Руханият • 14 Мамыр, 2020

110 жастағы Аманбала әже

718 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адал еңбектің арда­герлері әлі де арамыз­да бар. Ел жаппай тағдыр тауқыметін тарт­қан кезеңде тылда ең­бек етіп, табандылық та­нытқан қайсар жандарды құрметтеуге әбден лайық. Ер-азаматтар май­данға кетіп, ауылда қа­риялар мен бала-шаға ғана қалған уақытта ауыр жүктің бәрі де әйелдердің нәзік иығына түсті. Олар ерлерге тән мінезбен ауытрпалықтың бәрін көтере білді. Сондай жанның бірі – бүгінде 110 жасқа жетіп отырған Аманбала Аманжолова.

110 жастағы Аманбала әже

Аманбала әже Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылының тұрғыны. Ғасырдан астам өмір сүрген кейуана тірлікте талай қиындықты көрсе де, мойымаған жан. Талай жыл тылда еңбек етеді. Совхозда сақманшы болып, қой қырқып, мал шаруашылығына араласады. Соғыс жылдары соқа айдап, бидай орып, шөп шауып, бейнетті тірлік кешеді. Сол бір қиын күндерді тебіреніспен еске алған Аманбала әже енді со­ғыстың болмауын ті­лейді. Бүгінгі жастарға еңбек ету­ді, адал мал табуды өсиет етеді. «Құдайдың берген бақыты – жүз оныншы көктемімді қарсы алып отырмын. Осы күніме шүкір. Адам баласының басты арманы – ұрпақ өсіру ғой. Ата-аналық па­ры­зымызды адал атқардық деп ойлаймын», дейді кейуана.

Аманбала әже 1910 жылы қаң­тар айында Сарыарқа жерінде дүниеге келіпті. Сонау қиын-қыс­тау жылдары Арқадан Әу­лиеата жеріне қарай ағылған халық­тың арасында қаршадай қыз Аман­бала да болады. Со­дан көп­пен бірге бүгінгі Сарысу ауданының аумағына тұрақтайды. 1928 жылы осы ауданның құрылуына атсалысады. «Тарихымыздағы сол бір қаралы күндерді дұшпаныма да тілемеймін. Аштықтан бұ­ра­тылған ел не көрмеді? Жол бо­йы талай адам аштықтан көз жұм­ды. Бәрін көзіміз көрді», дей­­ді Аманбала әже. Тағдырдың жа­зуымен 1926 жылы Балтабай Аман­жолов екеуі шаңырақ кө­тереді. Жаңадан отау құрған жас жұбайлар сол кезеңдегі ашар­шы­лық, қызыл қырғын, соғыс сияқты ауыртпалықтарды бірге көріп, бастан өткереді. Жолдасы майданға аттанады. Тағдыр сал­ған ауыртпалықтың бәрін сабыр­мен жеңіп, еңбекпен есейген ар­дақ­ты әже 11 баланы дүниеге әке­­ліпті. Бүгінде жарық дүниеде қал­ған 5 баласынан өрген немере, шөберелерінің амандығын ті­леп отырған өнегелі жан. Аман­бала Аманжоловаға тылдағы, сов­хоз­дағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Сарысу ауданының Құрметті аза­маты атағы берілген екен. Тағ­дырға да, елге де риза кейуана тә­уел­сіздіктің мәңгілік болуын, жас­­тар­дың амандығын тілейді.

 

Жамбыл облысы