Аймақтар • 10 Мамыр, 2020

Жеңіске үлес қосқан жандарды құттықтады

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының көзі тірі майдангерлерінің арасында Григорий Красильников те бар. Оның майдандағы жолы 7 мың шақырымнан артық. Соғыс жылдарында Татарстаннан әуелі Хабаровскідегі әскерге жіберілген ол жеңісті Польшаның Люблин қаласында қарсы алған.

Жеңіске үлес қосқан жандарды құттықтады

«1943 жылы Жапония тарапынан қауіп сейіліп, кеңестік әскерлер батысқа жіберілгенде бізді де сонда жөнелтті. Осында алдымен Курск доғасындағы шайқасқа үш апта қатысып, басыма минаның жарықшағы тиген соң госпитальға жатқызылдым. Ол жерде петлицаларында ұшақтың белгілері бар әскери адам келіп, бізбен әңгімелесті. Маған «Авиацияға барғың келе ме?"-деді. Мен өзімнің жаяу әскер екенімді айттым. Ол болса, үйретеміз, бізге келесің деп мені жазып алып кетті», дейді майдангер.

Содан авиацияда қызмет еткен ол 1945 жылы Люблин маңындағы аэродромды атқылау кезінде ауыр жарақаттаныпты. Жеңіс көктемінде ауруханада жатып, үйіне қараша айында оралған. Аудандық милиция бөліміне сауатты есепші-хатшы керек болып, оны сол жерге жұмысқа шақырған. "Мен педучилище бітіргенмін. Қалайша есепші боламын?"- деген күмәніне "Үйренесің!" деп бір-ақ қайырған. Бірақ  кабинетте отырып жұмыс істеу көңілінен шықпай, ол милиция мектебіне оқуға жіберуді өтінген. Оқудан кейін оны Солтүстік Қазақстанға жіберіп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жедел лауазымдарда ширек ғасыр қызмет атқарыпты.

Зейнетке 48 жасында шыққанымен, 80 жасқа дейін жұмыс істеген екен.

Облыстық полиция департаменті қызметкерлері Григорий Ивановичті ұмыт қалдырмай, жеңіс күні қарсаңында департамент басшысы Марат Төлебаев ардагерге барып, жылы лебізін білдіріп, құттықтады.  

Осы күні СҚО Ювеналдық полицейлері тыл еңбеккерлерін құттықтады. Соның ішінде 81 жастағы Мария Тымчук те бар. Еңбек ардагері сұрапыл жылдарда концлагерьде болған кезін еміс-еміс есінде сақтапты. Жараланған немістер үшін балалардан қан алу бес жастағы қыздың есінде мәңгі қалған. Тағдырдың жазуымен тірі қалған олар соғыстан кейін Смоленск қаласының түбіндегі туған өлкесіне келгенде ондағы үйлерінің орны ғана қалғанын көреді. Содан, тағдырдың жазуымен Қазақстаннан пана тапқан екен. Қазір ол Қызылжар қаласында жалғыз тұрады.

Ювеналдық полиция қызметкерлері осындай жалғызбасты жандарды құттықтап, оларға қуаныш сыйлады.

 

ПЕТРОПАВЛ