Руханият • 11 Мамыр, 2020

Қалыбай Тасқұлов пен Алим Хакимов – қай елдің қаһармандары?!.

40 реткөрсетілді

Оңтүстік Қазақстан (кейіннен Шымкент, қайтадан Оңтүстік Қазақстан деп аталған, қазіргі Түркістан) облысының құрамында 1932-1956 жылдары Бостандық деген аудан болғанын біреу білсе, біреу білмес. Себебі солақай саясаттың салдарынан 1956 жылдың ақпан айында аталмыш аудан көршілес Өзбекстандағы Ташкент облысының қарамағына еріксіз беріліп кеткен болатын. Міне, осы ауданнан Ұлы Отан соғысына аттанып, қанды майданда көрсеткен ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанған Қалыбай Тасқұлов пен Алим Хакимов сынды азаматтар шыққан.

Олардың есімі 1969 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Кеңес Ода­ғының қазақстандық Батырлары» атты қос­томдықтың (құрастырушылар – П.С.Белан, Н.П.Калита) екінші томына енген. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ бұл екеуінің қай елдің қаһармандары екенін жете біле бермейді. Өйткені Шымкенттей шырайлы шаһарда 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай ашылған Даңқ мемориалында есімдері алтын әріп­пен қашап жазылған елу шақты Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің арасынан олардың аты-жөнін кезіктіре алмайсыз. Ал Ташкент пен бүгінгі Бостандық ауданының орталығы –Ғазалкент қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне орнатылған ескерткіш тақтада олардың аты-жөнінің бар немесе жоқ екені бізге белгісіз. Сонда бұл екеуі қай елдің қаһар­мандары болғаны?!.

Қалыбай Тасқұлов 1922 жылы Оңтүс­тік Қазақстан облысының Бостандық ауданындағы Асық ата (қазіргі Домалақ Ана) ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Сарбаз болған кезде оның жасы жиырмаға да жетпеген екен. Днепр өзенінен өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін 1943 жылғы 30 қазан күні қатардағы жауынгер Қалыбай Тасқұловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Ол өзінің қатар құрдастарынан ерекше туған жоқ. Мектепте оқыды. Жайлауда қой жайды. Мүмкін майданға аттанар сәтте Қалыбай Тасқұловтың туған жерге Батыр болып ораламын деп әкесіне берген сертіне жұрт онша сене де қоймаған шығар.

Жексұрын жауға қарсы кескілескен шай­қастарда оның бұғанасы бекіп, қа­бырғасы қатая түскен. Днепр өзеніне таяу жердегі ұрыстардың бірінде көрсеткен ер­лігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен ма­рапатталған.

Ал осыдан кейін Днепр тарихи шай­қасының куәсі болған. Мұнда басқа да көп­теген қазақ жауынгерлері сияқты жас жауын­­гер Қалыбай Тасқұлов та өзін хас ба­тыр­ларша көрсеткен. Ол 69-Қызылтулы Севск диви­зия­сы 120-атқыштар полкінің Днепр өзені­нен алғашқылар қатарында өткен автоматшы десант тобының құ­рамында болатын. Кеңес жауынгерлері фашистермен ашық айқас­қан. Днепр өзенінің жағалауындағы көр­­сеткен ерекше ерлігі үшін Қалыбай Тас­құлов Кеңес Одағының Батыры атағына ие бол­ған.

Туған жеріндегі «Еңбекші» (кейіннен Фрунзе атындағы ұжымдық шаруашылық деп аталған, қазіргі Еңбек ауылы) ұжымдық шаруа­шылығында тұратын әкесіне жас батыр мына жыр шумақтарын сол кезде жазған екен:

Днепр өзенінен өткізді менің өз елім,

От кешіп жүріп өртенді

талай өзегім.

Жіберді ел мені қасірет жасын

төкпеуге,

Қызғыштай сонда қорғауға

мөлдір өзенін.

 

Ант етем мынау тұрғанда кеуде,

қол аман,

Қуамын жауды қуанышымды

тонаған.

Берлинге жетіп, Жеңісті біз тойлап,

Содан соң қайсар Батыр боп

елге оралам...

Осылайша Қалыбай өз сертін абыроймен орындаған. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін ол ел игілігі жолында еселі еңбек ет­кен.

Алим Хакимов 1919 жылы Оңтүстік Қа­зақстан облысының Бостандық ауданында дүниеге келген. Ұлты – тәжік. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының мүшесі. 1939 жылдың қазан айында Қы­зыл әскер қатарына шақырылған. 1942 жылдың наурыз айынан бастап май­дан­дағы ұрыс әрекеттеріне қатысқан. Әскери училищені бітіргеннен кейін майор Алим Хакимов 143-Қызылтулы Суворов орденді Конотопск-Коростеньск атқыш­тар дивизиясының батальон командирі бол­ған. 1945 жылғы 27 ақпанда оған Ке­ңес Ода­ғының Батыры атағы берілген. Бата­льон­­ның ержүрек командирі Қызыл Ту және Алек­­сандр Невский ордендерімен марапат­талған.

143-атқыштар дивизиясы 487-полкінің ержүрек офицері, майор Алим Хакимов өз батырлығымен даңққа бөленген. 1943 жылы жазда Курск иініндегі кескілескен шайқастарда ол басқарған батальон неміс-фашистерінің қорғаныс шептерін алдымен бұзып өткен. 1944 жылғы шілде айының басында Алим Хакимов басқарған батальон Ковель қаласының түбіндегі қиян-кескі шайқастарда ерекше көзге түскен.

Кеңес офицері Алим Хакимовтің әскери таланты әсіресе Польшаның астанасы –Варшава маңындағы ұрыстарда барынша тұлғаланып көрінген. Оның марапат қағазында қысқаша жазылған мынадай жолдар бар: «1945 жылғы 15 қаңтарда Вар­шава аймағындағы Стара деревнясының төңірегінде жаудың қорғаныс шебін бұзып өтерде Алим Хакимов жолдас дұшпанның адам күші мен техникасын елеулі шығынға ұшыратқан. Жауды өкшелей қуа отырып, өз батальонының жеке құрамын Висла өзенінен дивизияда бірінші болып өткізген. Дұшпанның екі траншеядан тұратын плацдармын иеленіп, Модлин - Варшава тас жолын ұстап тұрған. Осы жолы дұшпанның жаяу әскерлері мен жүктері тиелген бес автомашинасын жойып жіберілген».

Бұл қалай болған еді?.. Майор Алим Хакимовтің басшылығындағы батальон­ның Висла өзенінен өтіп шығуы мұң екен, гитлершілер үсті-үстіне қиян-кескі қарсы шабуыл жасаған. Жарылған бомбалар мен снарядтардан жер сол­қылдаған. 12 сағат ішінде батальон өз­деріне қарай жасалған 15 шабуылды той­тарған. Содан соң неміс-фашистері сегіз танкісін және оған ертіп автоматшыларын ұрысқа шығарған. Танктердің бетке алған бағытына, бата­льонның оң жақ қанатына майор Алим Ха­кимов нағыз ержүрек әрі тәжірибелі коммунист жауынгерлерді жинаған болатын. Батерея командирі капитан Смыслов тура нысанаға алып, жетекші машинаны, бұдан бөлек тағы екі танкті қоса қабат жайратқан. Жауынгерлер – Игумнов пен Башкиров танкіге қарсы қолданылатын гранаталармен жау танкілерін қиратқан. Мед­ведев пен Кухляренко танктердің со­ңын­да келе жатқан автоматшыларға пулемет­пен оқ боратқан. Батальон командирінің сая­­си жұмыстар жөніндегі орынбасары Исто­минов пен аға лейтенант Баранов қол пулемет­­терімен айқыш-ұйқыш оқ себелеген. Жау жағы көп шығынға ұшыраған. Ұрыс дала­­сында дұшпанның төрт танкісі мен 120 өлігі қалған. Төрт офицері мен 30 солдаты тұт­қынға алынған.

Ұрыста көрсеткен ерлігі мен қаһар­ман­дығы үшін майор Алим Хакимов пен бір топ жауынгерге 1945 жылғы 27 ақпанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1932 жылы құрылған Бостандық ауданы 1956 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының құра­мында болған. Біз сөз еткен қос қаһар­ман Ұлы Отан соғысына осы жерден, яғни Қа­зақ­станнан аттанған. Демек, олар – біздің еліміздің Батырлары емес пе?!. Соған қара­мас­тан, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жыл­дық мерейтойына орай Шымкентте ашыл­ған Даңқ мемориалынан бұл екеуінің есімін кезік­тіре алмайсыз.

Мұны айтасыздар, онда тарихта бейне­бір Бостандық ауданы болмағандай, бұл аудан­­­­нан қанды майданға аттанған жауын­герл­ердің бірде-бірінің аты-жөні жазыл­маған.

Әрбір халық өзінің батырларын бі­ліп қана қоймастан, оларға құрмет пен тағ­зым етуі тиіс. Ерлер есімі ел есінде мәң­гі сақ­та­луы­ үшін олардың аты-жөнін энци­клопе­дия­­­ларға енгізген мақұл. Қаһармандар туралы кітаптар жазып, ескерткіштер ор­нату да ар­тық етпейді. Өйткені елдің азат­тығы үшін ерлік көрсеткендердің есімдері ұмы­тыл­мауы тиіс!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі

 

Шымкент

 

Соңғы жаңалықтар

Елдік нышандар тарихы

Қазақстан • Бүгін, 18:14

Атырау: Үй қамаққа қамалған қыз

Аймақтар • Бүгін, 18:00

Биыл ауылға табиғи газ жетеді

Аймақтар • Бүгін, 14:29

Ұқсас жаңалықтар