Бұған дейін коронавирусқа қарсы вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының әзірлегені және оның дайындалу барысы жөнінде кеңірек тарқатып жазғанбыз. Аталған отандық өнім Қазақстан аумағында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай нәтижеге қол жеткізген ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады. Министр жолдаған жеделхатта:
«Бұл – қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өз маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді», делінген.
Мінекей, енді Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны әзірлеуші елдердің қатарына қосылды. Демек, институт ғалымдары клиникаға дейінгі сынақ жүргізуді бастайды.
Айта кетейік, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйе мен 30-дан астам биопрепараттарды әзірлеп, өндіріске енгізгенін естеріңізге сала кетейік. Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауы мен жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.