Суретті түсірген Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
Құтқарушы батальон көмекке келді
Қазіргі уақытта ұландықтар төтенше жағдай орнында екі бағыт бойынша қызмет атқаруда. Біріншісі – төтенше оқиғаның салдарын жою болса, екіншісі оқиға орнында құқықтық тәртіпті, карантиндік режімді қамтамасыз ету. Бүгінгі күні осы міндеттерді атқаруға 500-ден аса әскери қызметші оқиға орнына тартылды.
Ұлттық ұлан төтенше жағдай салдарын жою басқармасының бастығы полковник Әрлен Бүркітбайдың айтуынша, Мақтаарал ауданында бес елді мекен әлі күнге дейін су астында. 1 мыңнан аса үйді су басқан. 10 эвакуациялық пункт орнатылған. Онда 3 мыңнан аса тұрғын тұрып жатыр. Құтқару қызметінің мамандарымен бірге ұландық жауынгерлер 15 мыңнан аса үй жануарларын қауіпсіз жерге көшірді. Өргебас, Жантақсай, Фердауси, Ырысты, Нұрлыжол ауылдарының аумағында 22 шақырым уақытша бөгеттер салынып, құм толтырылған 10 мыңға жуық қап қойылды. 6122599 текше метр су сыртқа шығарылды. Мұның барлығы ұландық құтқарушылардың осы уақытқа дейін жасаған ерен еңбектері. Оқиға орнына Ұлттық ұланның 28237 әскери бөлімінің құтқарушы батальоны барған болатын. 160-тан аса жеке құрам, 15 дана құтқару техникасы мен 4 жүзу құралы бар батальон су тартылған ауылдарда төтенше оқиғаның салдарымен күресуде. Үш топқа бөлінген ұландық құтқарушылар: су астында қалған төрт түлік жануарлардың денесін шығару; оны әрі қарай қауіпсіз жерлерге көму; топырақ пен саз балшықтан елді мекенді тазалау; ағын суды шетке шығару жұмыстарын атқаруда. Құтқарушылардың сөзіне сенсек, алдағы бір аптада оқиға салдарын жою жұмыстары аяқталмақ.
Сондай-ақ тұрғындарға психологиялық көмек көрсету мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік қызмет бойынша 21 тапсырма орындалды. Бүгінде елді мекендердің жанында төрт блок-бекетте ұландық жауынгерлер қырағы қызмет атқаруда. Күніне 270-тен аса әскери қызметші патрульдік-бекеттік қызметке жұмылдырылады.
Тәртіп бұзғандарды ұстап, өртті ауыздықтады
Ұландықтар қызмет барысында тұрғындарға көмек көрсету кезінде 9 мәрте ерекшеленіп, көзге түсті. Оған 6 мамырда сағат түнгі сағат 01.30 шамасында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Өргебас ауылында орын алған қырағылық үлгісі сөзімізге дәлел.
Осы түні Өргебас ауылының қасындағы шеп-бекеттерде құқықтық тәртіп күзетіндегі Ұлттық ұлан жауынгерлері заңсыз балық ұстағандарды қолға түсірген.
Ауыл маңында тосқауыл қызметінде тұрған әскери жасақ бастығы қатардағы Қуаныш Дүйсенбі және патрульдеуші қатардағы Бақдәулет Жалмағанбетов қастарына келген көлікті тоқтатады. Осыған дейін Өргебас ауылында заңсыз балық аулаушылар жүруі мүмкін деген ақпарат түскен болатын. Ұландық жауынгерлер «OPEL» маркілі автокөлікті тоқтатады. Тексеру барысында көліктегілер «Біз волонтерлерміз» деп сөзден жалтармақшы болыпты. Кейін жүргізуші ашуланып, айқайға басады. Ұландық жауынгерлер көліктің жүк қоймасын ашқызады. Сол кезде түнделетіп жүрген жолаушылардың қитұрқы ойы анықталады.
Тексеру нәтижесінде көліктен Қызыл кітапқа енгізілген екі қап балық, резеңке қайық, ұзындығы 50 метрді құрайтын ау табылады. Әскери жасақ қолға түскен браконьерлерді полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Ұлттық ұлан жауынгерлері су басқан ауылдарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті үш ауысым бойынша жүргізіп келеді. Ол туралы жедел әскери топ басшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Саят Саинов баяндады.
– 5 мамыр сағат түнгі 3.30 шамасында әскери жасақ бастығы сержант Бекболат Шойбеков Шанов көшесімен өз бағытында патрульдеу барысында 5 адам жүргенін байқаған. Олар карантин режімін бұзғаны және күдік тудырғаны үшін әскери жасақ бастығы дауыстап тоқтауларын сұраған. Тәртіп бұзушылар ол ескертуіне құлақ аспай қаша жөнелген. Әскери жасақ бастығы көршілес жасаққа радиостанса арқылы хабарлап қашу бағытын баяндайды. Әскери жасақ бастығы сержант Айдос Нұрманов тәртіп бұзушылардың алдын бөгеп, әскери жасақ оларды қолға түсіреді. Оқиға орнына әскери жасақтар бойынша кезекші аға лейтенант Серік Құдайбергенов және полиция қызметкері келіп, тәртіп бұзушыларды анықтау үшін аудандық ІІБ жеткізді. Тәртіп бұзушылар осы ауылдың бозбалалары екені анықталды. Ең қызығы, олар бос үйлердің маңында не үшін жүргендерін түсіндіре алмаған. Оларға карантин режімін бұзбау туралы ескерту жасалып, ата-аналарына тапсырылды, – дейді С.Саинов.
Дәл сол күні сағат таңғы 5 шамасында майор Зафар Хайтметов бастаған жедел топ жауынгерлік қызметтің ұйымдастырылуын тексеру барысында К.Маркс көшесінде орналасқан үйлердің біреуінде жарылыс болғанын естиді. Оқиға орнына барғанда, өртеніп жатқан үйді байқаған сардар дереу әскери жасақтар бойынша кезекші аға лейтенант Серік Құдайбергеновті шақырады. Ол өз кезегінде учаскелік полиция пунктіне және өрт сөндіру бөліміне хабарлап, жақын маңдағы екі жасақты оқиға орнына жұмылдырып оқшаулауды ұйымдастырған. Ұландықтар оқиға орнына келген полиция және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, алапат өртті ауыздықтап, адамдар мен бағалы заттарды қауіпсіз орынға шығарған.
Жедел жәрдем көрсетті
Ұландық жауынгерлер карантиндік шараларды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп те үлгеріпті. Қызмет атқарып жүрген әскери жасақ қан қысымы көтеріліп, есінен танған адамды уақтылы байқап, жедел медициналық жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсеткен. Лейтенант Абылайхан Фазылханов, қатардағы Ерасыл Айтбай және санитарлық аға нұсқаушы ефрейтор Абылайхан Ақпанбетовтер ақсақалдың алғысын алды.
– Өзім Мырзакенттің тұрғынымын. Көп жылдан бері осында тұрамын. Аздап сырқаттанып қалатыным бар еді. Бұл жолы тіптен нашар халге түстім. Ауылымызды су басып, мүлкіміз су атында қалған еді. Мал-жай барлығы жоғалды. Осыны ойлап уайымдағаным соншалық, қан қысымым көтеріліп кетіпті. Қуанышыма орай, ұландық жауынгерлер қасымнан табылды. Әйтпесе осында отырар-отырмасым екіталай еді. Дүние байлығы емес, адам өмірі, ел ынтымағы маңызды екен. Сарбаздар маған осыны ұғындырды. Оларға алғысым шексіз, – дейді ауыл ақсақалы Эдуард Ким.
Бұл тұрғыдан келгенде 28237 әскери бөлімінің жауынгерлері де қалыс қалған жоқ. 1-ші құтқару батальоны командирінің техника және материалдық қамтамасыз ету бойынша орынбасары майор Бауыржан Жұмабеков және 2-ші құтқару ротасының бөлімше командирі қатардағы Бағлан Нұри Жеңіс ауылының қасынан түтіндеген көлікті байқайды. Шетелдік көлік иесі тас жолмен келе жатқанда ойпатты жерге көліктің асты ұрылып, машинасы тоқтап қалған екен. Тез арада көліктен түтін шығады. Осы сәтте ұландық әскери қызметшілер келіп, көліктің өртін сөндіреді. Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Абзал Елқондының айтуынша, көлікті жалын әп-сәтте шарпыған. Оны уақтылы тоқтатпаса, көлік шырпыдай жанып кетеді екен. Оның үстіне, аталған көлік газ қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Жарылысқа жол берілсе, оның салдарын алысқа бармай-ақ бағамдауға болар еді.
Міне, байқап тұрсақ Ұлттық ұлан әскери қызметкерлерінің қызметі қарымды, рухы өр, жанарлары жалынды. Тек, Отанға деген риясыз сүйіспеншілік пен әскери антқа деген шексіз адалдық елімізді сан түрлі қатерлерден алып шығып, биік межелерге жеткізеді. Еліміз осындай қиын-қыстау, қысылтаяң кезеңде тұрғанда жүрегінде түгі, қолында қуаты бар ұландықтардың уақытылы көмегі елді өлара сәттен жарыққа алып шығатынына сенімдіміз.
Дарын СЕЙІТОВ,
капитан