Сол тәрізді, Нұрмұханның ғажайып талантын мойындағанымен, Шыңғыс Айтматов, тағы басқалар, тіпті өзінің шашын алып беріп жүрсе де Сәбит Мұқанов та (Сәбеңнің шашын үнемі Жантөрин алып беретін болған – С.Оразбаев) оны қызғаныштың қызыл итінен арашалай алған жоқ.
Арашалағаны былай тұрсын, өнер үшін қу жанын қуырдақ қылып жүрген, ойнаған рөлдерінің бәрі классика, сахна мен экран дүлдүлі Жантөринге кез келген алып жатқан КСРО Халық әртісі атағы да, республика мемлекеттік сыйлығы да бұйырмады.
Алайда жойдасыз талантымен көкке шапшыған көк азу шыңды көзден тасалау мүмкін емес екен, ғажайып актердің 70 жылдығы 1998 жылы Мәскеуде, өнер қызметкерлерінің орталық үйінде салтанатпен тойланды. Мерейтойы Мәскеуде мерекеленген Қазақстан түгіл, Орта Азиядағы жалғыз актер Нұрмұхан Жантөрин болатын.
Осы орайда, ұлы суреткер туралы сөз басталғаннан кейін біраз нәрсе айтылуы керек сияқты.
Нұрекеңнің зайыбы Маргарита Иовлева-Жантөрина өз естелігінде былай дейді: «Сұлтан Бейбарыс» фильмі көрермендерге жол тартқаннан кейін, Тверь қаласында өткен кинофестивальда Жантөринге лауреаттық дипломға қоса «Актерлік мамандықты дамытуға көрнекті үлес қосқаны үшін» арнаулы сыйлығы табыс етілді. Нұрмұхан Тверь көшесіне шыққан бойда халық: «Сұл-тан Бей-барыс! Сұлтан Бей-барыс!» деп құлақ тұндыра дауыстап, жабыла қол соғып, қошеметтеп тұрып алды. Ал өзінің республикасы – мерзімді басылымдары мен кино-театр қайраткерлері бір ауыз жылы сөзін қимай үнсіз қалды». (Тәржімалаған Мақсот Ізімұлы)
Иә, бізде сахна, кино тарихындағы ірі тұлғаларды сала-салаға бөліп зерттеу, тану, ардақтау, марапаттап насихаттау, оның жан-жақты табиғатын ашу кемшін қалған ғой.
Қалай дегенмен де, төбесі көрінгенімен түбі жеткізіп болмайтын, қара құз шыңдар сияқты, Нұрмұханның сан қырлы таланты кім-көрінгенге ашыла бермейді.
Жантөрин 1955 жылдары Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» трагедиясындағы Шоқан рөлін кенелте сомдады. Ал 1957 жылы Нұрмұхан Шоқан образымен кинода тағы кездесті. Оның кескіндеген Шоқанының бойында еркіндікті аңсау, іште тұншығып жатқан запыранды ақтару, тәуелсіздікті көксеу анық аңғарылып, айқын сезіліп тұрушы еді. Мысалы, Қашғардағы сыңсыған жау, тыңшы, жансыз ортасындағы қарекеті, қауіп-қатерді сезсе де, өзін соншалық бейтарап, салқынқанды ұстауы қандай ғажап! Ел-халықтың арманындай болып ғасырлар толғағында ғайыптан тайып туа қалған, ақыл мен білімнен шақшадай басы жарылайын деп тұрған өрімдей жігіттің ақ патшаның алдында айылын жимай өз халқының қасіреті мен мұңын айтуы... генерал Черняевпен өз қандастарын қырған жендеттігіне бола жанжалдасуы...
Иә, осы бір экрандағы қайталанбас сәттерді сезім құндағына әлденеше рет орап, қайталап көре бергің келеді.
Қашанда ұлылық таразысы – еңбек, талант және уақыт болмақ. Кейде осындай бүкіл қажыр-қайратыңды сарқып кететін, тіпті болат қашауға да көнбейтін аса қатты минералдай, яғни қабілет-дарыныңды сорып алатын мәңгілік рөлдер болады.
Осы орайда, Нұрекең өз көкірегіндегі құпия көмбені былайша ақтарады: «Аналар барлық баласын жақсы көреді ғой, мен де сол сияқтымын, жек көретін рөлдерім жоқ. Әрине, өз ауқымдылығымен, психологиялық тереңдігімен Шоқанға, Бейбарысқа тең келетіні аз. Айтматов прозасы негізінде түсірілген «Жорғаның жүрісі» фильміндегі Танабай шопанның рөлі де өзінше ерекше. Мұнда тағдыр тауқыметін артқан кейіпкердің қайғысын, мінезінің мықтылығын, алай-дүлей ішкі әлемін сөзбен емес, қимыл-қозғалыспен – жүріс-тұрысыммен, ыммен... көрсету керек болды. Одақ тарқардың алдында мені Одесса киностудиясы «Даниил – князь Галицкий» фильміндегі Батудың бейнесін жасауға шақырды. Шыңғысханның осы бір тұнжыр, қатыгез, сонымен қатар ақылды ұрпағы мені қатты қызықтырды. Көптеген кітап ақтарып, ол туралы деректерді там-тұмдап таптым. Содан Еуропа мен Азиядағы моңғол шапқыншылығын қозғаған Бартольдтың, Янның, Чивилихиннің зерттеу мақалаларын оқып шыққаннан кейін, фильмге түсу үшін жолға шықтым. Бұл рөлден керемет ләззат алдым. Мен актерлерден өте күшті, мықты шеберлікті талап ететін рөлдерде ойнауды армандаймын. Соның қатарында ІІІ Ричард та бар.
Мендегі бар қымбат нәрсені осы дүниеге тастап кеткім келеді. Жинаған тәжірибем, білімім топырақтағы құрттарға жем болмаса екен деймін. Әлі көп нәрсе істегім келеді...».
Міне, Нұрмұхан өмірінің соңғы кезеңдеріндегі бір сұхбатында осылай ақтарылыпты.
Біз тамаша көріп, мәз болып отырғанда, цирк әртістері халықты ырза қылу үшін сырттарынан күліп, іштерінен жылап жүретін көрінеді. Ойын тарқаған соң тұла-бойлары қақсап, сүйектері сырқырап, түнімен ауырсынып, бебеулеп, ыңқылдап шығады екен. Ойлап қарасақ, әр рөлге жанкештілікпен дайындалып, нысанаға алған кейіпкерінің жан дүниесіне сиам егіздеріндей кірігіп, мехнат шеккен Жантөриннің көр азап еңбегі әлгі цирк әртістерінен әлдеқайда ауыр-ау!
Иә, осынау бір-біріне мүлдем кереғар сан алуан құбылысты, тұқымы басқа түрлі кейіпкерлерді бір көкірекке қоңсы қондырып, оларға әмірін жүргізу, тек тәкаппар да тарлан болмыстың ғана қолынан келетін құдірет емес пе? Нұрмұхан Жантөрин – сөз жоқ, кемел түйсік пен кенен таланттың қоймасы, тіпті сол әлемдік театр мен кино саңлақтары колибрімен деңгейлес, ғажайып актер әрі сұңғыла суреткер еді.
Дәуіріміздің дана перзенті, классик Әбіш Кекілбайұлы даңқты ағасы туралы былайша сыр шертеді: «1970 жылдардың басында Ташкент қаласында Азия және Африка елдерінің ІІ халықаралық кинофестивалі өткен еді. Дәл осы кезеңде Ташкент құлпыра түсіп, сан ұлттың ортақ жәрмеңкесіне айналып кеткендей. Азия, Африка елдерінің, Кеңес одағының әйгілі актерлері, режиссерлері, операторлары съезд кезінде де, басқа шаралар үстінде де жарқ-жұрқ етіп айрықша көзге шалынды. Делегация құрамы саяси сүзгіден өткізіліп жіберілгеннен кейін не оңсын, қазақ кинематографистері онша назарға іліге қоймады. Сол халықаралық фестивальға қатысқан елдердің ұлттық киімдері, салт-дәстүрі, табиғаты, этнографиясын түгелге жуық қамтыған, африкалық саванна, үнділердің храмдары, түркіменнің кілемдері, несін айтасың көздің жауын алады. Ташкент бұл халықаралық мерекеге жанын сала дайындалғаны көрініп тұр. Әттең, жаңағы әр ұлттың ғажайып панорамасының ішінде қазақтың ауылы, қазақтың байтақ даласына орын тимепті. Осы бір олқылықтан көңіл-қошым болмай, қарадай жалғызсырап екі-үш күн өткіздім. Кешігіңкіреп осы фестивальға аяқ астынан Нұрмұхан Жантөрин келе қалды. Құдай көрсетпесін, халықтың Нұрмұханға деген қошеметі сұмдық болды. Сібірдегі кино түсіру алаңынан шыққан бойда, ешқайда бұрылмай осында келген, үстінде спорт киімі бар Жантөринді көшедегі ел Қыдыр көргендей қоршап алып, құшақ-құшақ гүлге көміп жібермеді. Әлемдік кино саласының талай алтын мен күмісін жапыра жиған, халықаралық фестивальдардың лауреаттары, лавр жапырағына оранғандар Нұрмұхан аға жанында солғын тартып қалды.
Ал Жантөринде мұндай атақ пен марапаттың бірде-біреуі жоқ еді. Дәл осы сәтте қазақ киносының дәуірлеуі Шәкен Айманов пен Нұрмұхан Жантөринге байланысты екенін ұқтым.
Жантөрин ылғи да мұң мен қасіретке малшынып жүретін трагедиялық пландағы актер, сұңғыла суреткер. Оны тек грек мифтеріндегі құдайға қарсы шыққан Прометей сияқты жалаңтөстермен ғана салыстыруға болады. Ол алғаш рет әлемдік өнер айдынына шыққан терең әрі шынайы ұлттық актер болатын.
Түнгі аспандағы темірқазық жұлдызы сияқты, ол баршаға танымал еді».
Міне, Әбіш Кекілбайұлы даңқты ағасы туралы осылай тебіренеді. «Пайғамбар өз елінде танылмайды» дегендей, Нұрекеңді әсіресе өзге мемлекеттің кинематография мамандары айрықша құрмет тұтты. Киноға түсуге шақырушылар кезекке тұрды. Пайдаға бола рөлдерде оңды-солды ойнап қадірін кетірген жоқ. Ылғи да өзінің оңтайына келетін, тағдыры шытырман, психологиялық иірімді талап ететін трагедиялық кейіпкерлерді таңдап алды. Сол кейіпкерлердің кеуде тұсына дендей енуі үшін Нұрекең талай түндер бойы қаншама сарғайған фолианттарға үңілді десеңізші!
Жантөриннің тереңнен қарпып, кең көсіліп, айызыңды қандырып, қолтығын сөге ойнаған рөлдері көркемөнер жазирасында өзгермес эталондай мөрленіп қалды.
Әулиенің мазаратына дірілдеп баратын мүриттердей, енді Бейбарыс, Құрманғазы, Бату бейнелерін Нұрекеңдей сомдауға ешкімнің жүрегі дауалай қоймас.
Атырау өңірінен құлдыққа сатылған Бейбарыс туған жерінің бір шоқ жусанын қолтығының астындағы бір қабат терісін тіліп, қайта тігіп, жасырып алып кеткен деген дерек бар. Атамекенін сағынғанда сол жусанды алып иіскейді екен жарықтық!
Сол батыр бабасы сияқты Нұрмұхан да туған жеріне алыстан көз тігіп, аңсап өткенін байқаймыз. Тіпті, қазір Атырау халқының көпшілігі Жантөриннің сол өлкеде туғанын біле бермейді.
Кіндік қаны тамған топырақ дегеннен шығады, белгілі қаламгер, марқұм, Мұқан Көптілеуов ағамыз бір естелігінде былай дейді: «1966 жылы университетті жаңа бітіріп келген мен Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне» тілші болып орналастым. Сол жылы күзде бір орыс кемпірінің кішкене үйшігін жалдап тұрдық. Бір күні түн ортасында жеңіл-желпі, желбегей күйімде түзге шығып едім, есік алдындағы қара ағашты қолымен тіреп еңгезердей біреу тұр. Қорқып кеткенім сонша, үйге зып беріп, босағадағы білемдей темірді алып қайта шықтым. Даусымды барынша зорайтып, кім екенін сұрадым. Әлгі адам менің сескеніп тұрғанымды біліп: «Айналайын, қорықпа, мен Нұрмұхан Жантөрин деген ағаң боламын», деді. Мен әлі де сенбей, жүрексінсем де жақындадым. Шынымен де Нұрмұхан Жантөрин, басында берет, үстінде жеңіл плащ. Мен де қалбалақтап: «Аға, сізді көрем деп кім ойлаған, үйге кіріңіз, шай ішіңіз», дедім. Сонда Нұрекең: «Жоқ, рахмет, қарағым, мен осы үйде өсіп-өніп едім. Ресей жақтан киноға түсіп келемін. Туған жер, туған үйі құрғыр қиын екен, түсіме кіріп маза бермеді. Содан жолшыбай бұрылып, сағынышымды басып тұрған түрім ғой. Ал, інім, аман-сау бол, қазір самолетім бар, асығыспын», деді де, мені бір құшақтап, қара түнге сіңіп жүре берді».
Міне, Жантөрин өз өмірінде екі-үш рет осылай туған жеріне түн жамылып келіп-кетіп жүріпті. Мүмкін оның туған жерге деген өксігі мен сағынышы Бейбарыс бейнесін сомдауға да септігін тигізген болар?
Қалай дегенмен де, дүниежүзіне әйгілі театр мен кино корифейімен көзі тірісінде Атырау жұртшылығы бір рет те дидарласып көрмепті. Халықта не кінә бар, бұл жерде барлық кінәрат – сол кездегі облыстық басшылардың мәдени деңгейінің жермешелдігінде болып тұр ғой. Егер қошеметтеп шақырып жатса, Нұрекеңнің түн қатып несі бар?
Зайыбы Маргарита Иовлева-Жантөринаның айтуынша, Нұрмұхан С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрында «Макбеттің» екі премьералық спектаклінде ойнайды. Осы екінші премьералық спектакльдің шымылдығы жабылған кезде театр ұжымы әйгілі актерді бірауыздан құттықтайды. Нұрекең барлығын үнсіз тыңдайды да, содан соң сахнаның қақ ортасына барып, еденге шалқасынан түсіп жатып алады. Осылай бірнеше минут аяқ-қолдарын жайып жіберіп, кірпігін қақпай, жоғарыға қарап ұзақ жатады. Жұрттың бәрі сілтідей тына қалады, кейбіреулері кірпігіне моншақ ілді. Бәрі түсінді, өйткені дүниеге енді келер-келмесі белгісіз жойқын талант Жантөрин сахнамен қоштасып жатыр еді!
Дәл осы залда өзі аударған Шекспирдің «Макбет» драмасындағы Макбет рөлін қаныңды қайната, құйқылжыта ойнаған қазақтың ұлы актері Жантөриннен көз алмай: «Пай-пай, өнеріңе болайын!» деп Евней Бөкетов қайта-қайта тамсанып отырыпты.
Нұрмұхан да бір күйді импровизациялық тәсілмен құбылтып тартатын әйгілі күйші шешесі Дина Нұрпейісова сияқты, бір рөлді екінші рет ойнағанда басқаша реңде, бұрынғыға ұқсамай, қайта одан да асқақтатып, құтырта түсетін. Ең бастысы, ол өзін-өзі қайталаудан қорқатын еді. Сондықтан көрермендер оның әр ойынынан ерекше бір құбылысты күтетін.
Ирандағы мұнарасы тербеліп тұратын ежелгі мешіттің құпиясын білу үшін оны бұзғанда, қайта құрастыра алмаған. Сол тәрізді, Нұрмұханды қайталайтын талант біздің заманымызда жоқ десе де болады.
«Әр дауысқа, әр талантқа Құдай белгілі бір уақыт береді, ал одан асып кетудің қажеті жоқ. Сахнадан бір минут кеш кеткеннен гөрі, жарты сағат ерте кеткен әлдеқайда жақсы», деген болатын көмейіне бұлбұл ұя салған барқыт баритон Мүсілім Магомаев. Мүсілім Магомаев та неге екені белгісіз сахнамен нағыз талантының гүл атқан шағында қоштасты, ал Нұрекең сахнадан ерте кетті ме, кеш кетті ме – ол өзі мен бір Аллаға ғана аян. Қалай дегенмен де, ақылды, сұңғыла адам ғой, ғұмыр сағатының таусылып келе жатқанын сезді ме, кім білсін?!
Жантөриннің осы бір өзін өнердің шырқау шыңына шығарған Олимпі – сахнасымен ерте қоштасуы қара тұяқтан хал кеткенше мелдектеп, қартайып, тулақтай сүйретіліп қалғанша театрдан кетпейтін кейбір топыраштарға сабақ болар жайт.
Келер ұрпақ ұлы актер мұрасына, бұл жайсаң өнерпазға әлі талай айналып соғады. Алайда мына бір сорақылыққа бейжай қарауға болмайды. Продюссер Майра Қарсақбаева («Egemen Qazaqstan», 19.VIII.2019) өз өкінішін былайша білдіреді: «Артында іздеушісі жоқ классиктеріміздің ендігі жағдайы қиын болатын түрі бар. Тіпті, Нұрмұхан Жантөриннің бобинасын (кино таспасын) қоқысқа лақтырып жатқанын да көрдік. Кейбір адамдар оның кім екенін де білмейді. Кеңес Одағы кезінде түсірілген фильмдердің түпнұсқасы түгелдей Ресей Федерациясы кинофильмдерінің бас архивінде сақтаулы. Бұл қор әлемдегі ірі үш кино архивінің бірі ретінде белгілі. Әлгі Нұрмұхан Жантөриндердің кинотаспасын іздеген кезде бізге шырылдатып тұрып қыруар қаржыға сатады...»
Көркемөнердің баға жетпес құндылықтары осылай рәсуа болуда. Ендігі жерде мынадай көзапара жасалып жатқан қиянатқа біздің Мәдениет және спорт министрлігі тосқауыл қоймаса болмайтын шығар?!
Иә, қазақтың ұлы актері Нұрмұхан Жантөриннің өмірі жалындай лаулап барып, ең жоғарғы нотада шеңбірек атып, 62 жасында үзіліп кетті. Сахна мен экранда алдына қара салмаған, аяғын көсем тастап, көмбенің шаңын бұрқ еткізетін қайран сабаз да өтті бұл дүниеден... Қайтерсің, бұйрықтан жүйрік жоқ. Құдды бір алапат шайқасқа кіргендей, жауар бұлттай түйіліп, тұйғындай шүйіліп, күллі қайғы-мұңы қарақошқыл бетіне жиылып, көрермендерінің емешесін құртып, егілдіретін еді-ау жарықтық! Жөпшөңгі, қарадомбай нәрсені опырып жіберетін уақытыңа да қыңа қоймайтын, граниттен қашағандай ғасырлық кейіпкерлері бүгінде дүние жүзін кезуде. Оның фильмдері, драмалары, дискілері әлемдік кеңістікке қалқып кете барды.
Иншалла, Жантөриннің әулие талантынан құйылып түскен мәрмәр мүсіндер халықтың жүрегінде ақырға дейін жасай береді.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ