Бокс • 13 Мамыр, 2020

Отандық бокстың оғыланы

1030 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел спортында Болат Жұмаділовке екі бірдей тарихи көрсеткіш тиесілі. Біріншісі, ол – қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Бұл атаққа қандасымыз 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында қол жеткізді. Екіншісі – Жұмаділов екі Олимпиаданың финалында күш сынасқан Қазақстандағы тұңғыш және әзірге жалғыз былғары қолғап шебері. Ол Атланта мен Сиднейдегі жарыстың ақтық сынында өнер көрсетті. Болаттың бұдан да басқа толып жатқан жетістігі барын жанкүйерлер жақсы біледі.

Отандық бокстың оғыланы

Жастар арасындағы жарыстарда өз қа­тарының алды болған даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі көп кешікпей ересектер дуында да дараланды. 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД чемпионатында бас жүлдені ол­жалаған Болат көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Жал­пы сол жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, командалық есепте екінші орынды иеленді. Бір кереметі, 48 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған үш боксшымыздың барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Мейті Исмаилов қола алса, Сұлтан Әбдіразақов күміске қол созды. Ал Болат Жұмаділов ТМД чемпионы атанды.

Келмеске кеткен Кеңес Ода­ғының аса жеңіл салмақтағы үздігі атанған 19 жастағы жігіт­тің Барселонада алауы тұтан­ған Олимпия ойындарына қа­тысуына еш кедергі болмауға тиіс еді. Себебі іле-шала қан­дасымыз Сеулде өткен «А» дә­ре­желі лицензиялық турнирге қатысып, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Осыдан кейін Болаттың Барселонада жұ­дырықтасатынына ешкімнің күмәні бол­ған жоқ. Бірақ қазақтың ұлына ондай бақ бұйырмады. Арамза бапкерлер жеме-жемге келгенде әділдікті белден басты. ТМД құра­масы сапының өзге мүшелерімен бірге Пиреней түбегіне аттанған Жұмаділовтің шаршы алаңға шықпайтыны ең соңғы сәтте белгілі болды. Бап­­керлердің таңдауы ТМД чем­­пионатының жартылай финалында біздің өреннен оңбай ұтылған Владимир Ганченкоға түсті.

Болат айтады: Испанияға Қа­зақстаннан төрт боксшы аттан­дық. Мен, Болат Теміров, Аркадий Топаев және Николай Куль­пин. Құрама бапкерлері қазақ­тарды көпсінсе керек, әй­теуір Испанияға табанымыз тиген бетте бізге қырын қарай бастады. Әуежайдан түсіп, қонақүйге келгенде олар әуелі Болат Теміровке килікті. Арада үш тәулік өткен соң дәл салмақ өл­шеу рәсімі болатын күні Ана­­­толий Копцев мені жеке ша­қырып алып, Ганченкомен алмастыратынын айтты. Көңілім су сепкендей басылса да, үн­деген жоқпын. Бас бапкер «Жас­­сың, болашағың алда, әлі Олим­пиаданың талайын көресің» деп түлкі­бұлаңға салды. Қолдан келер дәрмен болмаған соң тек бас изедім де отырдым. Соңғы екі бірдей КСРО чемпионатында 51 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеген Болат Теміровтің өзіне қиянат жасау­дан тартынбаған бапкерлер ме­ні қайтсін. Содан жарыс­ты кө­рермен ретінде тамашала­дым. Бұл Олимпиада ТМД құ­ра­­масы үшін сәтсіз аяқталды – командаға екі жүлде ғана бұ­йырды. Украиналық Ростис­лав Зауличный күміс алса, грузиялық Рамаз Палиани қоланы қанағат тұтты. Мені алмастырған Вла­димир Ганченко тұсаукесер кез­десуінің екінші раундында ма­жарстандық Пол Лакатоштан тас-талқан болып ұтылды. Ал Сеулдегі турнирде менен таяқ жеген филиппиндік Роэль Веласко қола медальды мойнына ілді.

Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін Жұмаділовтің де жұл­дызы жарқырай жанды. 51 кило салмақ дәрежесіне ауысқан ол 1994 және 1995 жылдары қата­рынан екі рет Азия чемпионы атанды. Тегерандағы тартыстың қорытындысы бойынша оған ең керемет техникасы үшін арнайы сыйлық табыс етілді. 1995 жылғы дүниежүзілік додада күміспен күптелсе, 1997 жылы қо­ла медальды еншіледі. Сол жы­лы Шығыс Азия ойындарында алдына жан салмады. 1999 жылы сары құрлықтың бар­лық мықтысы жиналған жа­рыста үшінші орынды иеленді. Оның сыртында көптеген аса ірі халықаралық турнир, бір­қатар матчтық кездесу бар. Сол бәсекелердің барлығында Болат намыс туын биік ұстады.

Болат Жұмаділовтің спорттық мансабын­дағы ең маңызды үш жарыс жайында біз жоғарыда жаздық. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық. 1996 жылы Атланта Олим­пиадасында қандасымыз керемет өнер көр­сеткеніне сан миллион жанкүйер куә. Бастапқы бәсекелердің барлығында басым­­дық танытқан ол жартылай финалда өзінің «ескі танысы», гер­­маниялық Золтан Лункамен кездесті. Дәп сол боксшыдан Болат әлем чемпионатының фина­лында ұтылған. Кейіннен оны Галледегі турнирде жақсылап тұрып сабаған. Америкада олар­дың жолы үшінші мәрте қиысты. Бұл жолы да Жұмаділовтің мерейі үстем болды.

Финалда кубалық Майкро Ромеромен өткен бәсеке күні бү­гін­гідей көз алдымызда. Так­­ти­калық және техникалық тұрғыдан алсақ та, бұл бір керемет жекпе-жек болғаны даусыз. Ше­берліктері әбден толысқан екі боксшы аянбай айқасты. Көз ілеспес жыл­дамдықпен қимылдаған қырандардың өнерін тамашалаған жанкүйерлердің айыздары әбден қанды-ау. Бір қарағанда, сәл болса да, басымдық Болат жағында секілді көрінген еді. Айтқандай-ақ бәсекенің аяқ­талуына соңғы секундтар қал­ғанда кейіпкеріміз екі ұпай алда тұрды. Бірақ гонг естілген соң таблоға қарасақ, қарсыласы бір ұпай озған екен. Осылайша, Жұма­діловке Атлантада күміс ме­даль бұйырды.

Болат айтады: Финалдық сайыста ұтып жатқаныма еш күмәнім болған жоқ. Алайда төрешілер менің емес, кубалықтың қолын көтерді. Кейіннен де Майкро Ромеромен болған жекпе-жек жа­йында біраз әңгіме айтылды. Көп адам менің жеңгеніме шүбә келтірмеді. Бірақ мен сылтау айтып, ақтал­ғанды ұнатпаймын. «Үйту керек еді, бүйту керек еді» деген сөздерден қашамын. Бұрын да, қазір де «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтқанды ұнатамын. Сол себепті бар кінәні сырттан іздеудің қажеті жоқ. Өзімізге де сын көзбен қарағанымыз жөн. Қарапайым тіршілікте қуаныш пен қайғы қатар жүрсе, спортта да дәл солай. Бірде – жеңесің, бірде – жеңілесің. Өмірдің заң­ды­лығы солай. Әркез әділдік жеңе бермейді ғой. Олимпия ойын­дарының финалындағы сәт­сі­здігімді мен дәп солай қабы­лдадым.

1999 жылы Хьюстонда Бо­лат әлем чемпионы атанды. Алғашқы айналымдарда түр­киялық Сүлеймен Пекдоған, армениялық Вахтанг Дарчинян және америкалық Джон Меди­надан мерейі үстем болған Фе­ликс Цой­дың шәкірті жартылай финалда польшалық Анджей Ржаныдың осал тұсын оңай тапты. Ал шешуші тұста ол арген­тиналық Омар Нарваэстен басым түсті. Сөйтіп Болаттың есімі қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.

2000 жылы Сидней Олимпиа­дасында Болаттан барша жан­күйер тек бас жүлде күтті. Жа­рыс­ты өте жақсы бастаған ол зам­биялық Кенеди Канията, ар­ме­ниялық Вахтанг Дарчинянды және франциялық Жером То­маны тізе бүктірді. Финалда Жұ­­маділовтің жолы таиландтық Ви­чан Понлидпен қиысты. Бұл боксшының есімі көпшілікке беймәлім болғанымен, жасыл құрлықтағы додада ол әлем чемпионы, Панамерика ойын­дарының қола жүлдегері, ку­балық Мануэль Мантилья мен Еуропа біріншілігінің екі дүр­кін жеңімпазы, украиналық Владимир Сидоренко сынды саңлақтарды сан соқтырып, көп­шілік назарын өзіне аударған еді. Ақтық айқаста да айдары­нан жел ескен Тай елі өкілі бас жүлдені қоржынға салды. Болат екінші мәрте Олимпия ойындарының күміс медаль­ын қанағат тұтты.

Болат айтады: Жалпы мен Тай боксшысынан «пәленбей қауіп келеді» деп күтпеген едім. Понлидті түрлі жарыстарда бір-екі мәрте көргенім бар. Шыны керек, ол кездері оның өнері маған айтарлықтай әсер етпеді. Ал Аустралия төрінде ол құлпырып шыға келді. Маған дейін де біраз мықтыны жолынан ығыстырған Понлид финалда да өзін еркін сезінді. Оның үстіне қарсыласым маған қарағанда біршама жас. Жылдамдығының арқасында ол үнемі алдымды орап отырды. Нәтижесінде алты ұпай артық жиған қарсыласым жеңіске жетті. Бұл жекпе-жекте тайландтық боксшыға есем кеткенін мен мойындаймын.

Өткенге зер салсақ, Жұмаді­ловтен жеңіл­ген боксшылардың біразы кейіннен кәсіпқой рингте бақ сынады. Солардың арасынан атақтылар да шықты. Мәселен, Омар Нарваэс 2002-2009 және 2010-2014 жылдары қар­сылас шақ келтірмей, екі бірдей салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды. 2004-2007 және 2008-2010 жылдар аралығында Вахтанг Дарчинянның дәуірі жүріп тұрды. Владимир Сидоренко да белді нұсқалардың алтын белбеуін иеленді. Осылай ұзақ уақыт тізбектей беруге болады. Ал Болат Жұмаділов Сидней Олимпиадасынан кейін бірер айдан соң үлкен спорттан қол үзді.