Әдебиет • 10 Мамыр, 2020

Кітапханашылар тақырыбы: жеңіске тағзым

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

8 мамыр күні Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Жеңіске тағзым» атты халықаралық онлайн-кездесу өтті.

Кітапханашылар тақырыбы: жеңіске тағзым

Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ардагерлерді еске алып, өскелең ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеудің негізгі факторлары ретінде қоғамдық татулыққа ерекше мән беруді мақсат тұтқан онлайн-марафон Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның модераторлығымен өтті.

–Біздің халқымыздың майдандағы орасан зор күш-жігерінің, тылдағы ерліктерінің арқасында Ұлы Жеңіс күніне жетті. Қазақстан халқының да осы бір өмірдің қатал емтиханына төтеп бергенін мақтан тұта айта аламыз. Бұл соғысқа бір жарым миллион қазақстандықтар қатысты. Адамдардың жүрегінде Отан қорғаушыларға деген құрмет әрқашан өмір сүруі керек, – деп сөз бастаған жиын модераторы сұм соғыстың ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.

Онлайн-кездесуге қатысқан Ресей мемлекеттік кітапханасының бренд-менеджері Наталья Шкуднова 75 жылдықтың қарсаңында жасалып жатқан жұмыстарымен бөлісіп:  

– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Кітапхана түні. Біздің жеңісіміздің естелігі» атты жобаны қолға алдық. Бұл жобаға қазақстандықтар да қатысты. Әрбір қатысушы Ұлы Отан соғысы тақырыбында шығармалар оқып, видеороликтерін әлеуметтік желілерде жариялады. 4000-нан астам кітапханалардан әртүрлі жұмыстар келіп түсті. Жалпы онлайн марафонға 40 000-астам адам қатысты. Сондай ақ, өлең оқып жолдаған балалар да болды, – деді.

Тарихы тереңнен тамыр тартатын Ұлттық кітапхана қызметкерлерінің басым бөлігі майданға аттаныпты. Атап айтсақ, ағайынды Ахметовтер, Иван Вандаренко, Владимир Махавиков, кітапхана директоры Мұхтар Жанғалин бар. Барлығы 20 адам болған: оның ішінде 10-ы қыз бала. Бұл туралы Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова айтты. Сондай-ақ:

– Соғыс жылдарында біздің кітапхананың оқу залында Толстой, Успенский, Машак, Абрикосов, Черкасовтар жұмыс істеген. Бұл кісілер Кеңес Одағының ерекше талантты, шығармашыл тұлғалары болатын. Алматыда «Иван Грозный» фильмі түсірілгені жөнінде Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде Эйзенштейннің фильм түсірілімінен соң түскен 8 сурет салған дәптері сақтаулы тұр. Мұнда әртістердің киімі, бас киімі, аяқ киімі қалай болуы керектігі жазылған. Бұл дәптерлерді сол кезде режиссерден кітапхана директоры 1300 рубльге сатып алған екен, – деп сөзін жалғады.

Шығыс Қазақстан облысының 109 тұрғыны «Кеңес Одағының батыры» атағын алғаны туралы баяндаған А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхананың директоры Бибігүл Шагиева:

- Кейінгі өлкетанушылар бұрын көтерілмеген тақырыптар аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрбір Ұлы отан соғысына қатысқан батыр туралы библиографиялық зерттеу жинақталуда. Бұл базада зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа тың ақпараттармен толықтырылуда. Соғысқа жіберілген 10 оқ-дәрінің 9-ы Өскемен қаласындағы заводтардан шығарылған.  Батырларымыздың аналары, жұбайлары, тіпті, балалары да бір кісідей жұмылып, егін алқаптарында, жұмысшы күш қажет етілген өндіріс орындарында  қызмет еткен, – деп ой тарқатты.

Кездесу барысында ҰАК қорларындағы соғыс туралы кітаптар мен соғыс жылдарындағы кітапханалардың тарихы туралы қызықты деректер қамтылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Аталған конференция қазақ және орыс тілдерінде өтті. Шара соңында онлайн қатысушы қонақтар «Тырналар» әнін бірге шырқады.