Қоғам • 27 Қыркүйек, 2013

Намыс

730 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

C  Documents and Settings USERS Мои документы img019Табиғаттың төл перзенті – адам – оп-оңай ашыла қоймас тылсым жұмбақ. Ал сол адамның «Бір күн бақ, бір күн тақ, бір күн атақ!» деп кеудесін пайдакүнемдіктің алабас құрты кеміріп бара жатқан пендесінің емес, «Ай ортақ, Күн ортақ, асыл ортақ!» деп елінің тұлғасына айналған азаматының таза бейнесі – нағыз құпия. Сол құпияның кілтін тауып, тылсым қақпасын ашып, көкірегінің қойнауына енсеңіз, онда сол құпия тұлғаның жан дүниесінің сыры мен шыны ақтарылып, ішкі рухани қазынасының мол байлығы ерік-ырқыңды түгелдей баурап алады. Сондай бір адам-тұлғаның, азамат-тұтқаның өзгені өзіне үнемі тартып тұратын, өзіне үнемі ынтықтырып тұратын құдіретінің төркіні – сыртқы сыпайылығына, ішкі тазалығына сәйкес ой-сойының тереңдігінде, ақыл-парасатының биіктігінде, пайым-зердесінің молдығында екенін алғаш көргенімде-ақ байқағанымды несіне жасырайын.

C  Documents and Settings USERS Мои документы img019Табиғаттың төл перзенті – адам – оп-оңай ашыла қоймас тылсым жұмбақ. Ал сол адамның «Бір күн бақ, бір күн тақ, бір күн атақ!» деп кеудесін пайдакүнемдіктің алабас құрты кеміріп бара жатқан пендесінің емес, «Ай ортақ, Күн ортақ, асыл ортақ!» деп елінің тұлғасына айналған азаматының таза бейнесі – нағыз құпия. Сол құпияның кілтін тауып, тылсым қақпасын ашып, көкірегінің қойнауына енсеңіз, онда сол құпия тұлғаның жан дүниесінің сыры мен шыны ақтарылып, ішкі рухани қазынасының мол байлығы ерік-ырқыңды түгелдей баурап алады. Сондай бір адам-тұлғаның, азамат-тұтқаның өзгені өзіне үнемі тартып тұратын, өзіне үнемі ынтықтырып тұратын құдіретінің төркіні – сыртқы сыпайылығына, ішкі тазалығына сәйкес ой-сойының тереңдігінде, ақыл-парасатының биіктігінде, пайым-зердесінің молдығында екенін алғаш көргенімде-ақ байқағанымды несіне жасырайын.

Мүсілім ағамен кездесуіміз жиіледі. Әңгіме-кеңесіміздің төңірегі кеңейді. Көбінесе құлақ менде, пікір-пайым ағада. Көсіліп сөйлеп, есіліп кеткенде тіл шешіледі, діл ашылады. Кеудеден өкініш атылмағанымен, көздегі көлеңке көлбеңдеп орала береді.

«Опасыздықты көп көрдім. Опырыла құламасам да, жапырыла сынбадым. Ағып жатқан судай жүрдек ғұмырдың сұмырайларының тасадан ұрған соққысынан сынып қала берсек, мына жалған дүниені жалғандық пен һарамдық әбден билеп ала жөнелмей ме. Сынбағаным сондықтан. Өйткені, мен мақтанның құлы емес мақсаттың ұлы болған талай қазағыма сенгем-ді. Сол сенімім – әлі де сенім».

Сәл күрсінді. Күңгірт жанар­дың әлденені не әлдекімді тауып алғандай кенет жарқ етіп, бір нүктеге қалт қадалғанын байқап қалдым. Бүгінінен өткенін таба алмады ма, әлде кешегіден қазіргісін таныды ма, үнсіздігі ұзарып бара жатты. Тамағымды кенеп, дыбыс бердім. Состиып қарап қалып, сөзін жалғап әкетті.

– Ойламаған жерден алды-артымнан қамалаған тосқауылдың тос­пасына тап болдым. 1983 жылғы 10 маусым күні Алматы облыстық КГБ-ның екі қызметкері тапа-тал түсте үйіме келіп, жұлқылай сүйретіп алды да кетті. Содан Сей­фул­лин даңғылы бойындағы атақты №7 «Өлім жазасына кесілгендердің» камерасына жапты да тастады. Қор­лық пен зорлықтың неше түрін көр­дім. Еңсемді езіп, сағымды сын­дырмақ үшін камерама бұзақы-баскесердің талайын тоғытты. Біреуіне де есемді жібермей, жақ­сылап «сыбағаларын» бердім. Бірақ аяқ-қолымды ғана емес, ой-бойымды шырмап тастаған шырғалаң босатпады. Антын бұзып, арын саудалағандардың маған таққан 22 түрлі айыбының 19-ы жала болып шыққанын кімге айта берермін. Әулекіленген жыртқыш жендеттерімнің әрекетіне иілсем де сынбадым. Өз кеудеме үңіліп, өз жанымның ақиқатын тыңдадым. Тырбанбағанды тәлкек етер тағдырға көнгім келмеді. Тыпырлап тұяқ серіппей, өтірік жалаға тұншығып, бейжай өлгім келмеді. Өйткені, адамнан тілемей, Алладан ғана тілеу барын сол кездерде ұғындым. Өзгеден қаламай, өзіңнен ғана сұрау барын бүгінде анық білемін. Өзгеден қалаймын деп жүріп, ескерусіз қалар есіл өміріңді кесірлінің қолындағы темір тізгінге кигізіп бергеніңді білмей қаласың. Ал өзіңнен сұрау – жылап тусаң да, кейімей өлудің арпалысы. Соны білдім де, Кеңес Одағының барлық абақтысын шарлап шықсам да мойымадым. Олар – КСРО КГБ-сының әйгілі Лефортовы, «Матросская тишина» мен «Бутыркасы». Құсмұрын мен Павлодар, Мордовиядағы – Потьма, Яваса, Леплей және Самара түрмелері.

Өксітке н өкпесін сипар алақан таппаған кезеңінің қойнауына сүңгіп кетті ме, алқынып кетті. Күрең жүзі құбылып барып түзелді. «Таба білгеннің бәрін тани білдім деу де дұрыс емес. Мысал үшін бір дос таптың дейік. Сол досыңның ішек қырындысына дейін ақтарып тани алдың ба? Бүгін өзіңмен ауыз жаласқан сол досың ертең сенен де гөрі құдіретті, қызметі де жоғарырақ біреумен әмпей-жәмпей бола қалса, сенің сырыңды, шыныңды әлгіге түгел ақтарып салмасына, ол ол ма, өтірік кінә тағып сатып кетпесіне көзің жете ме?.. Дос тұтқан адамыңды таба білу мен тани білудің арасы жер мен көктей. Қорлық пен зорлықтың дәмін татуыма сондай бір «досымның» себепкер болғанын бүгінде жұрттың бәрі біледі. Әлгі шіркін қазақтың қызғаншақтық дейтін қасіретімен уланған ғой. Жолдас-жо­раларымның арасында беделімнің өсіп бара жатқанын мүлде көре алмады. Сол себепті де жала жауып, көзімді құртпақ болды. Оның үстіне түпкі мақсаты – халқымның зиялы азаматтарын Мәскеуге жаппай жамандап, ұпай жинау. Ол осы жолда қазақ жастарын қырып жіберуден де тайынбайтын. Шет жағасын 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен көрдіңдер...

Мүсекең кідіріп, терезеден сыртқа үңілді. Егелген азудың сы­қыры еміс-еміс естілді. Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда жастармен бірге болған менің көз алдыма жап-жас уыздай ұл-қыздарымның кенет ересек тартқан қаһарлы, сұсты келбеттері келе берді...

Кеудесіндегі жауабын тапқызбас сұрақ еріксіз басын шайқалтты. Жаны ауырған жанға аяушылық таныта алмай үнсіз тымырайып отырмын. Өзегі өртенгенге өзегінен су құяр елгезектіктен ажырап қал­дық па әлде. Кенет Мүсекең том­сарған жүзін күрт жұмсартып, жылу жүгіртті. Жанарында жылт тірілді.

– Әр заманның жер басып жүр­ген азаматының әлдебір жақ­сы­лығы­ның әр түйірінің ұрғашының арқасында өсіп-өрбитінін ескере бермейміз. Көңілдегісін көз жа­сы­мен-ақ ақтара салатын әйел­дің құдіреті – оның нәзік сезім­тал­дығында, биязы мінезінде, төзімді ерік-жігерінде. Кей жағдайларда бірнеше еркектің байқай алмайтынын бір арудың оп-оңай сезе қоятын көрегендігіне қалай таңданбассың. Рухани һәм адами қабілетіңе үнемі қолдау көрсетіп, қайрат-қажырыңды еселеп, өмірің мен көңіліңнің уанышы мен жұбанышына айналған әйел-аруды сүюден һәм құрметтеуден артық не бар? – деп ағам бетіме сүзіле қарады. Мен, әрине, «келісемінді» бас изеп білдірдім. – Мен – бақытты жанмын, бауырым. «Жылағаныңды айтпа, күлгеніңді айт», дейтін алашпыз. Әй, бірақ... күлетін кезде күлкіңді осылтар озбырлық көбейсе, қайтерсің. Кіжінумен өкпеңді өшпенділікке толтырасың ба?.. Озбырлықты өзегіңе өнеге тұтқызбауға тырысасың ба? Ал, мен... Күлмесем де, жыламағам. Өйткені, небір сұрапыл қиын кезеңде ең бірінші болып қасымнан табылып, әрі қолдаушым, әрі демеушім болған жан жарым – Нэля. Мені қай абақтыға жіберсе де, артымнан еріп жүрді. Сол ілесуі маған керемет күш-қуат берді. Өткендегі орыс декабристерінің, кешегі Байтұрсынов Ахаң, Жұмабаев Мағжандардың әйел­дерінің ерлігінен кем көрмеймін зайы­бымның жанкештілігін... Жа­рыңның тырс етіп тамған бір тамшы запыран жасынан қара жерді солқ еткізетін қасірет салмағын сезіне алмасаң, тарс жабылған кеудеңнің құлпын аша қояр құдірет тұла бойыңнан табылмас-ау...

Азабы мен тозағына төзе біліп өмір сүру – ізгілік пен зұлымдықтың арпалысының арасынан дұрыстап өте білу ғана. Ал ғұмырың – зұ­лым­дық пен ізгіліктің таласып енер қоржыны. Жамандықты қаладың ба... ол көп күттірмейді. Жүнің жы­ғыл­ды ма – бас салады. Өкпеңді өші­реді. Жүрегіңді алқындырады. Қа­раулық бүркеген көңіліңнің сұм­дығына құрық бойламайды онда.

Ал жақсылықты іздесең, тапсаң – риясыз сезіміңнің мейірбандығы еселеп артады. Жақсылық іздеуіме, табуыма адамға деген таза сені­міме ықпал еткендер атақты «Ка­тюша» қаруын ойлап тапқан генерал-полковник мәскеулік Олег Чембровский, ғалым-дәрігерлер – Мұрат Құспанғалиев, Жақсылық Оразалин, ұлы боксшы Теофил Стивенсон. Космонавтар мен спортшылар, жазушылар, әртістер Һәм журналистер. Осылар адалдық пен әділдіктің арашасындай боп үнемі есімде жүреді. Содан ба игілік сеуіп, ізгілікке ұйыған адам өз тағдырының өлшеп берген мөлшерлі уақытынан әлдеқайда артық өмір сүретініне әлдебір түйсігіммен иланам. Маған осы түйсікті сіңдірген ақкөңіл, адал жүректі ондаған дос­тарым. Өйткені, әр ғұмырдың қызығымен желкілдеткен жеңілі болады. Шыжығымен қиналтқан ауыры да бар. Ауырымен арпалыстым. Же­ңіліне жүгірмедім. Өмірдің дауылына қарыса қарсы тұрып, жеңіп шықтым деп жүрмін»...

Тағы бөгелді. Сондайда ол өз өмі­рінің жанын жадыратқан шуа­ғы мен жүрегін жұлқылаған дауы­лының орта сына қайтадан қамал­ғандай күй кешті ме, біразға дейін үнсіз қалды.

Содан соң маған еңсеріле бұ­рылды.

«Мен кіммін?» деген сұрақты өзіңе қойып көрдің бе, бауырым?».

Сасып қалдым. Жақ жазам деге­нім­ше Мүсекең сөзін жалғас­тырып әкетті. «Ойлантатын сұрақ, ә! Жауап беру үшін өзгелердің өзің туралы айтқан пікірлеріне сүйенесің бе? Әлде өз ішкі түйсігіңе жүгінесің бе? Меніңше, әркім өзін өзі тануы, табуы керек... Мен өзімді бүгінде таптым деп жүрмін.

1989 жылы абақтының алты жылын артқа тастап, босанып шықтым. Алдымен Алматыдағы №5 емханада жай дәрігер болып істедім. Арада көп уақыт өтпей өзім бұрын қызмет істеген №2 тіс дәрігерлік емханасы дәрігерлер ұжымының шақыртуымен сонда бөлім меңгерушісі болып тағай­ындалдым. Серпілдім. Сергідім. Сенім арту күшейді. Соның нәти­жесінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы құрылысы бітпей жатқан тіс емханасына бас дәрігер болып баруыма ұсыныс жасады. Келсем, әлгі мекеменің он екіде бір нұсқасы жоқ. Су, телефон, һәм жарық жүйелері де қосылмаған. Қосқыза қоюға қаржы жоқ. Дос-жолдастарға тілек білдірдім. Қы­сылғанда қол ұшын созған адал жандарға деген алғыс-құрметім кеудемнің төрінен бір түскен емес.

Көңілің орнықса, кеудеңе қанат бітеді. Сол лепірту құлашыңды кеңге создыртады екен. Шетелдермен байланысқа көшіп, Швеция мен Америкадан жаңа аппаратуралар алғыздым. Көп ақша төлемей, әлгі аппараттарды келісімшартпен алдым. Құрал-жабдық жөнінен Германия да көмектесті. Не керек, аз ғана уақыт ішінде емханамыз жап-жақсы болып жабдықталып, емделушілердің ризашылығына бөленді. Мақтанды деме, бүгінде бұл тіс емдеу емханамыз қаладағы ғана емес, республикадағы ең бір әрі үлгілі, әрі таңдаулы емдеу орнына айналды.

Қолындағы билігі өскен сайын өзгеге етер өктемдігін көбей­тетіндерді көп көрдім. Басқаның еркін тұсаған жерде әркімнің де еркіндігінен ажырап қалуы түк емес. Сондайдан алыс болуға тырыстым. Енді міне, бейнеттің зейнеті оралды, құдайға шүкір».

Жүзі жылып қоя берді. Мен де күлімсіреген болдым білем. Алдымдағы ағадан үлкен жүректі адамның тұлғасын тауып отырмын. Ал шынайы адамның құнын асырар жалғыз ғана артықшылығы – оның өңгелерге жасай алатын жақсылығы, көрсете алар жәрдемі ғана. Ал Мүсекең өзінен өзі адам жасаған. Адал әрі қайырымды адамды. Әркім өзін кім болам деп таныса, соған өзін сүйреп жеткізеді. Мүсілім аға да сенімінен айнымай үнемі тазалыққа ұмтылумен келеді. Ал ол басқарып отырған «Шипа – Дент» тіс емдеу емханасы бірнеше дүркін «сапалы қызмет көрсету» номинациясы бойынша «Ең үздік тіс емдеу емханасы» деп танылған. Қазақстан стоматологтар ассоциациясының белсенді мүшесі Мүсілім Дайырбеков «Қазақстан стоматологтары орта­лық клубының» президенті ретінде республикамыздың атынан Германия, Корея, Малайзия, Мек­сика, Канада, Швеция, Син­гапур, т.б. елдерде өткен стома­тологтардың дүниежүзілік кон­грестеріне үнемі атсалысып келеді. Ол ол ма, Мүсілім аға «Мұхамед Хайдар Дулати», «Демеу – Жан» және «Қазақстан стоматологтары орталық клубы» атты үш қоғамдық қордың президенті міндетін қоса атқарып жүр.

Бетіне қызартып ұят жүгірткен жанның жүрекке дақ салғызбас құлықтылығын Мүсілім ағадан таптым ба, кісі ақысымен кісесін тол­тырмаған ұлттық мінезбен қабыс­қандай марқайып отырған қал­пымды ағаның қоңыр даусы бұзып жіберіп, ойымның дәл үстінен түсті.

– Қайырымдылық көрсету жақ­сы­лық жасау – ар-ұятын жоғалт­пағандардың ғана еншісі. Көмек сұрағандарға қол ұшын созудан жаңылған емеспін. Әйтеуір, ниетім түзу. Көзге түсейін, Атымтай жомарт атанайын дейтін өзімшіл тілек­тен аулақпын.

Әркімді шыңға сүйретіп шыға­ратын да, шыңырауға құлдырататын да ар-намысының бар, жоғы ғана. Ұятыңды ұрлатпай, намысыңды кеудеңде ұялатсаң, темір тордың арғы жағынан сығалап тұрғанда да, сенен қайырлы жан болмасын сезгем-ді. Ешбір апат айтып келмейді. Аяқ астынан килі­геді де жатады. Теледидардан жы­лаған баланы, еңіреген ананы көргенде көкірегімнің сыздап қоя беретінін міне, өзіңе ғана айтып отырмын. Табиғат апатынан зардап шеккен зайсандықтарға, Чернобыльдегі апат құрбандарына, қызылағаштықтарға.. қайсыбірін тізе берейін... ең кемінде бір миллион теңгеден жәрдем беріп келем. Есігімнің алдынан тосатын қарттар, жетім-жесірлер, панасыздар жыртылып айырылады десем, артық болмас. Әй... әлі де қоғамымыздың қолтығы кеңи қойған жоқ-ау... Сыймайды ғой байғұстар. Әлде сый­ғыза алмай жүр ме...».

Тағы да өз кеудесіне үңіліп, өз ішкі үніне құлақ түріп қалғандай ой толқынын үзіп жіберді.

Құрметке тоймас, қошеметке жерік шенеуніктер мен ақиланған әкімқаралардан мүлде бөлек аза­маттың кесек келбетіне сүйсіне қарап қаппын. Дүниеге жылап енген адам неге осы күрсініп өледі екен деуші едім. Күрсінтетіндері көп болған соң күйінбей қайтушы еді. Бәрібір қанша күрсінсе де, қадау-қадау бақытты күндерін бағалай білген мына Мүсекеңдей жандар – өмірге шын ғашық жандар. Тамырындағы нәрі жүрегінің ыстық қанын ешқашанда суытпаса керек. Соған кәдімгідей сенемін. Өйткені, спорт десе, әсіресе, бокс десе ішкен асын жерге қоятын Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті болған Мүсілім Дайырбековтің әлемде өткен бокс жекпе-жегінің бәріне қатысып, сол біріншіліктерде қазақ боксшыларының жігерін жанып, талабын ұштап, қайрат-қажырын қайрап ұлттық намысты үнемі ту ғып көтеріп келгені өмірге деген құштарлығының дәлелі емес пе. Оған әрқашанда қазақы намыс – ардақты, ұлттық абырой – қымбат. Сол үшін де оның Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр бабалардың, Сәмен, Өтеген, Райым­бек, Қабанбай батырлардың, Тө­ле, Қазыбек, Әйтеке билердің, До­ма­лақ ана, Бәйдібек ата ескерт­кіш, кесенелерін салуға, қайта жөндеуден өткізуге күш салып, қыруар қаржы-қаражатымен көмек­тесуі – үлкен жүректі, ұлтжанды адамның ғана қолынан келетін тірлік. Қарапайым жанның күн­делікті тіршілігінің әр минуты ерлікке пара-пар еңбек атқарып жатқанына Кашмирдегі Мұхаммед Хайдар Дулатидің қабірінің басына баруы, кітабын шығартуы, Алматыдағы бір көшеге атын бергізуі; сондай-ақ, Энергетический кентіне, Алматыдағы көшеге Өтеген батырдың атын әперу үшін қаншама күш-жігер жұмсауы анық куә.

Өмірін болмыстан қарызға алдым деп түсінетін адам ғана сол ғұмырының бар жақсылығын адамзатқа әділетімен аялап, сый етіп қайтарады. Мүсекеңнің 2012 жылы ғана қандай қайырым-мейірім жасағанын талдап, тізбелемей-ақ, сол қайырымдылық істеріне 30 миллион теңгенің үстінде қаражат бөлгенін айтсақ та жетіп жатар деп ойлаймын. Осы ретте әр адамның қасиеті қандай болса, табатын Құдайының құдіреті де соған лайық боларын сеземін. Мүсекеңнің кеудесіне орнаған Тәңірі адалдық, әділдік, қайырымдылық деп соғып тұратын жүрек қанынан нәр алып жатса керек. Сондықтан да Қадыр ақынша айтсақ: «Ешқашанда бас сауғалап жатпаған. Досы түгіл дұшпанын да сатпаған. Ел алдында ана сүтін ақтаған Мүсілім!» ағаны қалай ардақтасақ та сыяды. Ізгілігіне ел сүйініп те жатыр. Өткен жылы «Жылдың қайырымды адамы» аталымы бойынша «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталыпты. Соған қоса Австриядағы Еуропалық бизнес ассамблеясының Сократ комитеті «Намыс, абырой және ерлік» атты Королева Виктория орденіне лайықты деп тауыпты. Биыл «Қыран» өмірлік тұтынушылар лигасы тарапынан Алматы қаласының «Жыл адамы» деп танылды. Әлбетте, Қазақстан халқының денсаулығын сақтауда сіңірген айрықша еңбегі үшін. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес рейтингінде де Мүсекеңнің бедел-бағасы зор. Осы орайда ол «Қазақстан даңқы» дербес аталымдағы орденін кеудесіне жарқырата тағып отыр.

Мүсекең бері бұрылды. Мен ентелей құлақ түрген кеудемді тос­тым. «Талай өткелектен өттік, бауырым. Мен де, сен де... Басты қырау шалғанмен кеудені күйікке алдырмауға тырысып бағайық. Бітіргенімізді ұлтымызға өткізе алсақ, тындырғанымызды жұр­ты­мызға жеткізе алсақ... басқасы да бола жатар. Тек қана үніміз шарпып, даусымыз естіліп, ізімізді басар ұрпақты тура жолмен әкете алсақ қой...».

Сөйтерміз мүмкін... Бас изедім.

Софы СМАТАЕВ,

жазушы.

Соңғы жаңалықтар