Руханият • 14 Мамыр, 2020

Қабанбайды көрсетсең, Қарасай дейді...

1586 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егер бір қазаққа Қабанбай батырдың портретін көрсетіп, «Мынау қай батыр еді?» десеңіз, бар қазақтың шатасатыны анық. Біреулері Бөгенбай деуі мүмкін, тағы біреулері Наурызбай, Райымбек, Ағыбай, Қарасай... деп өзі білетін батырлардың есімдерін тізіп шығады. Тіпті, Қабанбай ғой деп тап басып айтып қалуы да мүмкін.

Қабанбайды көрсетсең, Қарасай дейді...

Бірақ бәрібір «Тура сол ма... жоқ, ол емес пе?» деп іштей күмәнданып, жыға тани алмайды. «Дәл өзі» деп ауыз толтырып айтуға да дәлелі жоқ. Өйткені біздің батырлар бір-біріне қатты ұқсас. Айыру қиын. Яғни осы өмірде болған батырларымыздың бейнелері мен образдары әлі күнге қалыптаспаған. Дәл сол сияқты Алпамыс батырдың бейнесін көрсетсең, жұрт Қобыланды немесе Ер Тарғын деуі де мүмкін. Яғни қазақ ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлеріміздің де түрін танымайтындар көп.

– Дәл осындай жағдай орыс халқында да болған, бірақ осыдан 100 жылдай бұрын орыс халқының атақты суретшісі Виктор Михайлович Васнецов орыс халқының ерте­гі­леріндегі негізгі кейіпкерлердің образдарын суретке салып кеткен, – деп еді белгілі ға­лым Жақсыбек Құлекеевпен бір әңгімелесіп қал­ға­ным­да. – Сол азаматтың арқасында орыстың киім үлгісі, ою-өрнегі, «Три богатыря», «Аленушка», «Иванушка дурачок», «Избушка на курьих ножках», «Иван Царь­евич» секілді ерте­гілерінің кейіпкерлері халыққа кеңінен танымал болды. Ал бізде бұл салада әлі де жақсы ма­мандар жетіспейді. Қазақ сурет­шілерінің ішінен біздің ертегілеріміздегі кейіп­керлердің образын шығарған әлі ешкім жоқ, сондықтан бұл жағдай көп нәрсеге тос­қауыл болып отыр. Осы мәселені де мем­ле­кет­тік тапсырыспен іске асыр­са, онда жаңа үлгі­дегі көптеген кітап шы­ғар еді.

Шынында ел мойындаған ертедегі ірі тұлғалардың бейнесін беруде бірізділік жоқ. Батырларымызға қойылған ескерткіштердің бәрі бір-біріне өте ұқсас. Бет-жүздері анық емес. Бір батырдың мүсіні бірнеше қалада қойылуы мүмкін. Бірақ әрқайсысының бейнесі әртүрлі. Содан болар, бір көне қаламызда Бейбарысқа қойылған ескерткіштің орнын ауыстырып, астына әл-Фараби деп жазып қойған сорақылықтар да кездескен екен. Өмір бойы білім-ғылыммен айналысқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың беліне ұзын қанжар байланған. Сондай-ақ ертегілердегі кейіпкерлеріміз де мың құбылмалы. Қожа­на­сырды Алдар көсемен, Ер Төстікті Ер Тарғынмен шатастыратындар көп.

Тағы бір айтары, қазір кейбір ертегі­ле­рі­міз­дің тәрбиелік мәні бар ма, жоқ па деген сұрақ көп­шілікті жиі мазалайды. Мәселенки, алапат жұттан қауіптенген Ерназар бай сегіз ұлының алдына бар малын салып, алыстау жаққа бір түнде көшіріп жіберді («Ер Төстік» ертегісі»). Артынша тұрмысы тұралап, өзі әбден қиналды. Қолда мал қалмады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түсіпті. Соны асып жегеннен кейін, көп ұзамай Төстік дүниеге келеді. Ер жеткен соң Төстік ағаларын іздеудің қамына кірісті. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Жайылып жүрген көп жылқыны көреді. Ақыры ағаларымен үлкен астың үстінде кездеседі. Ерназардың се­гізі елден адасқаннан кейін жұттан қалған жал­ғыз күрең биені бағып, содан көп жылқы өсір­ген екен. Бағанағы көп жылқы солардікі екен. Төстіктен елінің жөнін білген соң, олар да қайтпақ болады. «Сонда әке-шешесін аш қал­ды­рып, жұтқа тастап кеткен бұл не қылған қа­ныпезер сегіз бала? Жағдайы түзеліп, әбден байып алған соң әке-шешесін неге іздемейді?» дейді ғой бұл ертегіге сын айтушылар.

«Алтын сақаны» алайық. Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты, зарыға жүріп перзентті болыпты. Бірақ кейін абайсызда жалмауыздың торына түсіп қалады. Ат басындай алтын, бүкіл дүниесін беремін дегенге көнбеген соң бай жалмауызға жалғыз баласын беруге келіседі. Тағы «Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың», деп кете­ді. Шынында ертеңінде көшеді, жалғыз бала­сы­ның алтын сақасын ұмыттырып, жұртқа әдейі тастап кетеді. «Ойбай, өз баласын өлімге итерме­леп отырған бұл қандай имансыз әке?» дейді ғой бұл ертегіні оқушылар.

Әрине, «Ер Төстік» пен «Алтын сақаны» қазақ ертегілерінің ішінен балталап алып тастай алмай­тынымыз анық. Өйткені бұл ертегілер халықтың санасына сіңіп, мәңгілікке жатталып қалған. Және ертегідегі бұл жағдайлар қазіргі өмірі­мізде де орын алып жатқаны жасырын емес. Соған қарағанда бұл қанша уақыт, қанша заман өтсе де өзектілігін жоғалтпаған, өмірдің өзін нақты бейнелеген шығарма болғаны ғой. Қа­лай айтсақ та, бұл мәселеде ойланатын нәрсе көп.