Өнер • 12 Мамыр, 2020

Қайыстан қамшы өріп, жүген түйген

2465 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың қолөнері – ұлттық мұрамыз, халық қазынасы. Ұлттық қол- өнеріміз халықтың этикалық, эстетикалық, мәдени дәстүрін көрсетеді. Қазақ халқының таза, табиғи материалдардан жасалатын қолөнері бүгінде ұлттық брендке айналып келеді.

Қайыстан қамшы өріп, жүген түйген

Бұлдырты ауылында Мұрат Рама­­занов есімді тері илеп, таза қайыс­тан қамшы өріп, жүген түйіп, ағаш­тан ою ойып, ұлттық нақыштағы бұйым­дарды жасап жүрген қолөнер шебері бар. М­ұ­рат Кішібекұлы – Бұлдырты орта мектебінде технология пәнінен жиырма жеті жыл бойы сабақ беріп келеді. Оның алтын қолынан шыққан бұйымдар Сырым ауданының облысқа апарған көрмелеріне көрік беріп жүр.

Қолөнер шебері өгіздің терісін өзі илеп, жұмсақ қайысқа айналдырып, тапсырыспен бесіктой, сүндет- той­ларға немесе балабақшадағы балапандарға билеуге, үйдің төріне іліп қоюға арналған әдемі, шағын қамшы өреді. Кейбір бесіктойларда малға ұстаған, ескі, үлкен қам­шыларды қолданып жатады. Мұрат ағаның пікірінше, қырқынан жа­ңа шыққан сәбиді бесікке салуда қорадағы қам­шыны пайдалану тазалық талаптарына сай емес. Қамшының сабын оюлап, зерлеп, ұлттық нақыш бергенді жаны сүйеді. Атқа мінетін әйел-аналар үшін де шашақтап, сәндеп, әдемілеп, жұмсақ қайыстан арнайы істеген қамшылары да бар екен. Қайыстан бірдей етіп бірнеше таспа тіліп, оны ысқылап, қырларын ептеп, өткір пышақпен сыпырып алады екен. Одан кейін төрт өрім, алты өрім, сегіз өрім, жыланбауыр қамшылар дайындайды. Өру­дің өзінің де түрлері көп екен. Ат қамшы, көкпар қамшы, бәйге қамшылар ұзындығы мен жуандығына қарай түрліше болады. Кейбір қамшылардың саптарын да өрілген қайыспен сән­дейді. Қамшының сабын Бұлдырты жерінде өсетін тобылғыдан жасайды. Тобылғы – қатты, сынбайтын, тығыз, төзімді ағаштың бір түрі. Қамшы жасауды балаларға үйретуге бір апта кетеді. Ал өзі жасаса, 3-4 күнде бір қамшы дайын. Мұрат аға қайыстан тіпті белбеу де жасап қойыпты.

– Әке-шешем малшы, шопан бол­ды. Бүгінде мен жасап жүрген нәр­селер олардың күнделікті тұрмыс-тір­шілігіндегі бұйымдар еді. Әкем ат әбзелдеріне өте мұқият қарайтын. Уақы­тымен майлап, күтетін. Бізге де солай үйретті. «Әке көрген оқ жонар» деп, ұяда көр­геніміз есейіп-ержеткенде сүйікті ісі­мізге айналды. Бүгінде ауыл­дық жер­лерде жүгеннің орнын жіп басты. Қолдан арнайы жүген жасап жылқыға тағатындар кемде-кем. Бара-бара жас ұрпақ ат үстінде жүрген қазақтың ноқ­та-жүгені, ері қандай болатынын ұмы­тып қала ма деп қорқамын. Қазір ат­ты арбаға, шанаға жегетіндер сирек, бір­тіндеп ұмытылып бара жатыр. Салт-дәстүрді, қазақылығымызды ұмытпау үшін сабақтарымда ұлттық бұйымдар жасап үйретемін. Оны балаларға біз айтып-үйретпесек, кім дәріптейді? – дейді Мұрат аға.

2006 және 2013 жылдары Нұр-Сұлтан қаласына технология пәні бойынша оқушыларын көрмеге қатыстырып, барып келді. Ондағы мақсаты – балалар, үйренсін, қызықсын деген ой. Қала күніне орай ауданымыздан барған көрмеге көптеген бұйымы қойылды.

Сәндік-қолданбалы өнер үйір­месін жүргізіп келетін педагог өз жұмысында ұлттық бағытты ұс­танады. Ағаш, тері, былғары, кез келген бұйымнан сәндік-қолданбалы өнер туындысын жасауға болатынын оқушыларға сіңіріп келеді. Тайға мінетін кездері балалардың ноқ­та-жүген түйіп, қамшы өруге деген қы­зығушылығы арта түседі екен. Жүген түю­ге, теріні ысқылауға, өздеріне қамшы жасап алуға арнайы келіп көмектеседі. Сәкен Ғарифуллин, Мүслім Амангелді, Данат Жексем­баев, басқа да үйірмеге келіп, ұс­таздарынан ұлттық қолөнерді үй­реніп жүрген белсенді шәкірттері бар. Әттеген-айы, қайыстың иісін ұнат­пайтын да балалар бар екен.

– Теріні төртке бөліп, сүтке, айранға салып ашытып, тұз салып, ағаш бөшкеге батырып қояды. Теріні жасалынатын бұйымның көлеміне қарай бөліп салған дұрыс. Малдың терісінің мойны қалың болады, арт жағына, шабына, бауырына қарай жұқарады. Кейбіреулер теріні плас­тик, темір бөшкелерге салады екен, Мұрат ағаның айтуынша, темірге салын­ған тері көкаязданып, қатыңқы болып шығады. Уақытымен, күннің райына қарай қарап тұрады. Күн ыстық болса, тері тез ашиды. Бір терінің толықтай иленіп болуы үшін 15-20 күн кетеді екен. Тері ашыған соң, оны алады, одан кейін тері жери бастайды екен. Жерігенде көп тұр­ғызбаған жақсы екен, әйтпесе құрт түсіп, бетіндегі жұқа қабатын жеп тастайды. Түктері түсе бастайды, сол кезде бетін қырып, түгін пы­шақ­пен, күрекпен түгел алу керек. Бір қызығы, терінің иле­нуі адамның кө­ңіл күйіне тікелей байланысты көрінеді. Жақсы көңіл күймен иленген тері де сапалы шығады.

Бүгінде далаға, қоқысқа таста­лып жатқан терілердің ысырап бо­лып жат­қаны Мұрат ағаны тол­ғандырады. Қа­зақтың киімі, жиһазы, ыдысы, төсе­ніші, тұтынатын түрлі бұйымдары тері­ден болғанын бала­ларға айтудан жалық­пайды. Біреудің үйінде көнеден келе жатқан бұйым бар екен дегенді естісе, аяқтай барып, неден, қалай жасалғанын көзбен көруге тырысады.

Мұрат Кішібекұлы шәкірттерімен бірге ағаштан арнайы күйдірілген, қа­шалған, лакталған, ою-өрнекпен зерленген шағын домбыра, нан тақтай, дойбы тақтасы, кітап сөресі, майлық салғыш, ойыншықтар, фотосурет жақ­таулары, консервілік құтылардан жасал­ған бұйымдарға кабинетті толтырыпты. Кейде ойға алған нәрсені жасап шы­ғару үшін материал жетіспей жатады. Ондайда шебер қажетті материалдарды өз қаражатына сатып алады.

Ұлттық қолөнерімізді насихаттап, өске­лең ұрпаққа дәріптеп, бар білге­нін үйретіп жүрген ұстаздың еңбегі өл­шеусіз. Ұлттық қолөнерді әлі де жандан­дыра түсуі үшін шеберге қолдау керек. Ойда жүрген көп нәрсені балаларға үйрету үшін материалдар қажет.

Ауданда ұлттық тәрбие көзі – қолөнер үйірмесіне көбірек көңіл бөлініп, тері илеу, қайыстан қамшы өру, ноқта-жүген түю сабақтарына көбірек сағат бөлінсе нұр үстіне, нұр болар еді.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

 

Батыс Қазақстан облысы