Таным • 14 Мамыр, 2020

Тарбағатайды көргісі келетін турист көп

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің шығысында Қытаймен шектесетін Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатайға, қар кетіп, жаз шыға келетін жұрттың қатары жыл сайын көбейе түсуде. Осыдан кейін кез келген адамның ойында осы өлкенің туристерді көп тартатын не сыры бар деген сұрақ туындайтыны анық. Көне Тарбағатайды зерттеуге алғаш рет арнайы экспедиция ұйымдастырылғанына да міне, жиырма жылға жуық уақыт өтіпті.

Тарбағатайды көргісі келетін турист көп

Тарбағатайдың климатының континенттігі – ауданның көп жерінде ауа температурасының тез ауытқуынан, ауаның құрғақ болып, жауын-шашынның аз жауа­тындығынан байқалады. Аудан кли­матының мұндай болу себебі – оның мұхиттар мен теңіз­дерден өте алыс қашықтықта орналасуы­на байланысты. Сондай-ақ климатқа аудан және көршілес жатқан ай­мақтардың жер бедері де әсер ете­тіні белгілі. Бұл өңір­де біздің жыл санауымызға дейін­гі бірнеше мыңжылдықта көш­пенділер мекендеген. Бұған тау төскейіндегі далалардағы үйінді обалар дәлел.

Аудан аумағының батысынан шығысына қарай созылып жатқан Тарбағатай тауының ұзын­дығы 300 шақырымға жетеді. Ені 30-50 шақырым шамасында. Ең үлкен шыңы Тастаудың биіктігі 2991 метр. Шығысында Алтай тауы, батысында Сарыарқаға ұласады. Арғанаты, Маңырақ, Өк­петі, Түйемойнақ, Жылытау сілемдерінің де шоқтығы биік шың­дары көп. Осылардан бастау алатын Боғас, Базар, Қар­ғыба, Тебіске, Қарасу, Шорға, Тай­жүзген, Қандысу, Құсты Зайсан көліне құяды. Бұл бастаулардың көпшілігі жер суғаруға да пайдаланылады. Жер қойнауында қоңыр көмір, мәрмәр, никель бар екені зерттеу жұмыстары кезінде анықталған.

Ұзындығы – 225, ені 100-125 шақырымды құрайтын Зайсан көлі Оңтүстік Алтай мен Тарбағатай жоталары арасындағы ойыста жат­қан тұщы көл. Тарбағатай тауы­ның етегінде қиыршық тасты боз қызыл-қоңыр топырақтарда тобылғы аралас әртүрлі шөптер түрі өседі. Ежелден «Барқытбел» атан­ған қарт Тарбағатай ерте заман­дардың көнекөз куәсі. Мың­даған жылдардан бері өз құпиясын бүгіп жатқан тау қой­науы жұмбақ мүсіндер мен таңбалы тастарға өте бай. «Тасбақа», «Сан­дық тас» тәрізді мүсін­дер мен таудың таңбалы тас­тары жетерлік. Тарбағатайда жа­нуар­лар дүниесінен: қасқыр, түлкі, қарсақ, сасықкүзен, аққұлақ бор­сық, қосаяқ, суыр, елік, қоңыр аю, арқар, сілеусін бар. Ауданның да­ла­лы өңірінде елік, дуадақ, тырна, безгелдек, торғай, қараторғай, са­ры­шұнақ, дала тышқаны, қос мекен­ділер мен бауырмен жорға­лаушылардың түрлері – жасыл бақа, тасба­қа және дала сұр жыланы, секір­гіш кесіртке кездеседі. Тарба­ғатайдың өсімдіктер әлемі түр­лі-түстілігімен және сан алуан­дылығымен ерекшеленеді. Аудан­ның оңтүстік бөлігіндегі өсім­діктер аласа көгалды, өзен-бастау жаға­лаулары құрақты болып келеді.

Жер мен елдің тұтастығын сақ­тап қалған Қаракерей Қабан­бай, Би Боранбай, Дәулетбай баба­ларымыздың Тарбағатай өңі­рі­нің тумасы екендігі тарихтан белгілі. Аудан аумағындағы Қал­­маққырған, Долаңқара, Кер­гентас, Баспан, Майлышат, Құбас кезеңі, Шорға, Мауқыбай, Ша­манна және тағы басқа жер­лердің әрқайсысының өз тарихы бар. 1826 жылы орыс пат­шалығына бодан болмаймыз деп ашық қарсы шығып, құр­бан болған Қожагелді батыр, Саты­ның ұраны болған Бұ­табай, Маңырақ айқасында аты шыққан Байотар, ел бірлігін көк­сеген Сасан, Шәкі билер, Саты қа­жы, исі қазаққа әй­гілі Тана мырза мен Кенжелі шешен, Найман елінен ал­ғаш рет қа­жылыққа барған Шал қа­­жы, Құрбан қажы, Әулие емші Ыр­ғызбай, Оразбай дуана, қарадан шығып аға сұлтан болған Қисық сұлтандардың есім­дері Тарбағатай тарихында алтын әріппен жазылып қалғаны анық.

 

Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙІТОВА,

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы