Аймақтар • 17 Мамыр, 2020

Павлодар қаласында «жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 39 жоба жүзеге асырылады

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бағдарлама аясында қаладағы №39 мектепте жөндеу жұмыстары басталып, жұмыссыз болған 16 адам уақытша жұмыспен қамтылды, деп хабарлады pavlodarnews.kz тілшісі.


Павлодар қаласында «жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 39 жоба жүзеге асырылады

Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов «жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 5 мың адамды жұыспен қамту жоспарланғанын атап өтті.

-Бағдарлама аясында біздің әкімдікке қарасты 39 жоба жүзеге асырылады, - деді Қайрат Нүкенов.

–Бұл жобаларға 10 миллиард теңге бөлінген. 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Ең ірі жоба – Жетекші ауылындағы мектептің жұмысына 300 адам тартылады. Мойылды мектебінің жұмысында 100 орын бар. Сондай-ақ балабақшалар жөнделіп, жолдарға асфальт төселеді. Бағдарлама аясында жұмыспен қамту орталығындағы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жұмыспен қамтылады. Жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Қала әкімінің айтуынша, «жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыс жасайтындардың орташа жалақысы 80-150 мың теңге аралығында болады. Сонымен қатар, Қайрат Нүкенов биыл қалада 101 ойын алаңы орнатылып, 101 аулада көлік тұрақтары кеңейтіліп, 101 аула жарықтандырылатынын айтты.

-Қаламызда 1380 көпқабатты үй, 600 аула бар. Биыл 101 ауланы жарықтандырсақ, жалпы жарықтандыру мәселесі шешіліп қалуы тиіс. Жарықтандырылмаған 10 пайыз аула қалуы мүмкін, - деді шаһар басшысы. Аталған жобалардың бірі облыс орталығындағы №39 мектептің жөндеу жұмыстары. Оған 146 млн теңге бөлінген. Жөндеуді жүзеге асыратын негізгі мердігер «Вершина» компаниясы болса, қосалқы мердігер – «Коммунтранс LTD» ЖШС.

-Бағдарлама аясында жұмыссыз болған 16 адамды жұмыспен қамтыдық, - деді «Коммунтранс LTD» ЖШС директоры Арман Ағыбаев.

–Олардың көбі жастар. Жалақылары 85 мың теңгеден кем болмайды. Мамандықтарына қарай төленеді. Бұл мектептің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Ондағы құрылыс ғимараттарының аумағы 3909 шаршы метр. Осы 3909 шаршы метр аумақта күрделі жөндеу жасалады.

Оның ішінде атап өтетін бассейн бар. Бассейн толық жөндеуден өтеді. Оның шомылу аумағы 190 шаршы метр. Оған қоса, мектептің төбесі, қасбеті, қос спорт залы сияқты ғимаратты толықтай жөндеуден өткіземіз.