Жоғарғы палата ұсынған өзгертулер ішінде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қолдайтын, митингілер ұйымдастыру тәртібін жеңілдететін нормалар бар. Ең алдымен, сенаторлар жиын өтетін арнайы орындардың санын жүйелендіруді ұсынды. Олар арнайы орындар саны әр ауданда үшеуден кем болмауы керек деген ұстанымдарын білдірді. Осылайша, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында митинг өткізуге арналған жерлер 12-ден кем болмаса, Алматы қаласында 24 алаң болмақ.
Екіншіден, митинг ұйымдастырушылардың міндеттерін қайта қарауды ұсынды. Олардың айтуынша, жауаптылардың міндеттері жобада қарастырылған 13 бөлімнен 10-ға дейін қысқартылуы керек. Әсіресе жиынға қатысушылардың беттерін бүркемелеу мүмкіндігін шектеуді алып тастауды талап етіп отыр. Керісінше бүгінгідей карантин жағдайын ескере отыра, ұйымдастырушылар мен митингке қатысушыларға жеке басының сақтығы мақсатында маскалар сияқты санитарлық құралдарға рұқсат беру керек дейді.
Жалпы, «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қоғамдық талқылау мен келісімнен өтті. Заң концепциясының таныстырылымы мақсатында республиканың аймақтарында қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылды. Мәжілістің жұмыс тобына қоғам қайраткерлері атсалысып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де бой көрсетті. Заң жобасы халықаралық ұйымдар тарапынан жақсы бағаланды. Әсіресе Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо жобаның жасалу процесі мейлінше дискуссияға ашық болғанын айтып, оң көзқарас танытты.
Жанар ТӨЛЕНДИНОВА,
саясаттанушы