Тарих • 15 Мамыр, 2020

Қазақ даласында әскери бекіністердің пайда болуы

16602 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Патшалық Ресей осылай күллі Ібір-Сібірді жаулап, мұхит аймағымен шектесіп, Охотск гаванының іргесін қалаған соң, қазақ даласына мойын бұрды. 1708 жылы Қазақияның солтүстік өңірін жаулап алу мақсатында Сібір губерниясы құрылды. Орталығы Тобыл қаласы болды. 1713 жылы – Сібір губернаторы, князь Гагарин император Петр Біріншіге Ертістің бойын өрлете бекіністер салу туралы ұсыныс жасады.

Қазақ даласында әскери бекіністердің пайда болуы

Жоғарыдағы ұсынысты патша құп көріп, қыруар қаржы бөлді. Нәтижесінде, 1714 жылы Сібір бекініс белдеуін, 1717 жылы Омбы, Железиинск, Ямышев, 1718 жылы Семей бекінісі тұрғызылды. 1720 жылдары генерал-майор Лихаров Өскемен бекінісін тұрғызды. Осындағы Ертіс бойын жағалай салынған бекіністер негізінде Орынбор белдеуі құрылды. 1731 жылы Ресейге бағынған Кіші жүз қазақтарының жерін осындағы Орынбор белдеуіне тапсырады.

1735 жылы Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасына жаңа бекініс салынды. Өз жеріне дендей орналасқан бұл бекініске көшпенді қазақтар шабуыл жасай берген соң, 1739 жылы Ордың төменгі ағысын бойлата 180 шақырым жерге жаңадан тағы бір бекініс тұрғызып, оны «Орск» (қазіргі Орск қаласы) деп атады. Қазақтар оны «Жаман қала» деп атады. 1742 жылы Красногор шатқалынан 70 шақырым жерде тағы бір бекіністің іргесі қаланды. 1744 жылы «Оренбург» (қазақша Орынбор)  бекінісі салынып, қазақтар еріксіз Ойыл ойпатына қарай ығысуға мәжбүр болды.  1745 жылы Петропавл бекінісі салынды.

Қазақ жеріне алғашқы бекіністерін салып дәндеген Ресей патшасы Қазақияның солтүстік территориясын толық отарлау үшін «Қасірет белдеуі» (Горькая линия) атты тағы бір үлкен жоспарды қолға алды. Бұл жоспар бойынша: 1732-1757 жылдар аралығында Оралдың жоғары сағасынан бастап, қазіргі Қазақия жерінің солтүстік өңірін көктей шолып, әрі қарай Омбыны тірек етіп, Ертістің бойын жағалай бекіністер салуды көздеді (Киргиз-кайсаки. «Брокгуаз-Ефрон» 1895. 97-бет).

Патша үкіметі XVIII ғасырдың орта шенінде Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан өңірінде әскери бекіністердің, ескі шептерінің жарақталуын жақсартуға және жаңа шептер салуға кірісті. Осы кезде оң жағалауда Жайық орыс-казактарының күшімен 14 қамал: Переволоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагино, Тополев, Бақсай, Гурьев қамалдары салынды.

Қазақ даласына орыстар бекінісі салынуымен қатар, қазақтардың ішкі ісіне араласуға кірісті. Қазақтар орыс ұлықтарына өз басшылары үстінен шағым айтып келе бастады. Орыстар қазақтардың шағымын қабылдап, оң шешу арқылы «орыс ұлықтары әділ» дейтін отарлау идеологиясының   жымысқы бағытын сіңірді. Мысалы, Өскемен бекінісі салынған тұста орыс шенеуніктері ел ішіне өтіп, жиын жасап тұрды. Осындай үшінші рет өткен жиында жәбір көргендердің ақысын әперді, көнбеген біраз елге күш көрсетті (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». – Алматы, «Қазақстан». 1992.151-б).