Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

COVID-19: АИТВ жұқтырғандардың денсаулығы басты назарда тұр

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзі ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күнін атап өтеді. Қазіргі жағдайда, бұл тек ЖИТС індеті алып кеткен адамдар туралы еске алу күні ғана емес, сонымен қатар COVID-19 пандемиясынан сабақ алу күні болып отыр.

COVID-19: АИТВ жұқтырғандардың денсаулығы басты назарда тұр

– Төтенше жағдай мен карантин енгізілген кезде Орталыққа  жұмыс форматын жедел қайта құруға тура келді. Біздің барлық күш-жігеріміз тұрғындар мен пациенттер үшін көрсетілетін қызметтерді барынша сақтауға бағытталды. АИТВ-аухалды адамдардың өмірі мен денсаулығы – біздің басты назарымызда, – дейді Алматы қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Марат Төкеев.

Баршамыз үшін қиын күндерде орталық мамандары күн сайын пациенттерге қажетті антиретровирустық (АРВ) препараттардың іркілуіне жол бермеді. COVID-19 алдын алу мақсатында оларды жеткілікті мөлшерде  қолдарына берді. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың бір бөлігі Алматы облысында қалып қойғаны белгілі болғанда, дәрігерлер дәрі-дәрмектерді қала шекарасына дейін жеткізуді ұйымдастырды. Сонымен қатар пациенттерге жеке қорғану құралдары – маскалар, қолғаптар, санитайзерлер берілді. Жағдайдың күрделілігі анағұрлым өнімді нәтижеге жеткізді – бұдан бұрын АРВ-терапиямен емдеу пайдасын жоққа шығарған АИТВ-позитивті адамдар оны қабылдауға шешім қабылдады.

ЖИТС орталығының дәрігерлеріне Алматы қаласы әкімдігінің және қоғамдық денсаулық басқармасының мамандары үлкен қолдау көрсетті.

ТЖ кезінде дәрігерлер «Реванш» өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды кешенді қолдау орталығына көмек көрсетті. Орталық клиенттерінің арасында – бұрын қамауда болғандар, есірткіге тәуелді адамдар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар бар. Дәрігерлер мен медбикелер өз еркімен жинаған ақшаларына  алғашқы кезде қажет болатын заттарды сатып алып орталыққа әкелді: коронавирустан қорғайтын санитарлық құралдар мен азық-түлік: қант, өсімдік майы, жармалар алып келді. Медициналық қызмет көрсетумен де көмектесті.

Бүгінде  Алматы қалалық ЖИТС орталығында диспансерлік есепте 3500 пациент тұрады. Антиретровирусқа қарсы терапияға қолжетімділікті кеңейтудің арқасында АИТВ және ЖИТС-пен өмір сүретін адамдар арасында өлім-жітімнің төмендеу үрдісі байқалады. Бұл оларға толыққанды өмір сүруге, жұмыс істеуге және қоғамдық қызметпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді.

Айтқандай, алғаш рет дүниежүзілік ЖИТС-тан қайтыс болғандарды  еске алу күні (World Remembrance Day of ITS Victims) 1983 жылы американың Сан-Франциско қаласында атап өтілді.

 

АЛМАТЫ