9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Жамбыл облысында айрықша акция бастау алды. «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» мерекелік акциясы аясында Әулиеата өңірінің өнер шеберлері жылжымалы экипажбен Тараз қаласын аралап, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жылжымалы экипаж бағдарламасы әуелі Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан басталды. Сонымен қатар, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары радио құрылғысы арқылы тұрғындарға мерекелік құттықтау жолдап, әскери және патриоттық әндерден радиокомпозияциялар орындады. Ал, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ және орыс драма театрларының актерлары қазақтың біртуар перзенттері Б.Момышұлының, Ә.Молдағұлованың, Р.Қошқарбаевтың бейнелерін сомдап, А.Константинованың «Фронтовая любовь» диалогын орындады. Сұрапыл соғыстағы батырлардың қайталанбас ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған акцияны қала тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдады. Тараздықтар экипаж мүшелерінің өнерін үйлерінің балкондарынан тамашалап, ризашылықтарын білдірді.
«Жеңіс» саябағынан соң экипаж бағыты орталық «Достық» алаңы арқылы Абай, Әйтеке би, Ташкент, Көшеней сияқты негізгі көшелерге ауысты. Одан соң экипаж қала мөлтекаудандарын және Тәуке хан, Төле би көшелерін жүріп өтіп, «Жеңіс» саябағына қайта оралды. Сондай-ақ, қала тұрғындары аталған акцияны «Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы» фейбук парақшасындағы тікелей эфирден де тамашалады.
Жамбыл облысы