25 Қыркүйек, 2013

Дәурен-ай!..

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жебемеген жетiм менен жесiрдi,

Өлеңшiлер аяспасқа бекiндi.

Жүрiп өткен иiр-қиыр жолдарым,

Менiң нәзiк ғұмырнамам секiлдi.

касым бегманов

Қасымхан БЕГМАНОВ.

 

ӨЛЕҢ

Жебемеген жетiм менен жесiрдi,

Өлеңшiлер аяспасқа бекiндi.

Жүрiп өткен иiр-қиыр жолдарым,

Менiң нәзiк ғұмырнамам секiлдi.

 

Жанына ерiп арманы асқақ жандардың,

Гаванада теңiз мұңын аңғардым.

Үрiмшiде үр қызына ғашық боп,

Ыстамбұлдың көшесiнде сандалдым.

 

Мұңдарымды түсiн, гүлiм, кеш, гүлiм,

Жазықсыздан жаман сөздер естiдiм.

Қара жолда жалғыз келе жатып мен,

Сенi есiме ап, елдi есiме ап, өксiдiм.

 

Жылдар мынау үнсiз-тiлсiз жылысқан,

Мектепте мен құтылмадым бұрыштан.

«Ең болмаса дән септiрiп, жүн жинар,

Бригадир болмадың», – деп ұрысқан.

 

Қайран әкем, зiлсiз ғана зекiген,

Кеше сенi өкпелетiп кетiп ем.

Қара өлеңдей қадiрлi дос таппадым,

Бәрi жалған...

бәрi өткiншi, өкiнем.

 

БIЗДIҢ АУЫЛ

Ана өзекке жоғалады сай барып,

Қасқырлары көкке қарап ұлыған.

Байлығы үшiн кiсенделiп, айдалып,

Мырзалары итжеккенге құрыған.

 

Бiздiң ауыл тарихы бар қатпарлы,

Ясауидiң көк күмбезi көрiнген.

Итжеккеннен келген хаттар сақталды,

Айналдым мен қасiреттi елiмнен.

 

Бабайқорған Майдамталға ұласқан,

Анау жатыр ата-баба кезеңi.

Теңбiл-теңбiл бұлтты аспан, бiр аспан,

Ағып жатыр Қарашықтың өзенi.

 

Қасиеттi асыл сезiм бауыр бұл,

Бiр-бiрiне ғайбат сөздер айтпаған.

Бiздiң ауыл қасiреттi ауыл бұл,

Мырзалары итжеккеннен қайтпаған.

 

«Алтын аймақ»...

айтпаған ғой деп бекер,

Сағынғанда елге кеткiм келедi.

Сен аман бол, талай ұрпақ кеп-кетер,

Мұңлы-мұңлы ән мен жырдың мекенi.

 

НҮКТЕ

Неткен қайғы, неткен мұң,

Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн.

Баяғыда осы ауылдан мұңайып,

Елден жырақ қайғы арқалап кеткенмiн.

 

Өзiмдi iздеп кетпесiме болды ма,

Қу көкiрек шерге қайта толды ма.

Маған тағы не дер екен тыңдайын,

Менi алысқа алып кеткен жол мына.

 

Сол баяғы он алтыншы көктемнiң,

Сұлулығын жалғыз iздеп кеткенмiн.

Сенi кейде сағынамын есiме ап,

Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн.

 

Әлi ешкiмге айтқан жоқпын сырды бұл,

Көз алдымда тұрды көктем, тұрды гүл.

Қара түнде оянып ап ұйқымнан,

Өзiңдi ойлап отырамын мұңлы қыр.

 

Сырын ұғам деп кетiп ем ғаламның,

Мен де бәлкiм мұңлы жыр боп қалармын.

Жалғыз тұрмын, азынайды суық жел,

Моласында менiң ғазиз анамның.

 

Айта алмадым оралмаймын, күтпе деп,

Өкпе-нала көкiрегiмде түк те жоқ.

Менi өсiрген қайран ауыл артымда,

Көз ұшында қала бердi-ау нүкте боп.

 

ТІЛЕК

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған,

Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам.

Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау,

Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған.

 

Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған,

Тамшыдай тамған тырсылдап

жүзiме талдан.

Дүние-ай,

сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып,

Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған.

 

Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған,

Осындай мұңлы, туған жер,

төсiңде бар ма ән?

Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi,

Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған.

 

Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты,

Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi.

Дариға-ай, сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп,

Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi.

 

Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар,

Сағынышымды қара жел, ала қашып бар.

Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы,

Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар...

* * *

Неге алыстап кеттiңдер сол бiр жылдар-ай,

Жүрегiмнен төгiлген жаңбыр жырлар-ай.

Көзiмдi iлместен армандап бiрге,

Таң атқанша шертiлген мөлдiр сырлар-ай.

 

Аспанда ай қалқыған қара түндер-ай,

Он алтымда жинаған дала гүлдерi-ай.

Жүрегiме жасырған сағынышым-ай,

Оралмайт

Соңғы жаңалықтар