Ел ішіндегі қоғамдық талқылаулар барысында, халықаралық ұйымдар тарапынан түскен ұсыныстарды ескеріп, заң жобасының кей нормасын әлі де пысықтау керек екенін байқадық. Осы бағытта Парламенттің жоғарғы палатасы белсенді жұмыстар атқарды.
Заң жобасының ерекшелігінің бірі – бейбіт жиындарға арналған арнайы орындардың нақты саны қаланың әрбір ауданында, қаланың орталық бөлігінде үштен кем болмауы керек деп белгіленуі. Осылайша бейбіт шерулерге рұқсат етілген арнайы орындар саны Нұр-Сұлтанда 12-ден, ірі мегаполис Алматыда 24-тен кем болмайды.
Бұл бейбіт жиналыстар өткізу жөніндегі конституциялық құқықты қамтамасыз етеді, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға септеседі. Яғни азаматтардың көтерген мәселесіне байланысты конструктивті шешімдер қабылдауға септігін тигізеді.
Сонымен қатар ұйымдастырушы міндетінің тізбесін 10-ға дейін қысқарту да маңызды тармақ. Бейбіт жиналыстарға қатысушылардың өз бет-әлпетін жасырмауын, оның ішінде адамды тануға кедергі келтіретін киімді, өзге де құралдарды пайдаланбауын талап ету міндетін толық алып тастау ұсынылды. Өйткені қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі ішкі істер органдарының құзыретіне жатады.
Германияда митинг ұйымдастырушысы заңды тұлға рөлінде тәртіптің қамтамасыз етілуіне, регламенттің сақталуына, жанжалға жол бермеуге жауап береді. Осы міндеттерді ұйымдастырушы өз бетінше шешеді. Алайда құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі қажет, сондай-ақ азаматтардың шеру өткізу құқығын қорғауы тиіс.
Нидерландтың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс осы заң жобасына қатысты өз пікірімен бөлісті. «Митингілерге байланысты мәселелер әмбебап. Барлық мемлекет осы жолды жүріп өтті. Басқа мемлекеттер тәжірибесінен сабақ алып, қандай мәселелер туғанын, қандай қателіктер жіберілгенін ескеруге мүмкіндік бар. Бұл процесс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Қазақстан жақсы заң жобасын жасайтынына сенімдімін», деп ағынан жарылды.
Қорыта айтқанда, жалпы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы заң жобасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылуын, құжаттың либералдана түскенін, осы саладағы әлемдік тәжірибенің жағымды тұстары ескерілгенін көрсетеді.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы