Әр қазақты ағайындай көріп, еш уақытта өкпе айтпай, елінің, халқының көп жыл талай ауыртпалығын қара нардай көтеріп келе жатқан Қуаныш Сұлтанұлы – ерекше тұлға.
Әр заманның өзіне лайық белгілі азаматтары болады. Бірақ уақыт өте көрегенділігі мен көсемдігіне сай білімді адамдар ғана өзгерістер мен қиыншылықтарға қайыспай, заман талабынан қалыспай Қазақстанымыздың тарихи жолдағы ұлы көшінің үнемі алғы легінде қалады.
Сұрағынан гөрі ұраны басымырақ бесжылдықтардың, тоқырау мен қайта құру кезінде де абыройын жоғары ұстай білген Қуаныш Сұлтанұлы халқымыз егемендікке жетіп, көк туымыздың тұрақты тұғырында желбіреуіне де Елбасының жанында талай аса жауапты лауазымды қызметтерде болып, іргелі іс тындырып, қомақты үлес қосты. Елбасымыздың үзеңгілес сенімді серігінің ең басты қасиеттері – керемет еңбекқорлығы мен мейлінше адалдығы, жоғары азаматтығы және терең білімдарлығы дер едім.
Әр адамның өз тағдыры, өз өмір жолы бар. Жарты ғасырлық еңбек жолында тамаша адамдармен кездесіп, танысып, таныстығымыз жалғасып, қызметтес болып, адами қасиеттерімен, адалдығымен, адамгершілігімен ерекшеленетін жандарға жақын жүргенім мен үшін үлкен өмір мектебі болды.
Жасымыз қарайлас болса да, Қуаныш Сұлтанұлының жүріп өткен жолдары, көрген-білгені, табиғат берген тамаша мінезі талай адамға, оның ішінде мен үшін үлгі.
Қуаныш ағамыз кезінде жастардың білім алып, еңбек етіп, елін, халқын сүйіп, дұрыс өмір сүруіне бағыт-бағдар беріп, басшылық еткен комсомол жұмысын басқарған кезінде-ақ үлкен болашағы бар, тегеурінді, ұйымдастырғыш, қабілетті қасиеттерін көрсете білген-ді. Кезінде партия жұмысында да Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдениет бөлімінің, одан кейін ұйымдастыру бөлімінің басшысы болуы аса үлкен лауазым, жауапкершілік еді. Сол жылдары талай азаматты сынаған тарихи кезеңдерден де халқының адал ұлы, саналы саясаткері, беделді басшы екенін көрсетіп, еңсесі жоғары болды.
Сексенінші жылдардың аяғында, тоқсаныншы жылдардың басында Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Орталық партия комитетінің насихат бөлімінің басшысы болып қызмет етті.
Өмір жолындағы белгілі белестерден әбден шыңдалып шыққан Қуаныш Сұлтанұлы егемендігіміздің аса ауыр елең-алаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серігінің бірі болды. Қазақта «көз көрген» деген терең мағыналы сөз бар. Қуаныш Сұлтанұлы Нұрсұлтан Әбішұлын ерте түсініп, кейбір күрделі кезеңдерде де Елбасының көңілінен шыққан азамат болды. Тәуелсіздік жылдарында Парламент төрағасының орынбасары, Министр, Үкімет басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 1991 жылдың тамызында Президент жарлығымен Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі құрылып, Қуаныш Сұлтанұлы тұңғыш министр лауазымына тағайындалды. Бұл кез – жаңа мемлекет құрылысының алғышарттары жобаланып жатқан саяси қарбалас шақ болатын.
Осындай жағдайда жаңадан құрылған министрліктің алдында кезек күттірмейтін өте күрделі міндеттер тұрды. Қысқа мерзімде министрлік Қазақстандағы саяси, экономикалық, қоғамдық ахуалдар мен құбылыстарға жан-жақты талдау сараптамаларын жасап, еліміздің Президентіне тапсырып тұруды жолға қойды. Ол кезде бүгінгідей дария болып толассыз толқынмен ағылып, төгіліп жатқан ақпарат, ғаламтор жоқ болатын. Қуаныш Сұлтанұлының басшылығымен ең алғашқы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы әзірленді.
Қазіргі Қазақстанымыздың дүние жүзіне танылған, озық елідерде оқып, тәрбие алған өнер саңлақтары Үкімет басшысының орынбасары болған кездегі Қуаныш ағамыз басқарған мәдениет саласының бір көрінісі. Бүгінде елімізді әлемге танытып жүрген Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсаходжаева, Марат Бисенғалиев, Жания Әубәкірова сынды майталмандар сол жылдарда мәдениет саласын басқаруда жасалған қамқорлықтың нәтижесі.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болған Қуаныш ағамыздың шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бұрындары Жоғарғы Кеңес қабырғасында бірнеше айлап жатып қалатын заң жобаларын нығайтып, оларды дер уақытында қабылдау жолға қойылды.
1995 жылы сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі болып барды. Сол жылдары, 2001 жылға дейін, Қытай елімен қатар Моңғолия, Корей Халық Демократиялық Республикасы және Вьетнам елдеріндегі елшілік істерін қоса атқарды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары сыртқы саясатты жүзеге асыратын негізгі тұлға дипломаттар болғандықтан, Мемлекет басшысы, республиканың кәсіби дипломатиясын жасақтау мәселесіне айрықша мән берді. Сыртқы саясат ведомствосын халықаралық қатынастар саласының мамандарымен жедел түрде қамтамасыз ету, жұмыстың тиісті учаскесіне басшылар іріктеу қажеттілігі туындады. Ең қиыны ол кезде Қазақстанда дипломаттар даярлайтын бірде-бір мамандандырылған оқу орны жоқтың қасында еді.
Алғашқылардың қатарында болып Қуаныш Сұлтанұлы Қазақстанның Қытай еліндегі елшісі болуы, біздің көршілес үлкен елмен қарым-қатынасымыздың, экономикалық байланысымыздың дұрыс бағытта нығаюына септігін тигізді.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде «көршіні құдай береді деген бар» деп жиі айтып отырады. Елбасымыз қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты орнықтыру үшін Қуаныш Сұлтанұлына жай ғана лауазымды қызмет ұсынбай, Қытаймен жаңа дәуірде жаңа қатынас қажеттілігін, онымен тату көршілік, өзара сауда-экономикалық, әріптестік қарым-қатынас қалыптастырудың маңыздылығын айтып, екі мемлекет арасында шекаралық келісімге қол жеткізу мақсатында қызмет етуге сенім білдірді.
Қытайда елші болған алты жыл Қуаныш Сұлтанұлы өмірбаянының айрықша беттері деуге болады. Өйткені өзі үшін бұрын болжай алмаған жаңа әлем ашылды. Алып екі көршіміздің бірі саналатын Қытай елінде Қазақстанның елшісі қызметін атқарып, қазақ елінің тату көршілік саясатын дамытты. Ең бастысы, екі елдің шекаралық келісіміне Қуаныш Сұлтанұлы елші болған тұста қол қойылды. Қытаймен тату көршілік саясатты қалыптастыруда, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын биіктетуге адал қызмет етті.
2001-2011 жылдары Қуаныш Сұлтанұлы Парламент Сенатынын депутаты, Әлеуметтік және мәдени даму комитетінің төрағасы, кейін Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған жылдары да Тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы жолында ең алдымен Ата заңда жазылған баптарға сүйене отырып, мемлекеттік құрылыстың негізін қалайтын аса маңызды құжаттар қабылдауда сіңірген еңбегі орасан.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V және VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы, 2013 жылдан бері Бас Прокуратура Қоғамдық кеңесінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Сенаторлар кеңесінің мүшесі, көптеген халықаралық ұйымның мүшесі.
Мол тәжірибесімен, ерекше қабілетімен еліміздің халықаралық дәрежедегі мүддесін қорғауға үлес қосып келеді. Еңбегіне сай Қуаныш Сұлтанұлы көптеген мемлекеттік наградалармен (Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», Екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медальдарымен) марапатталған, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері», «Алматы облысының Құрметті азаматы» атақтарының иегері. Саяси ғылымдар докторы, Президент жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының профессоры, Саяси ғылымдар Академиясының академигі.
Қуаныш Сұлтанұлымен бір комитетте жұмыс жасап, көптеген мәселені терең білетін, асықпай, мұқият, талдап қарайтын, тегеурінді, ұстанымды мінезіне құрметпен қарап, тәнті болып келеміз.
Қуаныш Сұлтанұлының қазақстандық парламентаризмді дамыту мен Nur Otan партиясында атқарып келе жатқан істері мен еңбегі жоғарыда өзі жазғандай бөлек бір мақалаға лайық.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тәуелсіз Қазақстанымыздың даму жолындағы жаңа бағыт-бағдарламаларының жүзеге асуына елеулі үлес қосып келе жатқан ең беделді, тәжірибелі азаматтардың бірі.
«Жолы болар жігіттің жақсы келер қасына» дегендей талай жолы болған азаматтар Қуаныш ағамыздың жанында жүріп қалыптасқаны, ұстаз тұтып, сыртынан мақтанышпен қарап жүргені сөзсіз.
Бір-біріміздің шаңырағымызда болып, сыйласып жүргендіктен ағамыздың жары Бейбіт жеңгеміздің (тәтеміздің) ақ жарқын, кең пейіл, парасатты жүзінен үнемі үлкен ұлағаттылық пен әйел жанына тән сыпайылықты, әдемілікті көреміз. Ағамыз бен Бейбіт жеңгеміз дүниеге үш қыз, екі ұл әкелген.
Қуаныш Сұлтанұлының, отбасының, өмір жолында жеткен жетістіктері мен жүрген ортадағы ерекшеліктерін ағамыздың кезекті мерейлі жасқа толуы қарсаңында қуана еске алып:
Қадамыңыз өмірде аттап
басқан,
Қасиет бойға сіңген бала
жастан,
Келеді төрге тартып,
өрге сүйреп,
Өзгермегей сол бақыт
қалыптасқан,
деп тілек білдіреміз!
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы