Медицина • 16 Мамыр, 2020

Қазақстанда зертханалардың қызметкерлеріне төлем жасау ережелері өзгертіледі

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында зертхана қызметкерлеріне төлем жасау ережелеріне өзгерістер енгізу керек екенін хабарлады.

Қазақстанда зертханалардың қызметкерлеріне төлем жасау ережелері өзгертіледі

«Бүгін елорданың Ұлттық сараптама орталығының аймақтық вирусологиялық зертханасында болдым. Бұл тәулік бойы жұмыс істеп, коронавирус инфекциясына сынамалар алып жүрген тәжірибелі вирусологтар, зертханашылар мен мамандар. Бұл — тәулік бойы жедел жәрдемдегі, қала емханаларындағы пациенттер мен вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдардан, медицина қызметкерлері мен әскери бөлім мамандарынан алынған сынамаларды ПТР-тестілеуге әкелетін орын.

Ұжыммен кездесіп, үстеме ақы мәселесін талқыладық. Зертхана қызметкерлеріне ақы төлеу ережелеріне өзгерістер енгізу керек деп шештік, өйткені олар вирусты жұқтыруы ықтимал пациенттермен және олардың биологиялық сынамаларымен үнемі тікелей жұмыс істейді», — деп жазды Елжан Біртанов.

Сонымен қатар министр COVID-19 індеті басталған кезде әріптестері 600 тест алғанын, қазіргі таңда тәулігіне шамамен 2000-ды құрайтынын атап өтті.

«Барлық мәліметтер зертханалық ақпарат жүйесіне (ЗАЖ) енгізіледі. Індетті басқаруды автоматтандыру үшін зертханалық ақпарат жүйесін ауруханалар мен емханалардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді министр.

Хабарлама соңында денсаулық сақтау министрі барлық әріптестеріне кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты!