алматы облысы бұрынғы Гвардейск ауданы Малайсары станциясында 1898 жылы туылған. 1941 жылы фашизмдік зұлмат соғыс басталғаннан кейін өз елін қорғауға бел буады. Ол кезде атамның жасы 43-те екен. Елге төнген қауіпті ойлаған ол, ұрпағының бейбіт өмірі үшін Гвардейск ауданындағы әскери комиссариатқа өз еркімен барып, майданға жіберуге сұранады. Үйінде жұбайы, әжем Рахима апам мен екі баласы – ұлы Әмірхамза мен қызы Әмре қалса да, солардың болашағына қауіп төнбесін деген зор ниетпен майданға аттануға құлшынады. Солай атам 1941 жылдың соғыс басталған алғашқы айында Қызыл Тулы Тартуский гвардияшыларының 664-ші атқыштар дивизиясы құрамына жасақталып сапқа тұрады және Ленинград түбіндегі қан майданға аттанады. Аға жасы 43-ке келсе де фашизмдік жау басқыншыларының Ленинградты қоршауға алып, жаулап аламыз деген үмітін күл-талқан етуде атам өзге де жауынгерлермен бірге жан аямай шайқасыпты. Ленинград қаласының жауға берілмей, басқыншы жаудың қоршауын бұзып шығуында атамның да еселі еңбегі бар деп білемін. Бірақ, өкінішке орай, 1943 жылы атамнан хабар үзіледі, әжем Рахима мен екі баласы оны үкілеген үміттерін үзбей күтеді. Солай 1945 жылдың Жеңісті жаңғырығын естиді, алайда атам Киізбай үйіне оралмайды, қаралы хат та келмейді, еш хабарсыз кетеді. Атамның тұңғыш ұлы Әмірхамза оған іздеу де салады, бірақ бәрі де еш нәтижесіз болады. Әмірхамза атам, өз ұрпағына, яғни біздерге ол кісінің адамгершілігі, батырлығы мен өжеттілігі туралы үнемі өсиет қып айтып жүретін...

Атам Әмірхамза өмірден өткен соң, Киізбай атамның немересі Алик Елюбаев оны іздеуге кіріседі. Қазақстанның архивінен атам туралы ешбір құжат та, мәлімет те табылмаған соң, Ресей Федерациясының орталық архивіне хат жолдайды. Солай 2008 жылы Ресейдің орталық архивінен жауап хат келеді, онда Алматы облысы Гвардейск аудандық әскери комиссариатымен Кеңес Одағы әскерінің қатарына шақырылған 53-ші атқаштар дивизиясы 644 атқыштар полкінің құрамында шайқасқан пулеметші қатардағы Киізбай Оспанов 1943 жылы 15-ші ақпанда Ленинград облысы Залучный ауданы Большое встречное ауылының түбінде болған қанды ұрыста ерлікпен қаза тапты және сол жерде жерленген делінген. Атам туралы бар мәлімет осы ғана. Ерлікпен қаза тапқан ол кісінің есімі Қызыл Тулы Тартуский атқыштар дивизиясының мәңгілік еске алу кітабына енгізілді.

Қазіргі уақытта атам Киізбайдың жолын қуып, мен де Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына сапқа тұрдым. Ол кісінің біздер, ұрпағы үшін жанын қиғаны, біздің жарқын болашағымыз үшін ерен ерлік көрсеткені біз үшін ұран. Мен де атамның әскерилер династиясын жалғастырамын және ел басына күн туғанда етгіммен су кешуге әзірмін. Ол кісінің есімі мен жасаған ерлігі ұрпағымен бірге мәңгі жасайды! Ерлік – елдіктің қасиеті, ерлерді жер жұтса да, ел ұмытпайды», – дейді Киізбай Оспановтың шөбересі Айдос Сағындықұлы Байшағыров «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына жолдаған жүрекжарды естелігінде.

 

 

 

АЛМАТЫ