25 Қыркүйек, 2013

Жаһандық үнқатысудың жаңа жүйесі

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

фото Рафхата Халелова 5Кеше Батыс Қазақстан облысы активінің жиналысы болып өтті. Осынау алқалы басқосу аймақтар мен өңірлерде әр ай мен тоқсан сайын өткізіліп жататын кезектегі активтерге қарағанда түбегейлі өзгешелігімен ерекшеленді.

 Оны орнықтыруда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үлесі қомақты

Кеше Батыс Қазақстан облысы активінің жиналысы болып өтті. Осынау алқалы басқосу аймақтар мен өңірлерде әр ай мен тоқсан сайын өткізіліп жататын кезектегі активтерге қарағанда түбегейлі өзгешелігімен ерекшеленді.

 

фото Рафхата Халелова 5

Атап айтқанда, актив Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың сыртқы саясаттағы қадамдары мен әлемдік ауқымдағы толеранттық тұжы­рым­дамаларының халықаралық қауымдастық пен әлемдік жұртшылық тарапынан қол­дау тауып отырғанына арналды. Соның ішін­де батысқазақстандықтар жаһандық үнқа­ты­судың жаңа жүйесі «G-Global» жобасын қолдауға және жүзеге асыруға байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Активті ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасы бастамаларының өміршеңдігі мен өзектілігіне тоқталды. Сөз жоқ, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, жылдар өткен сайын оның тұғыры мен іргетасын бекіте түсу, әр мемлекеттің өзіне ғана тән даму ерекшелігін айқындау қажет-ақ. Сонымен бірге, бүгінгі жаһандану дәуірінде бір де бір ел, бір де бір мемлекет өзгелермен араласпай, интеграциялық байланыстар мен қарым-қатынастарға түспей оқшау өмір сүре алмайды. Әрі бір де бір мемлекет әлемде болып жатқан жоғары-төмен баллды өзгерістерден тыс тұра алмайды да. Ал мұның бүгінгі басты жолы мен пішіні – жаһандық үнқатысулар мен үндеулер болып табылады. Міне, Елбасымыз бәрімізге осындай жаңа үлгі-пішін ұсынып отыр. Мұның өзі әлемдік қауымдастықты біріктіруге арналған көп қырлы тұғырнама болып табылады, деп ой қорытты облыс басшысы.

Ал облыс активіне арнайы келіп қатысып сөз сөйлеген Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербеков «G-Global» жобасы дүниежүзілік ауқымдағы экономикалық және қаржылық мәселелерді талқылайтын коммуникативтік жоба ғана емес, сонымен бірге бұл халықаралық деңгейдегі барлық бағалы бастамалардың консентрациялық жиынтығы деген ой қорытты.

Активте Қазақстан ядролық қаруды қолдануға қарсы қимыл-қозғалыстың бірден-бір көшбасшысы екені аталып өтілді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1989 жылы Семей атом полигонын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қоюы арқылы осы тұрғыдағы әлемдік қозғалыстың етек алуына бастамашы болды. Міне, екі онжылдықтан астам уақыт бойы Қазақстан әлемдік қауымдастық тарапынан қолдауға ие көптеген күрделі халықаралық проблемалардың шешімі табылуына бастамашылдық танытып келеді.

Бұлардың ішінде ЕҚЫҰ Саммиті өткізілуінің, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің орны айрықша. Сондай-ақ бүгінде бір жүйеге түскен Астана экономикалық форумы мен әлемдік дағдарысқа қарсы конференция да жаһандық диалогтың таптырмайтын көпіріне айнала алғаны көпшілікке аян. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен оның Бас хатшысы осы үнқатысуларды мүлтіксіз ұйымдастыруға қатысты жоғары баға бергені де Қазақстан үшін үлкен мәртебе, жоғары сенім.

Сондай-ақ, активте сөз сөйлегендер 2007-2010 жылдары орын алған әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде көптеген дамыған елдердің экономикасы минусқа әжептәуір кіріп кеткені, тек Қазақстан ғана мұндай дағдарыс салдарынан аман қалғаны жөнінде әңгіме қозғады. Бұл ең алдымен әлемдік дағдарыс салқынын алдын-ала сезініп, оған алдын ала қам жасай білудің нәтижесі, деді олар.

Бір сөзбен айтқанда, жаһандық үдерістер алдындағы Қазақстанның жауапкершілігі жылдан-жылға артып келеді. Мұндағы тамаша, баламасы жоқ идеяларға халықаралық қауымдастық терең түсіністік танытуда. Соның бірі, жоғарыда аталып өткендей, осыдан он жыл бұрын тұсауы кесілген діндер съезі болып табылады. Талас жоқ, Қазақстан тағдыры әлемнің өзге аймақтары мен елдерінен, әрі олардың тағдырларынан тыс тұра алмайды. Ал тағдырларды тек ортақ түсіністіктер арқылы ғана бірге кешуге болады. Бұл тұрғыда «G-Global» қазақстандықтардың әлемдік тұрғыдағы ойлау жүйесінің таптырмас бір тетігі болып қала бермек.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

–––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Рафхат ХАЛЕЛОВ.

Соңғы жаңалықтар